Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында ғылым мен білімнің жаһандық дамуындағы маңызына тоқталып, халықаралық ғылыми ықпалдастықты нығайту қажеттігін айтты. Президенттің айтуынша, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ғылым жетістіктерін адамзаттың игілігіне жарату маңызды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетінін еске салып, соңғы жеті жылда елде ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын жеткізді. Сондай-ақ алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен жауапкершілікті бағалайтын Әділетті Қазақстан құру екенін атап өтті.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы
Осы ретте Президент биылғы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасына тоқталды. Оның айтуынша, алдағы жылдары ел аумағында көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салынады.
Бағдарлама аясында балабақша, мектеп, емхана, спорт кешені, оңалту мекемесі, жастарға арналған шығармашылық орталығы, театр, әуежай, вокзал және жол салу жоспарланып отыр.
«Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ. Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек. Қысқаша айтқанда, бұл – «барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни, кең ауқымды құрылыс». Себебі «Халықтық құрылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады. Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады. Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады», – деді Мемлекет басшысы.
Цифрлық экономика және білім беру жүйесі
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы дамыту, логистика инфрақұрылымын жетілдіру және жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу де алдағы кезеңнің маңызды міндеттері екенін айтты. Бұл бағыттарда жұмысты сапалы атқару үшін кәсіби даярлығы жоғары мамандар мен жаңа кәсіп иелері қажет.
Мемлекет басшысы осыған байланысты жоғары білім беру жүйесі мен ғылым саласына да үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Оның пікірінше, ғылым саласы елде қолға алынған ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек.
«Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады. Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады. Жалпы, ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу – ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер. Бұл жұмыстың бәрін сапалы орындау үшін, ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті, жаңа мамандық иелері қажет болады. Демек «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Сондықтан бүгінгі жиынның өте өзекті екені анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономикалық жетістіктер
Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда Қазақстанда 625 орта және ірі өндіріс орны ашылғанын, 3,6 миллион адамның жұмыспен қамтылғанын айтты. Осы кезеңде 118 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 36 мың шақырым автокөлік жолы және 5 мың шақырым теміржол салынған әрі жөнделген.
Сонымен қатар Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 398 миллиард доллар болатынын атап өтті. 2019 жылдан бері ел экономикасына 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылған.