Pantone институты 2026 жылдың басты түсін жариялады. Ол - Cloud Dancer (11-4201), яғни бейтарап ақ реңк. Институт өкілдерінің айтуынша, "Cloud Dancer бізді әдеттен тыс ойлауға, жаңа мүмкіндіктерге ашық болуға үндейді". Ал бұл таңдау расымен өмірімізге әсер ете ме? Мұның мәнін Aqshamnews.kz тілшісі анықтап көрді.
Pantone деген не?
Pantone - АҚШ-та құрылған, түстер жүйесін әзірлеумен және стандарттаумен айналысатын ірі компания. Ол дизайнерлерге, баспа ісі мен брендтерге арналған түстер палитрасын жасап, нарықтағы трендтерді талдайды және болжайды.
Компания 1950-жылдары Нью-Йоркте құрылған. Ал 1960-жылдары Pantone әлемдегі барлық түстерді біріздендірген Pantone Matching System (PMS) жүйесін ойлап тапты. Бұл жүйеде әр түске атау мен нөмір берілген. Соның арқасында дизайнер мен тапсырыс беруші бір-бірін дәл түсіне алады.
Бүгінде Pantone жүйесі интерьер дизайнында, сән индустриясында, полиграфияда кеңінен қолданылады. Тіпті Канада мен Оңтүстік Корея секілді елдер мемлекеттік рәміздердің түстерін таңдауда Pantone кестесіне сүйенеді.
"Жыл түсі" деген не?
Pantone құрамындағы Pantone Color Institute - түстің адам эмоциясына, қоғамға және тұтынушылық сұранысқа әсерін зерттейтін институт. 2000 жылдан бері институт жыл сайын белгілі бір түсті "жылдың басты түсі" деп жариялап келеді.
Бұл - ойдан шығарылған жаңа түс емес, Pantone каталогында бұрыннан бар реңк. Институт сарапшыларының пікірінше, бұл түс кино, сән, дизайн, технология секілді салаларда алдағы жылы ерекше сұранысқа ие болады.
2026 жылдың басты түсі - Cloud Dancer 11-4201, бейтарап ақ реңк.
Pantone институтының сипаттамасына сәйкес, бұл түс:
- тыныштық пен айқындықты білдіреді;
- визуалды тазалық пен кеңістік сезімін тудырады;
- функционалдылық пен эмоцияны үйлестіреді;
- болашаққа ашықтықты, жаңа бастаманы сипаттайды.
Институт өкілдері Cloud Dancer-ді "таза парақпен" салыстырады: болашақ әр адамға тиесілі екенін еске салатын түс.
Жыл түсін қалай таңдайды?
Pantone-да бұл үшін нақты формула жоқ. Институт директоры Леатрис Айзманның айтуынша, бәрі - талдау мен бақылауға негізделген.
Сарапшылар:
- сән апталықтарын (әсіресе Милан, Париж, Лондон);
- көрмелер мен арт-жобаларды;
- кинофильмдердегі визуалды палитраны;
- автокөлік индустриясындағы түстерді;
- мегаполис тұрғындарының киім таңдауын бақылайды.
Айзманның сөзінше, автокөлік өндірушілер түстер трендінде бәрінен алда: "Жаңа көліктің түсін көрген адам дәл сондай реңктегі аяқкиім, ерін далабы немесе интерьер бояуын қалайды".
Жылына екі рет Pantone институтының өкілдері құпия жерде жиналып, талдау жүргізеді. Ал желтоқсан айында келесі жылдың басты түсі ресми түрде жарияланады.
Бұл шынымен әсер ете ме?
Маңыздысы - Pantone трендті ойлап таппайды, тек бар тенденцияны бекітеді. Яғни түс Pantone арқасында емес, өзі танымал болғаны үшін "жыл түсі" атанады.
Дегенмен ресми мәртебе алған соң, бұл түс одан әрі кең таралады. Pantone жыл сайын «жыл түсіндегі» сувенирлер мен гаджеттер шығарады. Сонымен қатар косметика және сән брендтерімен бірлескен коллекциялар ұсынады.
Мысалы:
Sephora бірнеше жыл қатарынан Pantone-пен коллаборация жасаған;
2018 жылғы Ultra Violet түсіне Butter London арнайы лак пен тени шығарған;
Loewe, JCPenney, Room Copenhagen үйге арналған бұйымдар ұсынған.
Ал ірі сән үйлері көбіне керісінше Pantone-ға әсер етеді.
Pantone нұсқасы бойынша жыл түстері (2000–2026)

2026 - Cloud Dancer, 2025 - Mocha Mousse, 2024 - Peach Fuzz, 2023 - Viva Magenta, 2022 - Very Peri, 2021 - Ultimate Grey & Illuminating, 2020 - Classic Blue, 2019 - Living Coral, 2018 - Ultra Violet, 2017 - Greenery, 2016 - Rose Quartz & Serenity, 2015 - Marsala, 2014 - Radiant Orchid, 2013 - Emeral, 2012 - Tangerine Tango, 2011 - Honeysuckle, 2010 - Turquoise, 2009 - Mimosa, 2008 -Blue Iris, 2007 - Chili Pepper, 2006 - Sand Dollar, 2005 - Blue Turquoise, 2004 - Tigerlily, 2003 - Aqua Sky, 2002 - True Red, 2001 - Fuchsia Rose, 2000 - Cerulean
Pantone "жылдың түсін" кездейсоқ таңдамайды. Бұл - қоғамда, мәдениетте және нарықта пісіп-жетілген тренд. Ал Pantone оны ресми түрде бекітіп, әсерін күшейтеді. Нәтижесінде түс трендке айналып, өміріміздің әр саласына еніп кетеді.