Премьер-Министр индустриялық жобаларды тексерді

Премьер-Министр индустриялық жобаларды тексерді primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Президенттің Жолдауда айтылған жоғары қайта өңдеуді игеру және локализация деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Премьер-министрге биылғы 11 айда Қостанай облысында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2,5 трлн теңгеге жеткені, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 72%-дан асқаны баяндалды. Осы жылы өңірде құны 124,7 млрд теңге болатын 6 индустриялық жоба іске асырылып, 1 301 жұмыс орны ашылды.

Caspian Steel QZ ұсақ сұрыпты илем өндіретін кәсіпорында Олжас Бектенов технологиялық процеспен және компанияның болат дайындамасын шығаруға бағытталған жаңа зауыт салу жөніндегі жоспарымен танысты. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның қуаты жылына 450 мың тоннаны құрайды. Осылайша, биылғы 10 айда 311,4 мың тонна болат илем және 10,9 мың тонна металл сынықтары өндірілді. Зауыт өнімдері ішкі қажеттіліктерді өтеп, сыртқы нарыққа шығарылады. Жыл басынан бері 32 млрд теңгеден астам сомаға 112,6 мың тонна ұсақ сұрыпты илем экспортталды.

Болат дайындамалар өндіретін жаңа кәсіпорынның болжамды қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды. Caspian Group компаниясының директоры Александр Ким жобаға $650 млн инвестиция салу жоспарланғанын айтты. Зауыт пайдалануға берілген кезеңде 600 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, мердігер ұйымдарда тағы 400 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорында жаһандық «жасыл» экономикаға көшу шеңберінде қоршаған ортаға әсерін барынша азайтатын соңғы буындағы электр доғалы пештерді пайдалану жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру шығарылатын түпкілікті өнімдегі отандық қамтуды 99%-ға дейін арттыра отырып, арматуралық илем өндірісін локализациялауға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сонымен қатар өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,3%-ға артады.

Олжас Бектенов инвестициялық жобаның маңыздылығына тоқталып, ірі индустриялық өндірістер төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыру қажеттігін айтты.

«Президент Үкіметке экономикалық өсудің жаңа көздерін табу туралы нақты міндет қойды. Әрбір өңірдің өзіндік күшті жақтары бар және біз облыстың, еліміздің экономикасына және жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстарында нақты өсімге қол жеткізетін әлеуетті барынша ашуға тырысамыз. Біз таңдаған экономикалық патриотизм жолы жаңа отандық зауыттар мен өндірістер түрінде өз жемісін беруде, олар өз кезегінде айналасында тағы бір ШОБ бөлігін дамытуда. Мұның барлығы отандық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға және өнімді жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов қуаты жылына 45 мың тонна жүк көліктеріне арналған шойын құймаларының негізгі өндірушісі – KamLitKZ зауыты базасында қара металлургияның дамуымен танысты. Премьер-министрге негізгі технологиялық процесс автокөлік бөлшектерін өндірудің толық циклін қамтитыны және өнімнің халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келуін қамтамасыз ететіні баяндалды. 2025 жылы қуатты жылына 75 мың өнімге дейін жететін дәлме-дәл штамптаудың озық технологияларын қолданатын екінші зауытты іске қосу жоспарланған.

Бүгінгі таңда Қостанай облысы машина жасау саласы бойынша республикада көш бастап тұр. Премьер-министрге Kia автокөлігін өндіретін зауыт салынып жатқан индустриялық аймақ аумағында өңірдегі автомобиль жасау қарқыны туралы баяндалды. Жобаның жалпы құны $200 млн-ға бағаланып отыр, оның 80%-ға жуығы тікелей шетелдік инвестиция. Кәсіпорынды іске қосу 2025 жылға жоспарланған, бүгінде негізгі өндірістік корпусты салу, іргетасын қалау, сондай-ақ металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары аяқталды. Олжас Бектеновке лак-бояу өндірісін, оның ішінде полимерлі жабындардың барлық түрлерін локализациялаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін өндірісті құру жоспарлар туралы баяндалды, Зауыттың толық жобалық қуаты жылына 70 мың автокөлікті құрайды. Кәсіпорын өнімдері шағын торапты құрастыру әдісін қолдана отырып шығарылады. Өндіріс 68 роботпен жабдықталады. Зауыт іске қосылғанда жоғары ақы төленетін 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Премьер-министр еліміздегі автомобиль шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі «СарыарқаАвтоПром» компаниясының өндірістік қуатын қарап шығып, толық цикл бойынша автокөліктер құрастырудың технологиялық процестері ерекшеліктерімен танысты. Зауыттың бас директоры Сырым Семейбаев 2024 жылы шығарылатын өнім көлемін 90 мың автомобильге жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Өндіріс желісінде JAC, Kia, Chevrolet, Jetour, Hongqi, Skoda сияқты брендтер ұсынылған.

Зауытта физикалық және цифрлық қауіпсіздікті біріктіретін инновациялық платформа саналатын бірегей «Жедел әрекет ету орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың негізгі артықшылығының бірі – жүйенің өзгерістерге бейімделуіне және жаңа аналитикалық тәсілдер енгізуге мүмкіндік беретін оқытылатын жасанды интеллектіні пайдалану. Бұл еліміздегі еңбек өнімділігін арттыруға және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған осындай алғашқы жоба. Сонымен қатар автомобиль зауытында локализацияны тереңдету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Индустриялды аймақта ауданы 30 мың шаршы метр болатын Локализация орталығының құрылысы жүргізілуде.

Кәсіпорында техникалық кадрларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта цехтардың барлығында мамандандырылған өндірістік оқыту учаскелері ұйымдастырылды: биылғы 11 айда 1,2 мыңнан астам маман оқытылды.

Премьер-министр өндірісті кеңейту білікті кадрларды даярлау және индустриялық жобаларды іске асыруға жастарды тарту бойынша қатар жүргізілетін жұмыстармен сүйемелденуге тиіс екеніне тоқталды. Кәсіптік-техникалық білім беру, сондай-ақ WorldSkills Kazakhstan шеберлік чемпионатының алаңы тиімді тетік болып саналады. Олжас Бектенов сонымен қатар кәсіпорындардың тиімділігі мен шығарылатын өнім көлемін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді өндірістік процестерге енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:55

17:52

17:49

17:31

17:19

17:13

17:10

17:05

16:57

16:54

16:52

16:44

16:40

16:38

16:23

16:13

16:02

16:00

15:54

15:40

15:35

15:27

15:25

15:05

15:02