Өз тілін  білмеген  жан  Отанына  адал  қызмет ете  алмайды

Өз тілін  білмеген  жан  Отанына  адал   қызмет ете  алмайды Сурет: El.kz

Мемлекет болған  жерде  ұлттық идеологиясыз өмір сүру мүмкін емес. Ал  идеологияның  ұстыны  да,    төресі  де – тіл.  Бүгінде  Қазақстанның ортақ идеясы – көпұлттылық деп танитындар да бар. Біздің  қателігіміз де  осында жатыр.  Ұлттық идеология – бірлік пен татулықтан көрініс   табуы   үшін   керек десек, оған келісуге болады. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады деп жүріп, Қазақстанды мекендейтін этностардың санын 140-қа бірақ жеткізіп  алдық. Одан  біз этностық  жарыста жүлде  алмасымыз  анық. Бұл – ұзақ  жылдар  бойы  жүргізілген солақай саясаттың  ықпалы.

Кеңес  халқын  біртұтас  ұлт етіп  құрудың  басты жоспары СОКП  ОК-де  жасалды. Оның  басты   идеологы  ОК  хатшысы  М.Суслов  болды.  Ол  оған  бар  күшін  жұмсады.  КСРО-ның  бас  идеологы   М.  Сусловтың  айналасында    А.  Микоян, Ф.  Козлов  сияқты   ұлы державалық шовинизмның   сырқатымен   ауырғандар  болды. Олар   Орталық Комитеттің Президиумында неғұрлым ықпалды болды және   КСРО  басшысы  Н. Хрущевтің тікелей кеңесшілері еді. Партияның XXII съезіне материалдар дайындау барысында саясаттың, әсіресе, идеологияның, кадрлардың,   ұлттық  республикаларға  қатысты   барлық қоғамдық қатынастардың  принципті мәселелері бойынша біржақты  шешім қабылданды.  Әсіресе,   М. Сусловтың КСРО-да ұлттар мен олардың тілдерінің біріктірілуі, бір тілді, біртұтас ортақ мәдениеті бар бір ұлт қалыптастыру  туралы Ережесінің партиялық бағдарлама жобасына  ұсынысы  қатты қарсылыққа ұшырады.   Бір  тіл,    ортақ  мәдениет  туралы  төралқа  отырысында   пікірлер  тыңдалып,  оған  қарсылық  білдірілгеннен  соң,  Суслов  ұсынған  жобадан      өз  тұжырымдамасын алып тастады. Оған  алғашқы  болып, Грузия мен  Балтық  жағалауы  елдері  қарсы  шықты. Алайда ол кейінірек  өз  ұсынысын  қайта  көтерді.     Оның  ұсынысын  Н.  Хрущевтің және төралқаның бірқатар мүшелерінің мақұлдауына  тура  келді.  Ұсыныс  бойынша   КСРО-да жаңа тарихи қауымдастық – біртұтас кеңес халқы құрылды. Осыдан соң, КСРО-да  социализм толығымен және түпкілікті жеңді деген жаңа параграфтар  пайда  болып, барлық  идеология осы бағытта   жүргізілді.

Ф.Энгельстің: «Өзінің құл екенін білмейтін құл нағыз  барып тұрған құлдың   өзі» деген сөзі бар. Біздің бір бөлігіміз сондай күйдеміз. Оның себебі, кешегі отарлық   күйімізді, құлдық сананы да мойындағымыз келмейді. Міне, осындай тарихи себептердің салдарынан тәуелсіздіктің қадіріне жетпеу, ұлттың тарихын жоққа шығару, өз ұлтын менсінбеу және жек көру, өзгені пір тұтып, солардың ырқына бейімделу секілді ұстанымдар қалыптасып отыр. Сондықтан  көпұлттымыз  деген  түсінікті  саясатымыздан да,   санамыздан  да,  аластап  тастауымыз  керек.  Әлемнің  көптеген  елдері көп   ұлттылық  саясатынан   қашады.  Мысалы, 400  мыңнан  асатын ұлт  өкілдері  тұратын  Франция,  500  ұлт  өкілдерін  құрайтын  Ұлыбритания халық  билігін  жергілікті  ұлт  өкілдерінің жиыны  арқылы  басқарады.  Олар  халықты  біртұтас француз,  ағылшын  тілдері  арқылы  басқарады.  

