Бакуда Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңесінің үшінші отырысы өтті
2024 жылғы 13 наурызда Әзербайжанның жетекші талдау орталығы – Халықаралық қатынастарды талдау орталығында (ХҚТО) Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңесінің үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, ХҚТО төрағасы Елші Фарид Шафиев, дипломаттар, Әзербайжанның саясаттану, халықаралық қатынастар және экономика саласындағы жетекші сарапшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мен Әзербайжан парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Айдос Сарым, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев және Түркі академиясының бас сарапшысы Тимур Козырев бейнеконференцбайланыс арқылы қосылып, сөз сөйледі.
Отырыс барысында сарапшылар 2024 жылғы 11-12 наурызда Баку, Физули және Шуша қалаларында өткен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Әзербайжанға екі күндік мемлекеттік сапарының нәтижелеріне жоғары баға берді. Кездесуде екіжақты саяси диалогтың жоғары деңгейі барлық салалар бойынша ынтымақтастықтың өсуіне ықпал етіп отырғандығы, сондай-ақ энергетика және көлік саласындағы бірқатар бірлескен стратегиялық жобаларды іске асыруға серпін беріп отырғандығы айтылды.
Осы тұрғыда Әлім Байел Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ), Каспий түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту, қазақстандық мұнай мен уранды Әзербайжан аумағы арқылы экспорттау сияқты өңірлік маңызы бар ірі жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Дипломат Орталық Азиядан Еуропаға Әзербайжан арқылы электр энергиясын экспорттау перспективаларының талқылана басталғанына назар аударды. Сонымен қатар, Ә. Байел бастапқы сомасы 300 млн. АҚШ доллары болатын бірлескен инвестициялық қор құру туралы шешімді сапардың жаңалығы ретінде атап өтті. Елші Президент Тоқаевтың қазақ-әзербайжан қатынастарының стратегиялық және одақтас деңгейге шыққаны туралы мәлімдемесіне назар аударды. Ә. Байел қазақ-әзербайжан қатынастарының әртүрлі аспектілері жөнінде сараптамалық материалдар жинағын әзірлеуді ұсынды.
Сарапшылар Түркі мемлекеттері ұйымының жаһандық салмағының артқанын және осы ұйымға мүше елдер арасындағы интеграциялық процестердің жеделдегенін атап өтті. Фарид Шафиев Қазақстан тек сөзбен ғана емес, іс жүзінде де Әзербайжанға өзінің аумағын қалпына келтіру мәселесінде жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі күндік сапары аясында Шушаға баруы, сондай-ақ Физули қаласында салынған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының ашылуы босатылған жерлерде жүргізіліп жатқан қалпына келтіру-құрылыс жұмыстарына ашық қолдау көрсету болып табылады», - деп айтты Ф.Шафиев.
Сонымен қатар, кездесу аясында энергетикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастық, ғылыми-сараптамалық кооперация, мәдени-гуманитарлық байланыстар және жастар саясаты мәселелері бойынша сарапшылардың пікірлері тыңдалды.