ffin.kz

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ:  "Журналистиканың жарық бұрышы"

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ:  "Журналистиканың жарық бұрышы" almaty-akshamy.kz

"Alataý Аqparat" медиахолдингі қалта кітапшаларын шығарып жатқанына қуаныштымын»


 «Alataý Аqparat» медиахолдингі Қазақстан баспасөзінің тарихында бірінші рет қалтаға сиятын кітаптар сериясымен өзінің жеке кітапханасын шығара бастады. Алғашқы болып Қазақстан Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың «Дайдидау» атты шағын кітапшасы жарық көрді.


Қазақстан баспасөзінің бір жарым ғасырлық тарихында тұңғыш рет «Alataý Аqparat» медиахолдингі Pocketbook форматындағы, яғни қалтаға сиятын шағын кітапшалардың жеке кітапханасын шығара бастады. Мұндай кітапшалар тек Кеңес Одағы кезінде «Огонек» журналында басылып шыққан.



Медиахолдинг өз кітапханасында белгілі қазақстандық әдебиетшілердің, жазушылардың, публицистердің туындыларын басып шығаруды көздеп отыр. Қалта кітапшаларының топтамасын Қазақстан Журналистер академиясының негізін қалаушы әрі президенті, ҚазҰУ баспасөз және электрондық БАҚ кафедрасының құрметті меңгерушісі, журналистика мэтрі Сағымбай Қабашұлы Қозыбаевтың «Дайдидау» аталған эсселер топтамасы бастады. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Алматыда Ұлттық баспасөз клубының алаңында өтті. Салтанатты іс-шараға арнайы қонақ ретінде танымал ақын, «Alataý Aqparat» медиахолдингінің Шығармашылық даму жөніндегі кеңесінің төрағасы Олжас Сүлейменов пен кеңес мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, сондай-ақ «Невада–Семей» қозғалысының вице-президенті Валерий Жандәулетов қатысты.


Көңілге сенім ұялатады


Іс-шараның модераторы болған Валерий Жандәулетов салтанатты жиынды тағы бір жақсы хабармен бастады. Ол Санкт-Петербургтегі «Пальмира» баспасы Олжас Сүлейменовтің шығармалар жинағын шығарып жатқанын айтты (бұл туралы газетіміздің алдыңғы нөмерінде хабарлағанбыз).


Сондай-ақ, В.Жандәулетов ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы мемлекеттік қор мұрағатынан Олжас Омарұлының Париж, Нью-Йорк сынды қалаларда өлең оқыған 60 жыл бұрынғы бейнежазбаны тапқанын хабарлады. Алдағы уақытта бұл бейнежазбаның үзінділері еліміздің телеарналарында көрсетілетін болады. Ақжолтай ақпарат айтылған соң, салтанатты шараның ресми алғысөзі Қазақстанның Еңбек Ері, «Невада–Семей» қозғалысының жетекшісі, ақын Олжас Сүлейменовке берілді.




– Бұрын мемлекет тарапынан әдебиетке қалай көңіл бөлінетін. Кітаптар мыңдаған тиражбен шығатын. Менің соңғы кітаптарымның бірі осы Алматыда 200 мың дана болып басылды. Қазір бұған кім сенеді? «Огонек» журналындағы кітапшам 2,5 миллион тираж болып бүкіл КСРО оқырмандарына тарады. Оның бағасы 30 тиын еді. Бірақ мұның өзі мемлекетке өте тиімді болды. Барлық кітапшалар өтіп кетті. Жақында оны қағаздарымның арасынан тауып алып, сол кездер есіме түсті, – деді ақын.



Сонымен қатар, О.Сүлейменов «Alataý Aqparat» медиахолдингінің кітап топтамасын шығара бастағанына қуанышын білдіріп, келесі кітапша авторларының бірі болуға өзінің де үмітті екенін айтты: – «Alataý Aqparat» медиахолдингі қалта кітапшаларын шығарып жатқанына қуаныштымын. Бірінші кітапшаны Сәкең таныстырып отыр. Келесі болып біз де басылармыз деп үміттенемін. Уақыт өте келе тиражы да өседі деп ойлаймын. Осындай кішкентай қадамдармен басылым сөзінің күш-қуатын ұмыттырмаймыз деп сенемін. Алматыда сақталған журналистиканың жарық бұрышы – осы сала ештеңеге қарамай дами береді деген нәрсе көңілге сенім ұялатады.


