Оралда әскерге шақырылған жас жігіт әскери комиссариаттан қашпақ болып, үшінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Оқиға 1 желтоқсан түні болған. Жігітті әскери комиссариатқа екі досымен жеткізген. Оның туыстарының айтуынша, шақырылған жігіт бұрын әскери қызметке шақырту алмаған және психологиялық тұрғыда әскерге дайын болмаған.
Жігіттерді үшінші қабаттағы жатақ бөлмесіне орналастырған соң, олардың бірі өз-өзін "бай адамның баласымын, айыппұлды төлеп беремін" деп таныстырған, бірақ кейін оның даяршы болып шыққаны белгілі болды. Түнде ол төсек жапқыштарды байлап, төмен түсуге әрекет жасаған. Оған артынан жігіттің достары да қосылып, бір уақытта жігіттің өзі қашпақ болған, бірақ төсек жапқыштары үзіліп кетіп, ол жерге құлап түскен. Құлаған жігіт ауыр жарақат алды: омыртқасы сынған және денесі сал болып қалу қаупі бар. Қазір оған операция жасатуға тура келеді.
Жігіттің туыстары әскери комиссариат қызметкерлерін өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған деп айыптап отыр. Олар жатақ бөлмесінде жігіттердің қашуға үгіттелгенін және бұл әрекеттің салдары ауыр болғанын атап өтті.
Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жігіттің бұған дейін 1414 байланыс нөмірі арқылы шақырту алғанын хабарлады. 2023 жылы оқуын бітірген ол әскери қызметтен босатылуға немесе кейінге қалдырылуға құқығы болмаған. 30 қарашада полиция қызметкерлері оны облыстық жиын пунктіне жеткізген. Департамент өкілдерінің айтуынша, шақырылушыларға ешқандай моральдық немесе психологиялық қысым көрсетілмеген.
Жәбірленушіге қатысты Қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалу мүмкін. Оған 3 мың АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Кезекшілік атқарған қызметкердің әрекетіне қатысты ішкі тексеріс жүргізілуде.
Қазіргі уақытта жігіттің жағдайы медициналық қызметкерлердің бақылауында.