Өркениеттік үрдістерден кешеуіл қалған елдердің азаматтық қоғамының қабырғасы да кеш қатаятыны белгілі. Сондықтан болар, ондай елде ұлт түсінігі де азаматтық жерлестік принципімен емес, қандастық принципімен байланысты.  Қазір бүкіл әлем тобырлық мәдениеттің ықпалында тайғанақтап қалып отыр. Телеарналар адамға ой салатын, көркемдік құндылығы жоғары, идеясы мен мазмұны терең фильмнен гөрі арзанқол сериал   арқылы рейтингін   көтереді. Олар осы арқылы  жарнама жинап, ақша табады. Ресей басқа елдерге, халықтарға өзінің трагедиялық тағдыры арқылы сабақ беру үшін өмір сүріп жатыр. Шынында да, татар-моңғол шапқыншылығы 1812 жылғы  және 1941-45 жылдардағы Отан соғыстары, қазан төңкерісі, сталиндік қуғын-сүргін, алып елдің – Кеңес Одағының күйреуі, осының бәрі басқа елдер үшін тарихи сабақ болып қалды.

Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Тәкаппар, қара басының қамын күйттеген   өзімшіл, рухани   тұрғыдан жетілмеген, әлсіз адамнан өз ортасына тиер зияны да аз емес. Бүгінгі жастардың психологиясына Батыс фильмдерінің тигізіп жатқан кері әсері аз еместігі рас. Ал кинотеатр басшылары   адамға   үрей сыйлайтын фильмнің көрермені көп екенін айтады. Жалпы, халық пен «қорқынышты фильмнің» арасын соншалықты жақындатып, байланыстыру қажет пе?

Бұл тобырлық мәдениеттің, электронды әлемнің ықпалы болып отыр. Өкінішке қарай, біздің   қоғамда қатыгез, қанышер адамның бүлдіршінге күш көрсетуі белең алуда. Қатыгездік, мейірімсіздік, нәпсіқұмарлық адам табиғатында бар нәрсе. Бірақ бұрын ол соншалықты жарнамаланып, көрсетілмейтін. Жетпісінші жылдары ауылдық жерде бес-алты үйге бір теледидар   болатын.   Қазір әр үйде екі-үш теледидар мен компьютер бар. Кез келген бұрышта әртүрлі жанрдағы фильм емін-еркін сатылып жатыр. Әлемнің шалғай түкпірінде болған оқиғаны айналасы он-он бес минутта интернеттен біле аласыз. Ал бұрынғы    кеңестік кезеңде американдық фильм тұрмақ, Америка туралы мағлұмат жоқтың қасы болатын. Анда-санда газеттен оның іштей «шіріп жатқандығын» оқитынбыз. Өкінішке қарай, телеарналар    ұлттық   рухты көтеретін, ұлттық құнды дүниелерге қарағанда, адамның басты    инстинктіне сай туындыларды жарнамалап жатыр. Қайтесіз, телеарналар да нарық заңымен өтімді,  өнімді қажет етіп отырған уақыт. Тобырлық мәдениеттің заңдылығымен өмір сүріп отырған қазіргі қоғамда әлемдік    киностудиялар   да соған сай фильм түсіруде. Мысалы, Голливудтың көп өнімі сол инстинкт төңірегінде. Қаншама режиссерлер адамның табиғи инстинктімен «ойнап», қалың бұқараны жаулап, қыруар ақша табуда. Әлеуметтік психология мамандарының зерттеуінше, қорқынышты    фильмді қорқақ адам жиі көреді екен. Ол виртуалды шындықта   фильм кейіпкерінің ерлігін өзі жасағандай сезінетін болар. Сондай ақ, эротикалық фильмге белсіз, әлсіз адам әуес екен дегенді де естиміз. Демек, адам өз бойында жоқ нәрсені виртуалды шындық экран шындығы    арқылы    толықтырғысы   келеді деген сөз.

