Су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстанның Су кеңесінің отырысында су саласын кешенді дамыту бойынша жоспарлар қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таяуда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау үшін су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатқанын хабарлады.
Жоспар аясында:
- Жаңа Су кодексін әзірлеу басталды;
- Трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер процесінде Қазақстанның ұстанымын нығайту жоспарлануда;
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерін су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктер әзірленеді, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су қоймаларын салу жұмыстары жанданады, магистральдық және шаруашылықаралық суару каналдарын Бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі дамиды.
Сонымен қатар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын күшейту және оны су ресурстары проблемалары жөніндегі салалық ғылыми орталық ретінде белгілеу, сондай-ақ су саласында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін базалық жоғары оқу орнын айқындау жоспарда бар. Премьер-Министр аталған тәсілдерді қолдап, әр бағытты сапалы пысықтаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов саланы дамытудың жаңа жоспарын әзірлеуді жеделдетуді және оны осы жылдың қараша айында қарауға енгізуді тапсырды.
«Су үнемдеуді ынталандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу, кезең-кезеңмен су қоймаларын реконструкциялап, салу қажет. Міндетті түрде су ресурстарын басқаруды цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты кеңейту маңызды, себебі бұл – осы саладағы тиімділікті арттырудың негізгі әдістерінің бірі», — деді Әлихан Смайылов.
Отырысқа қатысушылар Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бойынша ЕҚДБ-мен бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін қарастырды.