«Almaty aqshamy» газетінің 35 жылдығына орай кітаптар топтамасын шығарамыз


Іс-шара модераторы В.Жандәулетов тұсауы кесілгелі тұрған кітапшаның Сағымбай Қозыбаевтың 56-кітабы екенін айта отырып, оны соңғы жылдары ең көп кітап басып шығарған автор ретінде «Гиннестің рекордтар кітабына» енгізуді ұсынды. Одан кейінгі сөз кезегін «Alataý Аqparat» медиахолдингінің Бас директоры Төлеміс Күлмұхамедов жалғастырды:



– «Alataý Аqparat» медиахолдингінің кітапшасын шығару идеясын маған біздің Шығармашылық даму жөніндегі кеңес ұсынды. Бұл кеңестің төрағасы – Олжас Сүлейменов, сондай-ақ кеңеске Мұрат Әуезов, Сағымбай Қозыбаев, Сейітқазы Матаев кіреді. Бұл кітаптар біздің жазушыларымыз, қарымды қаламгерлеріміз өз шығармашылық туындыларымен бөлісе алатын тағы бір жаңа алаң ретінде басылып отыр. Оған қоса, қоғамда оқу мәдениеті мен ұлттық кодты қалыптастыруға үлес қосатын, оқырмандарға авторлардың шеберлігін, сөз сұлулығын өз бойларына сіңіруге көмектесетін құрал болса дейміз. Бірінші кітапша Сағымбай Қабашұлының авторлығымен шыққанына өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта өзге де әдебиет пен мәдениет тарландарының кітаптарын шығару жоспарда бар. Келесі жылдың алғашқы айларында «Алматы – жүрегімде» байқауын өткізетінімізді жариялағым келеді. Байқау аясында бізге жіберілген мақала, эссе, ән-өлеңдердің бір бөлігі газетке басылса, қалғаны осындай кітапшаға енеді, – деді Т.Күлмұхамедов.



«Alataý Аqparat» медиахолдингінің Бас директоры келесі жылы «Almaty aqshamy» газетінің 35 жылдығына орай тағы бірнеше жинақтардың шығатынын атап өтті:



– Биылғы жыл барлығына оңай өткен жоқ. Жыл қалай басталғаны бәріміздің есімізде. Біздің ұжым үшін де ауыр жыл болды. Әріптесіміз Михаил Буренков өмірден озды. Осындай қиындыққа толы жылды қалта кітапшаларын жарыққа шығару арқылы жақсы бастамамен түйіндегіміз келді. Келесі ретте «Almatу aqshamy» газетінің 35 жылдығына орай мемлекеттік тілде бірнеше кітап топтамасын шығарамыз, – деді Төлеміс Бақтыбайұлы.



«Alataý Аqparat» медиахолдингінің бастамалары қуантады»


Алғысөздерден кейін Олжас Сүлейменов бастаған зиялы қауым «Дайдидау» кітабының тұсауын кесіп, салтанатты іс-шара қатысушыларына үлестірді. Жиынның ресми кезеңі біткен соң, жаңа кітапшаның авторы Сағымбай Қозыбаев «Alataý Аqparat» медиахолдингіне алғысын білдірді:




– Бірінші кезекте Төлеміс Бақтыбайұлы басқарып отырған «Alataý Аqparat» медиахолдингіне ризашылығымды білдіремін. Қазір өздеріңіз білетіндей, көптеген басылымдар жабылып жатыр. Мұндай ақпарат алаңындағы өзгерістер бізді алаңдатады. Олжас Омарұлы айтқандай, өз мәдениетімізге бұлай қарауға болмайды. «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Almaty» газеттерін біріктіріп отырған «Alataý Аqparat» медиахолдингінің журналистика саласындағы бастамалары көңіл қуантады. Бір айдай уақыт ішінде кітапшаны шығарып отырмыз. Мұнда менің бұрын жарияланған, бірақ ешқандай жинақтарға кірмеген мақалаларым енді. Бір жарым ғасырға жуық Қазақстан журналистикасының тарихында бұл – алғашқы басылым кітапшасы. Ол қалтаға сиятындай шағын әрі метро, автобустар секілді қоғамдық көліктерде оқуға ыңғайлы, – деді Сағымбай Қозыбаев.



Бұдан кейін Қазақстан Журналистер академиясының президенті медиахолдингке жазу машинкасына арналған 1960 жылдың таспасын сыйлады. Ал Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев әріптесінің сөзін жалғап, «Alataý Аqparat» ұжымының музейіне өзінің бірнеше журналистік куәліктерін тапсырды.



Кітап тұсаукесерінде Сағымбай Қозыбаев жарты ғасырға жуық уақыт сабақ беріп келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы да қатысып, білім ордасы атынан құттықтауын жеткізді.



– Сағымбай Қабашұлы - бәрімізге ортақ тұлға. Біздің университетте бұл кісінің дәріс беріп жүргеніне, міне, 50 жыл болады. Оның үстіне «Almaty aqshamy» газетін жақсы білемін, бұл жерде 5 жыл бұрын өзім де қызмет еткенмін. Шығармашылық кеңес ұсынысымен осындай кітапша шығарып жатқан қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деді журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы.



Ол сонымен қатар, университет атынан «Alataý Аqparat» ұжымына әл-Фараби бейнеленген кілемше сыйлады.


«Almaty-akshamу» №147 (6282) 13 желтоқсан, сейсенбі, 2022 жыл



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51