Көк тіреген зәулім ғимараттар мен архитектуралық нысандар өз дәуірінің тыныс-тіршілігін, тарихын үнсіз баяндайтын шежіре секілді. Қала көшелерінде ұлттық нышан мен нақыштың исі аңқып, әр бұрышында төл мәдениетіміздің ізі байқалса, бұл – Елзат МҰҚАШ сияқты кәсіби сәулетші-дизайнерлердің еңбегі. Оның басқалардан ерекшелігі – әрбір жұмысын ұлттық стильмен безендіруінде. Қазақы стильді заманауи сәулетпен үйлестіре жасаған жобаларының арқасында бұл бағыт қазір сұранысқа ие. Біз қазақ архитектурасын жаңаша деңгейге көтеріп жүрген сәулетшімен сұхбаттасып, шығармашылығы мен ұстанымдары туралы әңгімелескен едік.
«Ізденіс жолы қазақилыққа алып келді»
– Елзат аға, сәулет өнеріне ұлттық дүниетанымды енгізуге талпынған санаулы дизайнердің бірісіз. Бұл бағыттағы ізденіс қалай басталды және оған не жетеледі?
– Шынымды айтсам, әуел баста мені бұл салаға қазақи стильді дәріптеу немесе архитектурада ұлттық нақышты қалыптастыру мақсаты емес, кішкентайымнан әрқашан өзгелерді қайталамай, ерекше болғым келетін сезім алып келді. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында сәулетші мамандығында білім алдым. Архитектура мамандығын оқып жүрген кезімде тапсырыстар алып, жұмыс істегім келді. Әсіресе, интерьер дизайнына қызықтым. Бірақ тапсырыс алмас бұрын, әлемде қандай стильдер бар екенін зерттеп алуды жөн көрдім. Ағылшын, қытай, жапон, т.б. әлемдік ұлттық стильдердің шығу тарихын зерттей бастадым. Осы стильдерді көрген кезде өзіміздің төл нақышымызды іздедім. Сөйтсем, өкінішке қарай қазақша стиль интерьер дизайнында да, сәулет өнерінде де әлі қалыптаспаған екен. Өзіме «Неге қазақы стиль жоқ, оны неге дамытпасқа?» деген сұрақ қойып, сол бағытты зерттеуді бастап кеттім.
Қазақша стильді қалыптастыру үшін не істеу керек деген сұрақ туындады. Зерттеулер барысында тарихқа үңіліп, қазақтың мәдениетін, сәулет өнеріндегі ұлттық мәнерді тереңірек зерттедім. Сонда ғана менде ұлттық құндылықты дамыту керек деген патриоттық сезім оянды дер едім. Бір сөзбен айтқанда, сәулет өнері мені қазақилыққа алып келді.

– Дәстүрлі сәулет стилін қалыптастыруда қандай қиындықтарға жиі кездесесіз?
– Қазір қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, алайда осы қарқынның ішінде ұлттық болмысты айқындайтын қазақы стильді сақтап, оны заманауи сәулетпен үйлестіре отырып енгізу – біздің басты міндетіміз. Мәселенің негізгі себебі – сұраныстың жоқтығы. Сұраныс неге жоқ десеңіз, біздің санамызға «қазақша стиль жоқ» деген түсінік сіңіп кеткен. Кейбіреулер архитектурада төл нақышты ауқымды деңгейде қолдану мүмкін емес деп ойлайды. Менің міндетім – осы қағиданы өзгерту. Сондықтан әлеуметтік желіде блог жүргізіп, оқырмандарға қазақы стильді заманауи сәулет пен дизайнға енгізудің мүмкін екенін көрсетуге тырысып жүрмін. Яғни үкіметке барып жобалар ұсынғаннан гөрі, халыққа түсіндіру тиімдірек деп есептеймін. Адамдар түсіне бастаса, архитектураға ұлттық колоритті енгізу мүмкін екеніне көз жеткізсе, сұраныс пайда болады. Ал сұраныс болған жағдайда, мемлекет пен жеке құрылыс компаниялары тарапынан салынатын ғимараттар қазақша кейіпке өзгере бастайды деген сенімдемін.
Қытайдағы «Жібек жолы» деген орталықта тарихтағы Ұлы Жібек жолына қатысы бар халықтардың сәулет стилінде салынған түрлі ғимараттар орналасқан. Парсы, қытай және басқа да халықтардың архитектурасы кеңінен көрсетілген. Ал қазақ стиліне келгенде киіз үй ғана қойылған. Қазақтың сәулет өнері толыққанды, жүйелі түрде жеткізілмеген. Яғни жобалаушы-сәулетші қазақ стилінде ғимарат жасағысы келгенімен, оған қажетті ақпарат пен дайын үлгілерді таба алмаған болуы керек. Сол себепті, ең қарапайым әрі белгілі нұсқа ретінде киіз үйді ғана пайдаланған. Бұл жағдай қазақ архитектурасының әлеуеті толық ашылмай отырғанын көрсетеді. Сондықтан менің мақсатым – қазақ сәулетінің өзіндік ерекшеліктерін зерттеп, оның дизайны мен ережелерін жүйелеп, нақты бағыт ретінде қалыптастыру.

