Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен «Сабақты зерттеу арқылы оқу мен оқытуды дамыту» тақырыбында II жыл сайынғы қалалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Lesson Study тәсілін білім беру тәжірибесіне енгізудің өзекті мәселелерін талқылап, педагогтер мен болашақ мұғалімдер үшін тәжірибе алмасуға бағытталды.
Ауқымды конференцияға 300-ден астам қатысушы – жетекші ғалымдар, тәжірибелі ұстаздар, мектеп басшылары және педагогикалық бағыттағы студенттер жиналды.
Lesson Study – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге бағытталған тәсіл. Ол оқыту процесінің сапасын арттырып қана қоймай, мұғалімдердің пәндік білімі мен педагогикалық шеберлігін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Конференцияның негізгі мақсаты – Lesson Study тәжірибесімен бөлісу, қол жеткізілген нәтижелерді саралау және осы тәсілді білім беру ұйымдарында қолданудың болашағын бағамдау.
Іс-шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиев пен Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Ляззат Жылқыбаева білім саласындағы жаңашыл бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Алматы қаласы Наурызбай ауданы «С. Көпбаев атындағы №186 ЖББМ» КММ директоры Гүлжазира Раева және педагог-тренер, USTART негізін қалаушы Ескендір Бестай баяндама жасады.
Кездесу аясында пленарлық отырыстар, пікірталас панельдері және постерлік сессиялар ұйымдастырылды. Бұл алаңда студенттер мен тәжірибелі педагогтер өздерінің Lesson Study жобаларын таныстырып, нақты нәтижелерімен бөлісті.
Конференцияның ресми ашылуында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай «Өз тәжірибесін зерттеу арқылы түбінде әлемді өзгертетін – ұстаз» тақырыбында баяндама жасады:
«Университетімізде үшінші жыл қатарынан студенттер дәстүрлі диплом жұмысының орнына Lesson Study жобаларын ұсынуда. Бұл – олардың зерттеушілік және практикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі конференция аясында студенттер мен Алматы облысының педагогтері өз зерттеу сабақтарының нәтижелерін ортаға салып отыр. Бұл – кәсіби дамудың маңызды қадамы», – деді ректор.
Конференция аясындағы стратегиялық сессия барысында жекеменшік мектептер мен білім беру орталықтарының басшылары да сөз алып, Lesson Study тәсілін өз тәжірибелерінде қалай қолданып жатқанын айтты. «Жаңа ұрпақ мектебі NGS» HR-директоры Ким Ирина Евгеньевна университетпен тығыз әріптестіктің нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтті:
«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен келген студенттер – өз ісінің нағыз мамандары. Біз осы серіктестікті әрі қарай дамытып, болашақ ұстаздарға тәжірибе алаңы болуға дайынбыз».
Конференцияға қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ұсынылған материалдардың кәсіби қызметтерінде пайдалы болатынын ерекше атап өтті. Lesson Study әдісі білім беруді жетілдіруге бағытталған ғылыми-зерттеу мен практиканы біріктіретін маңызды құрал ретінде танылып отыр. Бұл бастама – зерттеуші педагогтер қауымдастығын дамыту жолындағы тағы бір маңызды қадам.