Өнердің дидарына дақ түсірмеген дарын...

Өнердің дидарына дақ түсірмеген дарын... aqshamnews.kz

·        Қоңыр қоңырау

 Қазақ киносы мен театр сахнасынан жарқ етіп, көрермен көзайымына айналған талай айшықты образ Құман Тастанбеков есімімен байланысты. Жанарынан мейірім, жүзінен шуақ төгіліп тұратын ол, тек актерлік шеберлігімен ғана емес, адами ерекше қалпымен де дараланды.

Арда азаматтың алдаспандай жарқыраған бекзат болмысы алғашқы аяқалысынан-ақ аңғарылды: «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген бейнесі қазақ өнерінің көгінде шоқтығы биік тағы бір жұлдыз жанғанын көрсетті. Бұл арада талантты жазбай таныған Сұлтан Қожықовтың сұңғылалығына еріксіз тәнті боласың. Сол мезетте Жібек пен Төлеген роліне таңдалған өрімдей екі жасты қомсынып: «Басты рөлдерді ысылған, тәжірибелі актерлердің ойнағаны жөн» деп бұра тартқандарға: «30-35 жастағылар ойнаса, ол – қандай махаббат?!» деп қарсы болған режиссерді Олжас Сүлейменов пен Асқар Сүлейменов қолдаған. Алайда дау онымен тынбай, Димаш Ахметұлына дейін жетіп, ол кісінің: «жастардың ойнағаны тартымды болады» деген уәжінен соң ғана толас тапқаны мәлім.

Айтса-айтқандай, тағдыры «Қыз Жібек» арқылы тоғысқан екі жас өздеріне артылған сенім үдесінен шығып, экранда қайталанбас ойын өрнегін көрсетті. Меруерт Өтекешова содан бастап өнерде де, өмірде де жұбы жазылмаған серігін ең алғаш көрген сәттегі әсерін еске ала отырып, оны «сымбатты, өте ерекше, талантты, табанды, көзі жанып тұратын» деп сипаттайды. Сондай-ақ отбасын, достарын бағалай білетін, әріптестерін сыйлайтын, адамға тән ең асыл қасиеттерге ие жан ретінде танып-білгенін айта келе: «Ол барлық жағынан үлгі болды. Саналы өмір сүріп, адал еңбек етудің, шынайы сүюдің үлгісін көрсетті» дейді.

Біртуар тұлғамен 47 жыл тату-тәтті өмір кешкен аяулы жары бүгінде: «Ол лайықты өмір сүрді. Тамаша талантымен нағыз сахна саңлағына айналды. Біз әрқашан бірге болдық, сыйластықта өмір сүрдік, балаларымызды өсірдік, тәрбиеледік. Сол кездегі уақыт сондай ма әлде адамдар басқаша болды ма, біз қызғаныш дегенді білмедік, біреуді көре алмау деген болған жоқ. Құман «Жібегімді тапқаным үшін «Қазақфильмге», режиссерге рахмет» деп жүретін, ал мен оған жауап ретінде: «Төлегенімді кездестіргеніме ризамын» дейтінмін. Кино арқылы танысып, табысқанымызға, сүйікті ісімізбен айналысуға мүмкіндігіміз болғанына шүкіршілік ететінбіз. Бір-бірімізге қолдау көрсетуге, сүйеу болуға тырысатынбыз. Осылай өмір сүргенімізге қуанамын. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ, деп тебірене еске алады.

«Қыз Жібек» арқылы атағы дүрілдеп шыққан жас актер еңбек жолын «әкемтеатр» атанған қасиетті қара шаңырақтан бастады. Төлеген бейнесін шығармашылығының шыңына балағандардың бірқатары Құманның енді театрда онымен теңдес, деңгейлес образ сомдай қоятынына күмәнданды да. Бірақ бұл күмән-күдіктің де негізсіз екенін түптің-түбінде уақыт көрсетті. Актердің өзі айтпақшы, «Казахстанская правдаға» көлемді мақала жазып, «Қыз Жібекке» алғашқылардың бірі болып жоғары баға берген көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетов оны жұмысқа қуана қабылдады. Бірден күрделі рольдерге салып сынады да, шыңдады да.