Ыстамбұлдық профессор, шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қараның пікірінше, бүгінгі  жаһандану заманында шетелдердегі қазақтар Қазақстанға қызмет етуі үшін, мемлекет мұны ұтымды пайдалануы керек. «Өз ана тілін білмеген қазақтан Қазақстанға    келетін пайда жоқ. Атамекенін жақсы білмейтін адамнан да Қазақстанға   еш пайда жоқ. Сондықтан шетелдегі   қазақтарға елмен араласуға мол мүмкіндік жасаған абзал. Мысалы Францияда тұратын қазаққа Отанын аралатып-көрсетіп, оның  туризмімен таныстырса, ол туған жерінің туризмі үшін еңбек етеді. Елін танымаған, тілін білмейтін қазақ өз халқына қызмет ете алмасы анық. Сондықтан диаспора саясатының бір бөлігі Қазақстанды таныстыру бағытында болғаны жөн", - дейді ол. Әбдуақап Қараның пайымдауынша, барша қазақ атамекендегісі бар, шетелдегісі бар Қазақстан тәуелсіздігін сақтап    қалу үшін жанын аямай қызмет етуі керек.  «Әлемдегі бар қазақтың бір ғана мақсаты болуы керек ол Қазақстан  тәуелсіздігін баянды ету», - дейді түркиялық қандасымыз.   

Бұл дегеніміз – тіл бірлігі, тіл бірлігі келсе – идея да, мақсат та бір болады. Қазақстанның келешегі өте зор. Бүгінде  осыған сенбейтіндер де бар. Өйткені олардың басым көпшілігінде  рухани тәуелсіздік жоқ. Әрине, ондай тәуелсіздікке жетуге уақыт қажет. Санасы тәуелді адамдар өз балаларын орыс    мектебіне, ағылшынша оқуға беруде. Өйткені олар өз елінің келешегіне сенбейтіндер. Менің ойымша, біз көп ұзамай тәуелді санадан арылуымыз керек. Әр қазақ өз елімен, оның жеткен жетістіктерімен мақтана білгенде ғана, өз   Отанының нағыз патриоты болады деп ойлаймын!", - дейді Әбдуақап Қара.

Мәдениетті адам өзінің құқығын, еліміздің зандарын да жетік білуге тырысады. Ағат қылықтар, өрескел істер жасауға бармайды. Өзінің қандай істермен айналысуына болатынын, заңға   қайшы келетін әрекеттерден аулақ   жүруді   біледі. Айталық, Жер шарының бір тұсына барғанда, "Бұл – Қазақстан   азаматы" дегенде өзге елдің өкілдері тек қана құрметпен қарайтын-деңгейді сақтап тұруға міндеттіміз. Қалай?..

Бүгінде  біліктілігі жоғары, рухани байлығы мол жастар елдің экономикасын, мәдениетін    өрге  тартатынына  сенім  жоғалған. Ал  өзге  ұлт  өкілдері  болашақ  өз  өмірлерін  сырттан  іздейді.    Себебі,  оларға  мектеп  партасынан  бұл  сенің  туған  Отаның  деген  ұғымды  түсіндіре  алмадық.  Айтсақ,  ол  декларативті  күйде  болды.  Оған  мына  мысалды  айтуға  болады.

УЕФА құрамына өткен кезімізде ұлттық құрамамыз Алматының Орталық стадионында Украина, Әзірбайжан, Түркияның командаларымен кездесулер өткізді. Сонда қазақстандық украиндар, әзірбайжандар мен түріктер сырттан келген қандастарына жақтасып, қазақтардың намысына тиді. Әзірбайжанмен өткен жолдастық кездесудің соңы қақтығысқа ұласа жаздады. Ол біздің  әлсіздігімізден  болды. Көшедегі көліктерден де орыстың, түріктің тіпті ұйғыр мен күрдтің тулары желбіретіп жүретінін байқамау тіпті де мүмкін емес  еді. Осындай жағдайларға қарап біздің ортақ идеологиямыз көпұлттылықты насихаттау деп айта аламыз ба? Американдық футуролог ғалым Самюэль Хантингтонның «Біз кімбіз?» (Who аrе wе?) атты еңбегінде американдық ұлттың болашағына алаңдайды. «Ұлттық идеологиямыз мығым емес, АҚШ-тың оңтүстігі испанша сөйлеп барады» -  деп шырылдайды. Міне  көрдіңіз  бе,  қырық құрау американдықтардың өзі «ұлтым» деп қамығады.

