Рак деген диагноздың атауының өзі адамды кәдімгідей тіксіндіріп тастайды. ДДҰ мәліметінше, қатерлі ісік – әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Жыл сайын жаһанда осы аурумен 20 миллионнан астам адам тіркеліп, шамамен, 10 миллион тұрғын обырдан көз жұмады. Бұл үрдіс Қазақстанға да тән. Бүгінде елімізде 251 мыңнан астам онконауқас мамандардың динамикалық бақылауында тұр, ал жыл сайын 43 мыңнан аса адам осы кеселмен тіркеліп отырады. Алаңдатарлық жағдай. Осынау тақырыпты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Ербол БЕКМҰХАМБЕТОВПЕН тарқатқан едік.

– Ербол Жасұланұлы, елімізде қатерлі ісікпен есепте тұрғандардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар екен. Аурудың анықталу көрсеткішінің артуы немен байланысты?
– Ең алдымен, скринингтік бағдарламалардың кеңеюімен, диагностикалық мүмкіндіктердің жақсаруымен және қатерлі ісіктің ерте кезеңде анықталуымен байланысты.
Елімізде онкологиялық көмекті ұйымдастырудың жаңартылған стандарты енгізілуде. Жаңа жүйе алғаш рет иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулерді жүргізудің бірыңғай мерзімдерін белгілейді. Бұл пациенттердің зерттеу нәтижелерін жылдамырақ алуына, ал дәрігерлердің емдеудің тиімді тактикасы туралы шешімді ертерек қабылдауына мүмкіндік береді.
Емдеудің оңтайлы тактикасын таңдау үшін қатерлі ісіктің бар-жоғын растау ғана жеткіліксіз. Ісіктің биологиялық ерекшеліктерін, молекулалық бейінін және заманауи емдеу әдістеріне сезімталдығын анықтау аса маңызды. Иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулердің нәтижелері – таргеттік терапияны, иммунотерапияны және басқа да жоғары технологиялық емдеу әдістерін тағайындаудың негізі.
Жаңартылған стандартқа сәйкес, иммуногистохимиялық және иммуноцитохимиялық зерттеулердің орындалу мерзімі биологиялық материал зертханаға түскен күннен бастап екі аптадан аспауы тиіс. Дәл осындай мерзім молекулалық-генетикалық зерттеулердің басым бөлігі үшін де белгіленген. Ал күрделі клиникалық жағдайларда қолданылатын жаңа буын секвенирлеу (NGS) әдісімен жүргізілетін зерттеулердің ең ұзақ мерзімі екі ай.
Мұндағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – диагностикалық үдерісті цифрландыру. Зерттеу нәтижелері міндетті түрде медициналық ақпараттық жүйеге енгізіліп, пациентті жіберген медициналық ұйымға автоматты түрде жолданатын болады. Бұл пациенттің емдеу маршрутының үздіксіздігін қамтамасыз етіп, ақпараттың жоғалуына жол бермейді және емдеуші дәрігерге клиникалық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Үшінші деңгейдегі патоморфологиялық зертханалардың функциялары да едәуір кеңейтіледі. Олар күрделі диагностикалық жағдайларға сараптамалық бағалау жүргізіп, иммуногистохимиялық және иммуноцитохимиялық зерттеулердің нәтижелерін қайта интерпретациялайды, сондай-ақ еліміздің жетекші мамандарымен телемедициналық консультациялар мүмкіндігін пайдаланады. Бұл тәсіл пациенттің қай өңірде тұратынына қарамастан бірыңғай диагностикалық стандарттарды қамтамасыз етіп, патоморфологиялық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Денсаулық сақтау саласындағы маңызды шешімдердің бірі – онкологиялық скринингтердің Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілуі. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. Мұндағы артықшылық неде?
– Онкологиялық скринингтердің аталған пакетке енгізілгенінің нәтижесінде бұрын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған 300 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісіктерді ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерулерден тегін өту мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, жыл басынан бері скринингтік бағдарламалармен 2,4 миллионнан астам адам қамтылды. Профилактикалық тексерулердің қамту ауқымының кеңеюі және диагностикалық мүмкіндіктердің жетілдірілуі онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігі жоғары болатын ерте сатыларда анықтау көрсеткішінің артуына ықпал етуде.
Мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы саясаты профилактикаға басымдық беруді жүйелі түрде күшейтіп келеді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – емнің тиімді болуының, пациенттердің өмір сүру сапасын сақтап, олардың қалыпты өмірге оралуының басты кепілі. Ерте диагностикалау жүйесін дамыту – 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі. Құжатта профилактика мен скринингтік тексерулерден бастап жоғары технологиялық емдеуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және диспансерлік бақылауға дейінгі онкологиялық көмектің барлық кезеңдерін жетілдіру көзделген.
– Әрбір диагностикалық зерттеудің артында диагнозының нақтыланып, емнің басталуын күтетін нақты пациент тұр. Ал осынау қатерлі кеселге шалдықпау жолы қандай, осы тұрғыда қандай кеңес берер едіңіз?
– Темекіден, алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тартқан жөн. Дұрыс тамақтану да, үнемі қимыл-қозғалыста болып, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау да аурудың алдын алады. Сондай-ақ, адам папилломасы вирусына және В вирусты гепатитіне қарсы вакцина алу, теріні ультракүлгін сәуленің шамадан тыс әсерінен қорғау, сондай-ақ профилактикалық тексерулер мен скринингтік зерттеулерден жүйелі түрде өтіп тұру да аса маңызды.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық жұмыстарға ерекше мән береді. Мәселен, еліміздің барлық өңірінде ай сайын «Ашық есік» күні өтіп тұрады. Онда әрбір тұрғын жолдамасыз онкологтың тегін кеңесін алып, көрсетілім болған жағдайда қажетті тексерулерден өте алады. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емнің нәтижелі болуы мен пациенттің өмір сүру сапасын сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Жүргізіліп жатқан осындай жұмыстар нақты нәтижелерін беруде. 2025 жылдың қорытындысында онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау көрсеткіші 34%-дан асты. Сәулелік терапияның қолжетімділігі 65%-ға жетті. Пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға дейін өсті. Ал кейінгі бес жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 14%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 62 жағдайды құрады.
Осы орайда айта кететін тағы бір маңызды жаңалық – келер жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жаңа нормалары күшіне енеді. Жұмыс берушілер қызметкерлерге жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтік тексерулерден өту үшін демалыс беруге және профилактикалық тексерулерден өтуіне жағдай жасауға міндетті болады. Бұл халықтың скринингтік бағдарламалармен қамтылуын арттырып, онкологиялық және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға ықпал ететіні сөзсіз.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен Нұржамал ӘЛІШ.