Ол туралы Құман Нұрғаманұлының өзі: «Жұлдыз ауруымен» ауыруға мұрсат берген жоқ. Келе салып, жаңа рөлдерге кірісіп кеттім. Театрдағы ең алғашқы рөлім – Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» шығармасындағы Жан. Пьесаны Қадыр Жетпісбаев сахналаған болатын. Анарды марқұм Фарида Шәріпова ойнады, Бозтайлақты сахнаға Әнуар Молдабеков алып шықты. Оралхан екеуміз сол қойылымнан кейін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атандық. Режиссерлер маған Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақанды, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Шоқанды, Т. Ахтановтың «Антында» Сауранды, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Әлібек, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Фархад сынды рөлдерді сеніп тапсырды. Төлеген маған театрда демеу болмайтынын, арқаны кеңге салуға қақым жоқ екенін түсіндім. Өзіме артылған сенімді ақтау үшін үздіксіз еңбектендім. Жаңа рөл алған сайын тынысым ашылып, шеберлігім шыңдала берді. 1973 жылы консерваторияны тәмамдап, Меруерт те театрға қабылданды. Әкемтеатрдың сахнасында қол ұстасып, талай рөлдерді бірге ойнадық. Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзінде» мен – Арша, ол – Қаракөз, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Анасында» мен – Қасым, ол – Әлиман болып шықты. 1969 жылы театрдың кадрлар бөліміне өткізген еңбек кітапшам орнынан қозғалған жоқ. «Жұмысқа қабылданды» деген бір ғана мөр басылған...», деп айтқаны бар.

Ол осылайша, киелі өнер ордасының табалдырығын өрімдей кезінде аттап, табан аудармай тер төккен жарты ғасырға жуық уақыт ішінде ақылман абыз, дарабоз дарын деңгейіне жетті. Қазақ сахнасы алыптарынан өзіне аманат есебінде ауысқан өрелі өнердің туын жықпай, дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, кейінгі толқынға жалғады. Мейлі кинода, мейлі театрда болсын, ақыл-парасатымен де, кәсіби шеберлігімен де ізінен ерген іні-қарындастарына ұстаз бола білді.

Көрнекті тұлғаға өзін шәкірт санайтын белгілі актер Асылбек Боранбаев: «Біз өнерге жаңа келгенде Құман аға көп көмектесті. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп, сахнада қалай тұру керек, қалай сөйлеу керек, қалай мәдениетті болу керек, рөлді қалай алып шығу керек, образға қалай ену керек деген сияқты нәрселердің бәрін үйретіп, ізеттілік көрсетіп жүретін. Өте қарапайым болды. Құман ағаның болмысын даралап тұратын да сол қарапайымдылығы еді», – дейді.

Тағы бір талантты інісі, дара дарын Бекжан Тұрыс айтпақшы, саxна – тұлғалардың тұғыры. Бірақ актер біткен тұлға емес. Саxнаға шыққанның бәрі саңлақ емес. Ал «Құман Тастанбеков кино мен театр өнерін тел емген нағыз саңлақ. Біздің қоғам атақпен ауырып жатқанда өзі сүйген театр мен өнердің дидарына дақ түсірмеудің амалын іздеген...» біртуар тұлға. 

Көзі тірі болғанда сахна саңлағы бүгінде 80 жылдық мерейтойын талантына тәнті жұртымен бірге тойлап жатар еді. Әрине, «жазмыштан озмыш жоқ». Қалай дегенмен де, қазақ дейтін халық барда өнер өлмейді. Қазақтың Төлегенін, Шоқанын, Ақанын, Мағауиясын, Ғаниын асқан шеберлікпен сомдаған Құман Тастанбековтің өнердегі қайталанбас қолтаңбасы да өшпейді.  

        

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:29

17:24

17:20

17:14

17:09

17:00

16:56

16:48

16:47

16:46

16:44

16:39

16:38

16:31

16:26

16:25

16:21

16:17

16:16

16:11

16:08

16:07

16:04

15:59

15:58