Публицистика – қоғамның күнделікті өміріндегі маңызды құбылыстарды арқау ететін шығарма десек, Сәкен Сыбанбай өзінің қаламгерлік қуатын ең алғаш дәл осы жауынгер жанрда айқын аңғартты. Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуы тұрғысындағы көкейтесті мәселелерді тамыршыдай тап баса отырып, солардың қай-қайсысына қатысты да өзінің азаматтық ұстанымын, дербес, тәуелсіз көзқарасын білдірді.
Сәкеннің «Ділдің дерті» атты тырнақалды жинағындағы сан алуан тақырыпты қамтыған, айтары бөлек, өткір шығармалар осыдан ширек ғасыр бұрын жазылған дүниелер екенін ескерсек, оның 30-дың ар жақ, бер жағындағы кезі екен. Яғни шеберлігі өз алдына, бұл – Сәкеннің жазу-сызуды жай ғана ермек етпей, жастайынан-ақ оны ұлтқа қызмет етудің бір жолы деп қарағаны екені даусыз. Мысалы, осы кітаптағы «Рух пен тіл», «БАҚ пен сор», «Ән мен мән», «Кино һәм көрермен» деген тараулардың атауының өзі ондағы қозғалған жайттардың салмағын аңдатып тұр. Ең бір кереметі, осы тақырып аясында қозғалған, қарастырылған мәселелердің қай-қайсысы болсын күні бүгін де маңызын жойған жоқ. Әсіресе, тіл, ұлттық рух, ұлттық баспасөз ахуалына қатысты 25-30 жыл бұрын сөз болған мәселелер бізге қазір де таңсық емес. Жағдайдың оңалмағаны, «баяғы жартас – бір жартас» болып тұрғаны, әрине, сүйінші сұрайтын нәрсе емес. Бірақ ұлттық, мемлекеттік идеологияға тірек болатын жайттар тереңінен қозғалған, ұлы ұғымдардың нарқын, парқын ұғындыруды көксеген мұндай шығармалар қашан да құнды.
Осы орайда, Сәкеннің «Ұлттың рухын көтеру үшін оған ұрсудың қажеті жоқ», «Ұлы ұғымнан ұлтқа пайда тимей тұр», «Президенттің арқасы», «Тілді Конституцияға өзгеріс қана құтқарады», «Тілді үйрену жүзуді үйрену сияқты», «Мемлекеттік тілде... жылқы да сөйлеген», «Қасқырға қой бақтырайық енді», «Тілге деген қажеттілік аспаннан түспейді», «Мәңгүрт мәтіндер – ми батпақ», «Ұлт тілсіз өмір сүре алмайды» сияқты басқа да көптеген шығармалары мәселені қозғап қана қоймайды, соны шешудің жолдарын да меңзейді. Бұл мақалалардың бүгін де өтімді, өзекті болатын себебі, оларда қан бар, жан бар. Автор ұлттық мүдде, рух, тіл тұрғысындағы кез келген түйткілді өз жүрегінен өткізеді және жанды жараға айналған сол дертке бүкіл болмысымен күйінеді, күйзеледі. Онда әлдененің бетін қалқып өту, атүсті шолып өту деген жоқ. Сәкен шығармаларының шынайылығы, тереңдігі сонда.
Тағы бір ерекшелігі, шымбайға батар қандай да бір шындықты, келеңсіздікті, кемшілікті әшкерелей отырып та, Сәкен сыпайы, сынық қалпынан танбайды, байбалам салмайды. Сәкеннің сынының өзі мейлінше мәдениетті. Уытты, бірақ улы емес. Оқып отырып орынды юморына еріксіз езу тартасың, әдемі әзіліне тәнті боласың. Екі сөзінің бірінде «Президенттің арқасы» демесе сөзінің дәмі кірмейтін шенеуніктерді: «Бұлар расында да Президенттің арқасында жүр екен, ол түртпектемесе оңайлықпен жерге түсіп жұмыс істей қоймас» деген ойға қаласың. ...Қысқасы, президенттің «арқасынан» түсетін кез келді. Әйтпесе орынтақтан түсу де көп күттірмес» деп шенейді Сәкен бір мақаласында. Сол сияқты, тағы бірде: «Дастандардағы сәйгүліктер өздеріне қарата айтылған әңгімені ұғынумен ғана шектелмеген. «Үстіңгі ерні қыбырлап, Астыңғы ерні жыбырлап. Тайбурыл сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді» деген өлең жолдарындағы мемлекеттік тілді меңгерген жылқылардың бүгінгі кейбір шенеуніктерше: «иә», «рахмет», «сәлеметсіздер ме» деп қоя салмай, өз ойын кәдімгідей өлеңдетіп жеткізгеніне қалай риза болмайсыз?!» деп қағытады ол.