Әлемдік тәжірибені шола отырып, мемлекет құрылысын қалыптастыру үстіндегі Қазақстанға алысты көздейтін, сұңғыла саясатқа негізделген жалпыұлттық жобалар ауадай қажет екендігіне көз жеткіземіз. Тіпті ұлт тарихындағы пассионар тұлғалардың бір өзі бүкіл мемлекеттің, ұлттың мәселесін шешіп бергеніне қалай тәнті болмассыз? Орта ғасырларда әл-Фараби,Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари т.б. дала исламына соны жол салды, мұсылман ренессансын тудырды. Затаевич қазақтың мың әнін жинады, Ахмет Жұбанов Затаевич жиған-терген әндерді операға,    пьесаға айналдырды.

Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтардың өзінің миссиясын сезініп, жауапкершілікті білгендігінен деп айтуға болады. Дегенмен де еліміз индустриялық    бағдарламаны іс жүзіне асыру барысында модернизацияның екінші кезеңіне өту алдында тұр. Осы кезде мәдени-рухани мәселелердің өзектілігі артады. Өйткені «ақылды экономика» қатарына қосылу үшін қоғамның      адами потенциалы өте биік болуы қажет. Ол үшін мәдени-рухани мәселелерді алдыңғы позицияға шығаруымыз керек. Белгілі    футуролог     Фрэнсис Фукуяма    әрбір елдің даму деңгейі сол елдің мәдени-рухани    дамуына сәйкес екендігін дәлелдеп берді. Бізге өзіміздің салт-дәстүрімізді қоғам дамуының   оңтайлы әдіс-тәсіліне айналдыру қажет.

33 жылдай уақыт өтсе де, тіл мәселесі  күн тәртібінен түспей келеді. Тілінің жағдайы мүшкіл қазаққа өзге ұлттарды топтастырудың жауапкершілігі те  қиын. Себебі қазақ ұлтының өзі әр тілде сөйлеп, әртүрлі діни ағымдарға бөлшектеніп кеткені жасырын емес. Сондықтан өзгені біріктіруші күшке айналу  үшін қазақтың өзі топтасып, үлгі көрсетуі  тиіс.  Өзге ұлттарды бір елдің халқы етіп жіберген КСРО-ның тәжірибесін қарайтын болсақ, бұл жерде шешуші фактор тіл болды. Африканың Сенегал, Алжир сияқты елдерінен Францияға қоныс аударғандардың барлығы неге өздерін    французбыз    дейді? Себебі, қоныс аударушылардың барлығы да француз тілін жетік біліп, француз қоғамына еркін сіңісіп кетіп жатыр.   Әр құрлықтан    нәпақа табу үшін мұхит асып жатқандардың барлығы да ағылшын тілін білсе ғана АҚШ-та тұрақтай алады. Кез келген мемлекет өзге ұлт өкілдерін ешуақытта күштеп ассимиляциялай алмайды. Сондықтан сол елдің тілін меңгеру ең маңызды фактор болып қала    береді. Ал бізде   әзірге мемлекет  құраушы ұлттың тіліне сұраныстың  жоқтығы –   біздің бір ортақ  мақсат  жолында бірігуімізге  кедергісін тигізіп отыр.

Әнебір жылы  Қазақстан Парламенті Сенатының  депутаты  Мұрат Бақтиярұлы    депутаттық    сауалында қоғамда орын алып отырған жағымсыз бір фактіні  алға тартты.   Сенатор өз сөзінде: «Әлемнің ең мықты  30 елінің  бастауыш сыныптарында  қанша тіл оқытылатынын зерттеп қарасақ,    екі тіл 1-сыныпта – 4 елде, 2-сыныпта – 5 елде, 4-сыныпта – 12 елде  ғана оқытылса, ал әлемнің бірде-бір елінде  үш тіл  мүлдем оқытылмайды екен... Біз  қазір таусылмайтын, аяғына дейін жетпеген  реформалардың  жетегінде  белгісіз  бағытпен   кетіп барамыз. Осының азабын  10 – 15 жыл өткеннен кейін тартпасақ жарар еді» - деді. Міне,  біздің  қоғамның  айнасы!

Арада жылдар өтті, қазір Әділетті Қазақстан  сол жіберілген олқылықтарды түзеп, сыннан өткен жолдарды қолданып келеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:53

18:39

17:50

17:36

17:32

17:22

17:14

17:07

17:02

17:00

16:55

16:30

16:17

16:16

16:10

15:51

15:20

15:07

14:55

14:31

14:18

13:44

13:25

13:17

13:10