Архитектура – ұлттық идеологияның құралы
– Қазақтың төл нақышы – тілсіз тарих. Бір ғимарат арқылы қандай оқиғаны «сөйлеткіңіз» келеді?
– Қазақтың әрбір элементінің өз мағынасы бар. Ғимарат арқылы мен бір оқиғаны емес, халқымыздың дүниетанымын, тарихын, өмір салтын көрсеткім келеді. Әрбір деталь арқылы ұлттық рухты жеткізу маңызды деп есептеймін.
Өз архитектурасы жоқ ұлт – өз үйінде қонақ сияқты. Біз көбіне Еуропаның талғамына, батыстың стандартына еліктейміз. Сонда өзіміздің төл қолтаңбамыз қайда қалды?! Архитектура – тек қабырға емес, ұлттық иделогияның құралы. Егер ұлттың өзіне тән сәулет өнері болмаса, ол өзін өз жерінде жат сезінеді.

– Алматыдай ірі қалаларда урбанизация тездеп, жаңа ғимараттар көптеп салынуда. Мұндай қарқынды кезеңде ұлттық сәулет стилін дамыту қаншалықты мүмкін?
– Әрине, дәл осындай қарқында қазақы стильді енгізу – қазіргі күннің басты талабы болу керек. Қалаларымыздың келбеті түсініксіз, ұлттық болмыс, өзімізге тән өзіндік ерекшелік көмескіленіп бара жатқандай. Бұл үрдіс жалғаса берсе, болашақта төл мәдениетіміздің сәулеттегі ізі мүлде байқалмай қалуы мүмкін. Оған жол бермеу үшін ұлттық нақышты жаңғыртып, оны заманауи кеңістікпен үйлестіру қажет деп ойлаймын. Оны дамытатын – біз, сәулет саласының мамандары. Уақыт өлтірмей, дәл қазірден бастап нақты қадам жасап, ұлттық сәулеттің негізін қалыптастыруға күш салуымыз керек.
Құнды сәулеттік жәдігер
– Бір сұхбатыңызда шығармашылық адамы үшін ең бастысы – қайталанбайтын дүниелер жасау екенін айтыпсыз. Кез келген қарапайым заттың өзінен тың ой тудыруға болатынын қандай мысалдармен көрсете аласыз? Ерекше идея қалай туады?
– Шығармашылық адамы болғасын маған қайталанбайтын дүниелерді жасау өте маңызды. Әрқашан өзгелерге ұқсамау үшін идея іздеп жүремін. Кез келген дүниеден шабыт алып, тың ой табуға болады. Әсіресе, қазақша стильдің қалыптаспауы біз үшін үлкен сын. Қазақ халқының мәдениеті мен тарихы аса бай. Қарапайым киіз үйдің өзінде сан түрлі элемент пен терең мағына бар. Киіз үй – ең құнды сәулеттік жәдігер. Осыны терең түсінген сәулетші қайталанбас, теңдесі жоқ туындылар жасай алады. Себебі, әр детальдың тарихы мен мәнін білмей, шынайы көркемдік пен рухты жеткізу мүмкін емес.

– Егер сізге толық еркіндік беріліп, белгілі бір ауданның немесе шағын қаланың сәулеттік келбетін жобалау тапсырылса, оны қандай идеяға негіздер едіңіз?
– Егер толық еркіндік берілсе, мен жобаны қазақтың дүниетанымына негіздер едім. Кеңістікте ұлттық философияны, табиғатпен байланысын, өмір салтын көрсетуге тырысар едім.
Экостиль қатар тұруы керек
– Кейінгі жылдары әлемдік архитектурада экологиялық, яғни табиғатпен үйлесімді жобаларға ерекше мән беріліп жүр. Қазақтың пайымы да табиғатпен жарасым тапқан. Осы екі бағытты біріктіріп, ұлттық әрі заманауи сәулет жасау мүмкін бе?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақтың архитектурасы, негізі экостильге өте жақын. Бүгінде экостильдің бастауы ретінде скандинав елдері жиі айтылады. Бірақ олар бұл бағытты тек ХХ ғасырдың ортасында ғана қолдана бастады. Ал біздің ата-бабаларымыз әлдеқайда ертерек табиғатпен үндес өмір сүрген. Түркі империясы кезінде де, Шыңғыс хан дәуірінде де біздің бабалар әлемді көрді деп айтуға болады. Олар архитектураның дамуын көрді, табиғатқа сай келмейтін ғимараттарды да білді. Соған қарамастан, киіз үйді таңдады. Бұл – саналы таңдау. Сондықтан менің жобаларым ата-бабаларымыз таңдаған жолмен, табиғатпен үндестікке негізделеді. Қазақи стиль сәулет өнерінде экостильмен бірге жүруі керек деп есептеймін.

– 50 жылдан кейін жұртшылық қазақ архитектурасы десе нені елестетеді?
– Жаһандану дәуірінде өзгелерді шетелдік сәулет үлгілерімен таңқалдыру қиын, ал төл нақыштағы архитектура әрдайым ерекшелігімен, терең мазмұнымен құнды. Мен сәулетші ретінде, негізі қазақ архитектурасының қазіргі жағдайы әлем бойынша ұтымды деп есептеймін. Себебі, бізде әлі толық қалыптасқан архитектура жоқ. Бұл – кемшілік емес, керісінше, мүмкіндік. Бүгінгідей бүкіл әлем жаңа стиль іздеп жүрген кезде бізде үлкен мүмкіндік бар. Бай мәдени мұрамызды қолданып, жаңа стиль қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Тек архитектуралық бағыт емес, сонымен қатар үлкен маркетингтік қадам болайын деп тұр. Біз жаңа стиль арқылы өзіміздің қазақ екенімізді көрсетіп, мәдени мұрамызды әлемге паш ете аламыз. Бұл бір жағынан жарнама болар еді...
– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА.