ffin.kz

Өндіріс орындары халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді

Өндіріс орындары халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді mail.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қашанға дейін импортқа тәуелді бола береміз. Намыс қайда? Қазақстанда түрлі өнім өндіруді жолға қоятын кез келді», – деді.  Шынында да, біз неге өзімізде өндірмейміз? Бәрін сырттан сатып ала беру соншалықты тиімді ме?




Қазір елдегі дәрі-дәрмектің 10 пайызы ғана өзімізде өндіріледі. Қалған 90 пайызы сырттан әкелінеді. Бұл стартегиялық тауар, оған басқаша көзқараспен қарау керек. Бізде индустриялық басым бағыттар бойынша 10 сала бар. Олар салықтық жеңілдіктер алады. Бірақ соның ішінде фармацевтика жоқ! Ал коронавирус пандемиясы әлемді шарлаған уақытта көптеген елдер шекарасын тарс жауып тастады. Қытайдың өзі Қазақстанмен шекараны уақытша жауып қойды. Осыдан кейін елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы басталып, аты жаман індетпен ауырған науқастарға дәрілік препараттар жетіспей, қайтыс болып кетіп жатты. Дәрі-дәрмектің бағасы аспандап кетті. Тіпті, медицина қызметкерлерінде коронавирустан қорғайтын құралдар мен киімдер жеткіліксіз болғандықтан, қаншама білікті дәрігерлерден айырылып қалдық. ҚР Сыртқы істер министрлігі әлем елдерінен гуманитарлық көмек сұрады. Не дәрі шығара алмай, не бетперде тіге алмай, осындай қиын жағдайға тап болдық. Елімізде өндіріс орындарын көптеп ашудың маңыздылығы, міне, осында жатыр.


Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер Қазақстанда өндіріс ашқаннан гөрі шетелден тауар әкеп сатқан әлдеқайда тиімді екенін айтады. Өйткені, бізде өнеркәсіп орнының цехы, өндіріс орындарын ашу үшін көптеген бюрократиялық кедергілер бар. Мәселен, кішкене цех ашу үшін алдымен жер сатып алуың керек. Қаладан жер сатып алу үшін көп қаржың болуы тиіс. Ол цехты тұрғызу үшін де 30–40 мың доллар тағы шығындаласың. Оның ғимаратын салып, енді жұмысыңды бастайын десең, СЭС, өрт сөндірушілер, сәулет және қала құрылысы секілді, т.б. тиісті органдардан рұқсат алуың қажет. Ал олардың бәрінен рұқсат алып, жұмыс бастағанша 100 мың доллар қаржы жәй кетіп қалады. Сосын мұнша кетірген шығыныңды қашан қайтарып аласың?



Шағын өндіріс орнының өзіне шамамен осынша қаражат кетеді. Ал үлкен өндіріс орнын ашсаңыз, онда тіптен түрлі қиындықтарға тап боласыз. Оның үстіне, банктен несие алудың өзі оңай емес. Кепілдікке қоятын мүлік сұрайды, пайыздық үстемақысы тым қымбат. Мұның барлығына төтеп беру кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермейтін тым күрделі іс. Онымен қоса, бізде жақсы маман жоқ, болған күннің өзінде жұмыс күші өте қымбат. Тиісті органдар да қайта-қайта тексеріп мазаңды алады. Тіпті, кейбір тексеруші органдар таныстарының атынан шағым жаздырып алып, тексеруді жиілетіп жібереді. Ал әрбір тексеруге қалтаңнан шығындаласың. Сондықтан біздің шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер өндіріс орнын ашқаннан гөрі, Қытайдан, Ресейден, Түркиядан тауар алып келіп, осында сатқанды тиімді көреді.



Біздегі әкімдердің де көпшілігінің түсінігі осындай. «Өндіріс орындарында отандық тауар өндірудің шығыны өте жоғары, өзін ақтамайды. Шетелден дайын тауар сатып алған әлдеқайда арзанға түседі. Шетелдік тауар шығыны арзанға түскенде, қымбатқа өндірудің қажеті не?» деп түсінеді кей әкімдер.


Бірақ коронавирус пандемиясы бізге ащы сабақ болды емес пе? Сондықтан қандай жағдай болмасын, бізге өндіріс орындарын көптеп ашу керек. Сырттан сатып алып, оны елге қымбат бағада сату дұрыс емес. Біз бұл арқылы мемлекетімізді ешқашан дамыта алмаймыз.


Жасыратыны жоқ, қазірдің өзінде біз шикізат жеткізетін елге айналып отырмыз. Яғни біз тек жерасты байлықтарымызбен ғана күн көріп жүрміз. Күні ертең ол да азаяды, таусылады. Сондықтан жерасты байлығымыз сарқылмай тұрғанда, 50–60 жылдың ішінде біз өндіріс пен өнеркәсібімізді дамытып алуымыз қажет. Онсыз жағдайымыз қиын болады. Әрине, ол бір күнде дамып кетпейді, әсте-әсте мемлекеттік қолдау арқылы істі дөңгелетіп алуымыз керек.



Мемлекеттік қолдау деген не? Ол ең бірінші – кәсіпкерлік саласын шенеуніктердің бюрократиялық кедергілерінен аман сақтау. Ірі өндіріске мемлекет демеу болса, ал шағын цехтарға жергілікті билік сүйеніш болуы керек. Банктер де кәсіпкерлерге орынсыз талаптар қойып, жылжымайтын мүлікті кепілзатқа алып, банктік несиелердің пайыздық ақысын жоғарылатуына жол бермеуіміз қажет. Қиын кездерде мемлекет банктердің тығырықтан шығуына қолғабыс жасады. Банктер тарапынан да соның қайтарымы болуы тиіс. Салық, кеден, техникалық реттеуге қатысты мәселелерде де өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлерге жеңілдік қарастырылу керек. 3–5 жылда аяққа тұрып алған соң, өндірістен түсетін пайда алып- сатудан түсетін пайдадан 10 есе артық болуы мүмкін.



Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлер бүгін ақша салып, аз болса да, ертең пайда түсіргенді қол көреді. Ұзақ жоспарлау жоқ. «Пайда зиянның арғы жағында» дегенді ескермейді. Арғы жағындағы пайданы көрмей, бергі жақтағы зиянды есептеп, бастамай жатып шошиды. Мұндай құбылыстың болуына, бір жағынан әкімшілік кедергілер мен бюрократия ықпал етіп отыр.


Сыбайлас жемқорлық деген дерт те кәсіпкерліктің дамуына тұсау болып келеді. Қазір мемлекет өндірісті дамытуға қыруар қаржы бөліп, кәсіпкерлерге қолдау жасап жатыр. Бірақ нәтиже шамалы. Өйткені, өндіріс ошақтарын ашуға бөлініп жатқан қыруар қаржы талан-таражға түсіп жатыр. Өндіріс ошағын ашып, өнімін сатып, пайда табуды емес, өндіріс орнын ашуға бөлінген ақшаны қалтаға басып алып, табанын жалтырататын қара ниет кәсіпкерсымақтар да көп. СондықтанҮкімет қаржыны кім көрінгеннің қолына бермеуі тиіс.


ТҮЙІН:


«Қазақстанда өндіріс орнын ашқан тиімсіз» деген бос сөз. Кезінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жан-жақты жұмыс істеген «Жетісу», «АХБК» сынды кәсіпорындар болды. Әр жыл қыруар пайдамен шығатын. Егер өндіріс саласын дамытпайтын болсақ, ертең бәрібір біреуге күніміз қарап қалады. Қытай, Ресей тауарларының бағасын қымбаттатып жіберсе, ол бізге міндетті түрде кері әсер ететін болады. Сондықтан бұрынғы тоқырап қалған өндіріс орындарын қайта жаңғыртып, жолға қоюымыз тиіс. Өндірісті дамытуымыз қажет.


 


Тақырыпқа орай


Ербол ИСАХАНОВ, Алматы қаласының тұрғыны:


ЕРТЕҢГІ ӨМІР ЖАҚСЫ БОЛСЫН


Егер біз өзімізде өндіріс орнын ашпай, шетелден тауар кіргізуді қоймайтын болсақ, мұның арты жақсылыққа әкелмейді. Бөтен елден тауар тасудың салдарынан жұмыссыздық пайда болады. Жұмыссыздықтан қылмыс, жезөкшелік, ұрлық-қарлық көбейеді. Халықтың, әсіресе, жастардың рухы солғын тартып, ішкілікке бейім болады. Ажырасу, баласын көшеге тастау секілді адам шошырлық әлеуметтік мәселелер артады. Қазірдің өзінде айтыңызшы, базарда арба сүйреп, вокзалда жүк таситын, Сейфуллин көшесінде жұмыс сұрап отырған, Жетім бұрыштан пәтер іздеп тентіреп жүрген қазақ жастарында қандай рух бар дейсіз? Олардың рухын қара жұмыс езіп тастаған. Ертеңгі армандар, аңсаулар, қазақ елін ерлікке, елдікке, бастайтын сара жолдар туралы романтикалық, пафостық қиялдар олардың ойына кіріп-шықпайды. Өйткені, барлығының ойы қалай күн көремін, табыс қалай табамын деп жүреді. Ертеңгі өмірінің жақсы болатынына олар сенбейді.


Оның үстіне, адамдар да күннен-күнге қатқылданып, мейірімсізденіп бара жатыр. Әрбірден соң, қазақ халқының болашағын ойлауға жағдай жасап отырмыз ба? Айналып келгенде, жұмыссыздық намыссыздықты тудыратынын да еріксіз мойындайды екенсің. Сондықтан қандай жағдай болмасын, елімізде өндіріс орындарын көптеп ашып, халықтың жұмыс істеп, табыс табуына барынша жағдай жасауымыз тиіс.



Назгүл АРЫНОВА,  экономист, қаржыгер маман:


ХАЛЫҚ ЖҰМЫССЫЗ  ҚАЛМАУҒА ТИІС


Шынында да, қазір қарап тұрсақ, әлемді жұмыссыздық жайлап барады. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметіне сенсек, әлемдегі жұмысшылардың жартысы күнделікті табысынан айырылуы мүмкін. Ең бірінші және ауыр соққыны бейресми немесе өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар алуда. ХЕҰ-ның бағалауынша, олардың саны – 1,6 млрд адам, әлемдік еңбек күшінің тең жартысына жуығын құрайды.


Сонымен қатар, әлемдегі 436 миллионнан астам кәсіпорын банкроттық жағдайдың алдында тұр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстанда экономика 2,5 пайызға төмендеп, жұмыссыздық 4,8 пайыздан 7,8 пайызға артады. Экономикалық белсенділік төмендейді, тіпті жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында кедейлік өседі. Сауда-саттық, өндіріс, көлік жөндеу, қонақүй, азық-түлік дайындау және жылжымайтын мүлік секторлары бәрінен көп зардап шегеді.


Оның үстіне, бірқатар әлеуметтік зерттеулер бойынша ауыл тұрғындарының 60 пайызы өздерін кедей өмір сүретіндер қатарына жатқызатыны анықталды. Мұндай жағдайда елімізге көптеп өндіріс орындарын ашу өте маңызды. Халық жұмыссыз қалмауы тиіс. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Айналып келгенде, мұның барлығы мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ұмытпауымыз керек.



Бақытбек БИДӘУЛЕТҰЛЫ, кәсіпкер:


ЖАСТАРҒА НАҚТЫ ІС ЖҮЗІНДЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРУ ҚАЖЕТ


Таяуда мен ауылға барып қайттым. Ондағы халықтың тұрмыс жағдайы өте қиын. Барлығы қалай күн көремін деген ойдың езгісінде діңкелеп жүр. Шетелдік компаниялардың қоластында болмашы айлыққа немесе солардың тепкісінің астында үндемей, жұмысымнан айырылып қалмайын деп жүрген жастар қаншама. Әрине, мынадай дағдарыс кезінде олар қалай көтеріледі, қалай құқын қорғайды? Жұмыссыз қалса, далада қалатынын жастар біледі. Сондықтан мемлекет басында отырған азаматтар жастарға қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қолдау білдіруі қажет.


Сонымен бірге, бізге қатыссыз әлемдік проблемаларды талқылаған жиындар, жүздеген адамдар шақырылған халықаралық конференцияларды өткізуді доғару керек. Әйтеуір биік мінберлерден қызыл сөздер бұрқақша атқылауда. Апыр-ай, осынша сөзге бола қаншама қаржы желге ұшырылады. Бәлкім, тым құрығанда сол қаржыға шағын өндіріс орындарын ашып, қараша халықтың жұмысқа орналасуына көмектесу керек шығар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05