Мұндай мысалдар жетіп артылады және олардың қай-қайсысы да Сәкеннің өзіне ғана тән уытты сарказм, байыпты байламмен ерекшеленеді. Негізі, қай мәселеге қатысты да байсалды ой түю, парасатты пайым жасау үшін адамның көрген-білгені, көкейге түйгені өз алдына, оған қоса, терең білімдарлық, жан-жақты дүниетаным қажет десек, Сәкен – нағыз сол үдеден шыға алған, ойы қуатты, сөзі шуақты қаламгер.
«Қазақ баспасөзінің қасіреті неде?», «Тіл беделді болса, баспасөздің де беделі өседі», «Кадрдың қадірі өтіп тұр», «Орысша сөйлейтін билік қазақ баспасөзін қайтсін» сияқты басқа да бірқатар мақалаларында Сәкен қазақ журналистикасының қоғамдағы орны мен үлес-салмағына тоқталады. Сондай-ақ кәсіби кемшіліктері ретінде: Тіл қасаңдығы, қызыл сөзге құмарлық, ізденістің аздығы, ақылгөйлік, ақпараттық тәуелділік тәрізді жайттарды алға тартады. Қарап тұрсаңыз, автор осыдан 20 жыл бұрын атап көрсеткен проблема әлі сол күйі жалғасып келеді. Ал одан арылу үшін көптеген әріптестерімізге осы Сәкен сияқты өз ісінің нағыз маманынан үйрену, оның шығармашылық кухнясын зерттеу керек-ақ.
Сәкен бүкіл ынта-шынтасымен беріліп, жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, шын жанашыр болған саланың бірі, ол – қазақ эстрадасы. Бұл ретте ол «Ән әлемінің «әттеген-айлары», «Ойын тасасында қалған ой», «»Жалғыз радионың... үні шықпас», «Сахнадағы МР3», «Нағыз идеология – музыка», «Операны асқақтату үшін эстраданы аласарту керек пе?» сияқты басқа да көптеген салмақты дүниелер жазды. Тақырыбының өзі сөйлеп тұрған бұл шығармалар бүгін де маңызын жойған жоқ. Ең бастысы, бұл орайда Сәкен орыстың, басқаның өнеріне бас ұрып, төл мәдениетімізден мақұрым қалуға айналған жас ұрпақтың бетін бері қаратуға күш салды. Қазақ эстрадасын насихаттау, кем-кетігін түзетуге күш салу арқылы бүгінде атынан ат үркетін талай әншінің есімін әйгілеп, жұлдызын жақты.
Сәкен қажымай-талмай қалам тартқан тақырыптың бірі – ұлттық кино өнері. Өзі «әлемдегі ең әсерлі өнер» деп қараған бұл салаға да ол салғырт қараған жоқ. «Көрерменсіз кино – тұл», «Соловьевтің салқыны», Қазақ өз киносын сағынып отыр», «Әлін білмеген «әлемдік деңгейге» әуес», «Дүбәра дубляж», «Дүмше дубляж тіл бұзар», «Қазақы хикая қашан түсіріледі?» тәрізді талай ауқымды тақырыпты қаузады. Кино саласындағы кез келген оқиға Сәкеннің назарынан тыс қалған жоқ.
Жалпы, сол 2000-ншы жылдардың ар жақ-бер жағында мәдениет пен өнер, кино, музыка саласында қандай да бір премьера өтсе, жылт еткен жаңалық болса – ол елден бұрын «Жас Алашта» көрініс табатын, ал өзге басылымдардағы әріптестер: «Бұған «Жас Алаш» не дейді?!», «Мұны Сәкен Сыбанбай қалай бағалайды?!» дегендей, аңысын бағатын үрдіс қалыптасты. Жастар басылымының Сәкен сияқты талантты журналистерінің ілкімді ізденісі, табанды тегеуріні нәтижесінде газеттің ел арасындағы беделі артып, таралымы өсті.
«Ділдің дертіндегі» шығармалар – кезінде ел-жұрт үлкен ықыласпен қабылдаған, өзіміз сүйсіне оқыған дүниелер. Енді бүгін соларға қайта бір көз жүгірте отырып, мен бір нәрсеге қатты таң қалдым. Ол – кез келген мәселеге қатысты белгілі бір дәрежедегі өткірлік, еркіндік. Қазір, мысалы, ақпарат көздері көп, әлеуметтік желі де жетіп артылады. Бірақ соған қарамастан ұлттық мүдде, тіл, рух, тіпті мәдениет мәселелерінің кезіндегідей, онда да Сәкеннің публицистикасындағыдай батыл, жан-жақты, жүйелі жазылып жатқанын өз басым байқамаппын. Соған қарап, Сәкеннің өзі кезінде «Ерекше кезеңіміздің естелігіндей көрерсің» деген қолтаңбамен сыйлаған «Ділдің дерті», шын мәнісінде өзіміз куә болған ерекше кезеңнің естелігі екеніне көз жеткізе түскендеймін...
Қорыта айтқанда, «ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған» Сәкендей нағыз жүйрік, әмбебап журналист-публицисттен бүгінгі жас әріптестерінің ғана емес, қатарлас, қаламдас құрбы-құрдастарының да үйренері көп.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