Алатаудың асқар шыңдарына іңкәрлене қараған жан, оның баурайында тұнып тұрған талай тағдыр барын аңғара бермес. Сол тағдырлардың тоғысқан бір мекені – «Алатау» дәстүрлі өнер театры. Бұл шаңырақта өнер ғана емес, жүректің де өз үні, өз шындығы бар. Сахнада айтылған әр сөз, әр әуен, әр қимыл – адам жанының айнасы іспетті. Ал сол айнаға үңілген жандар кейде өз сыңарын да осы жерден табады. Он жыл ішінде бұл орда бес бірдей шаңырақтың керегесін кеңейтіп, бес тағдырды бір арнаға тоғыстырды. Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнінің қарсаңында бұл хикаялар тіпті де жүрекке жақын естіледі.
Айбек пен Айгерімнің кездесуі – жаздың жайма-шуақ бір күніндей аңдаусыз басталған әсер. 2020 жылдың маусымында сахна үстінде бір сәт көзге түскен бейне, көңілдің бір түкпіріне жарық сәуле түсіргендей болды. «Абай-Тоғжан» қойылымының қарбалас дайындығы оларды бір-біріне жақындатып, бейне бір екі өзеннің бір арнаға құйылғанындай сезімге жетеледі. Әуелде жай ғана әріптестік әңгіме еді, кейін ол сырға, сырдан – сағынышқа ұласты. Айбек жүрегіндегі отты жасыра алмай, достары арқылы жол тауып, ықыласын білдірді. 2021 жылдың көктемінде бүр жарған бұл сезім жылдар өте тамырын тереңге жіберіп, 2024 жылдың күзіне қарай мәуелі бәйтерекке айналды. Бүгінде сол бәйтеректің саясында сәби күлкісі сыңғырлап тұр.
Осы бір нәзік сезімнің өрбуіне куә болған тағдырлас жандар – Нұрболат пен Сауле. Олардың махаббаты да асықпай төгілген күйдей баяу басталды. Сол бір «Абай-Тоғжан» қойылымының аясында танысып, бір-біріне жақындай түскен қос жүрек Нұрболаттың туған күн кешінде тіпті жақын танысты. Әңгіме өрбіген сайын, көңілдің де қақпасы айқара ашылғандай болды. Үш жылға созылған бұл сезім уақыт сынынан сүрінбей өтіп, 2025 жылы шаңырақ көтерумен түйінделді.
Бұл екі жұптың арасында көзге көрінбес, бірақ жүрекпен сезілер байланыс бар. Айбек пен Нұрболат – бала күннен таныс достар болса, Айгерім мен Сауле өнер жолында қатар шыңдалған, бір оқу орнында білім алған жандар. Театр қабырғасында бұл төртеу тек әріптес емес, бір-біріне тілеулес, сырлас жанға айналды. Қос-қостан серуендеп, ортақ қуаныш пен әсерді бөлісу – олардың байланысын бекіте түсті. Бірінің сезімі бүр жарса, екіншісі соған куә болып, бірге қуанды. Осылайша екі махаббат хикаясы бір өрнектің қос жібіндей қатар өрілді.
Ал Айдос пен Айдананың жолы – үнсіз басталып, күрт өзгеріске толы әңгіме. Алғашқыда алыстан ғана сүйсінген көңіл ұзақ уақыт бойы іште бұғып жатты. Театр сахнасындағы әр кездесу, әрбір ортақ шара – оның жүрегіндегі сезімді тербете түсті. Бірақ тағдырдың өз уақыты бар. 2023 жылы бір кештің сәтінде басталған таныстық жаңа бір өмірдің есігін ашқандай болды. Бір айға жетер-жетпес уақытта олардың әңгімесі үзілмейтін арнаға айналды. Алғашқы кездесудің өзі – табиғат аясында, таза ауамен тыныстап, еркін сырласу – жан дүниелерін жақындатты. Батыл шешім қабылданды, сезімге сенім қосылды. Тоғыз ай ішінде қос әулет табысып, жаңа шаңырақ көтерілді. Қазір егіз ұлдың күлкісі сол бір үнсіз басталған сезімнің айғағы іспетті.
Диас пен Томиристің махаббаты – лап еткен жалын секілді. 2022 жылдың күзі олар үшін тек мезгіл ауысуы емес, жүрек күйінің өзгеруі болды. Достықтың нәзік жібі бір сәтте махаббаттың берік арқанындай беки түсті. Томиристің туған күні – тағдырдың шешуші сәтіне айналды: сол күні айтылған сөз, тағылған сақина – бәрі жаңа өмірдің бастауындай еді. Сол күннен кейін олар үшін уақыттың өзі басқа ырғақпен соққандай болды. Бір күн көрмесе, бір әлем кемігендей сезім, бірге өткен әр сәттің қадірі – олардың байланысын бұрынғыдан да терең етті. 2023 жылы жасалған ұсыныс – сол сезімнің заңды жалғасы. Қазір олар ата-ана атанып, махаббаттың шын мәнінде өмірге айналғанын дәлелдеп отыр.
Ерқанат пен Құралайдың хикаясы – байқалмай басталғанымен, жүректе терең із қалдырған тағдыр. 2022 жылғы «Айман – Шолпан» қойылымының қарбаласы кезінде алғаш көзге түскен таныстық бастапқыда мәнсіз көрінгендей еді. Бірақ күн сайынғы жүздесу, ортақ дастарқан басындағы әңгіме, ұзақ гастрольдік сапарлар – бәрі-бәрі жүректерді бір-біріне жақындата түсті. Ерқанаттың үнсіз ілтипаты, байқатпай жасаған қамқорлығы Құралайдың көңілінде жылылық ұялатты. Семей сапарындағы бір ауыз сөз – әзілге ұқсас тілек – кейін тағдырдың шындыққа айналған ишарасы болды. Достықтың нәзік жібі уақыт өте махаббаттың берік арқауына айналып, олар да шаңырақ көтерді. Бүгінде олардың өмірі бала күлкісімен ажарланып тұр.
Бұл бес тағдыр – бес бөлек әуен. Бірі баяу төгілген күйдей, бірі лапылдаған жалындай, бірі терең толқындай. Бірақ барлығының бастауы бір – шынайы сезім. Өнердің ішінде туған ықылас жасандылықтан ада, сондықтан да мәңгілікке ұласуға бейім.
Жүрекке жүгінген жан ғана тіршіліктің шын мәнін тереңнен тани алады. Ал осы театр қабырғасында бүр жарған махаббаттар – сол шындықтың үнсіз дәлелі. Мұнда сахнадағы рөл аяқталғанымен, өмірдегі рөл енді ғана басталады.
Он жыл – уақыттың өлшемі ғана емес, сезімнің шежіресі. Тоғысқан тағдырлар, табылған бақыт, жалғасқан өмірлер – бәрі осы шаңырақтың тарихына айналған. Ал «Алатау» дәстүрлі өнер театры әлі талай жүректің үнін естіп, талай махаббаттың куәсі болары сөзсіз.
Аубакирова Инара