Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері атап өтіліп келеді
2 мамыр мұсылман қауымы үшін ұлық мереке – Ораза айт басталады. Мейрамның бірінші күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейін Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды.
Айт сөзінің өзі "мереке", "мейрам" деген мағынаны білдіреді.
Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан - береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді.
Айт намазы қалай оқылады?
Ораза айт мерекесінің негізгі шарты – мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы мешіттерде таңертең ерте жамағатпен оқылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу", - деген.
Әр мұсылман айт намазына жуынып-шайынып, дәрет алып, ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп барады.
Сонымен қатар мешітке бармас бұрын бір-екі құрма жеп, дәм ауыз тиген абзал. Бұл оразаның аяқталғанының белгісі.
Пітір садақа беру
Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Егер кімде-кім пітір садақаны әлі бермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.
Биыл пітір садақаның мөлшері – жан басына 500 теңге. Жағдайы бар адамдар оны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады.
Ораза айт күні ауыз бекітуге бола ма?
Ораза айттың таңында сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады.
Ораза айт дастархан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, Ораза айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған.
Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күні, яғни 3 мамырдан бастап ұстай беруге болады.
Ораза айт қалай тойланады?
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, ет асылып, мерекелік мол дастархан жайылады. Туған-туысқандар, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді.
Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді.
Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.
Сонымен қатар Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.