- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі жарияланды.
Президент орын алған жағдайға байланысты бірде-бір адамды мемлекет ескерусіз қалдырмайтынын жеткізді.
“Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады”,- деді Президент.
Расында мұндай көлемдегі тасқын су басу жағдайы талай жылдан кейін болып жатыр.
Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағы - Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай қалыптасты.
Мемлекет басшысы Қытайдан келе салып, атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін шұғыл жиын өткізді. Республикалық штаб құрды. Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Қанат Бозымбаевты Үкімет басшысының орынбасары етіп тағайындады. Соның арқасында үйлестіру жұмыстары жедел жүргізілді. Президент дер кезінде кіріспегенде барлық қажетті шаралар қабылданбай қалар еді.
“Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда. Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы”,- деді Президент өз Үндеуінде.
Азаматтарды алаңдатқан басты сұраққа жауап берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев “Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі”,-деді.
Ең үлкен мәселенің бірі -осы алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығару. Шұғыл түрде жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алу қажет. Ең алдымен су шаруашылығы мамандарының тапшылығын болдырмау, бұл үшін сала мамандарын оқыту және даярлау мәселесі жедел шешілгені керек.Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс.
Жағдайдың қаншалықты күрделі екенін апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерінің жұмылдырылуы байқатса керек. Президент ел-жұртқа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды. Осының өзі елдегі тасқын су зардабының көлемі мен мөлшері орасан үлкен екенін аңғартады.
Мемлекет басшысы елді түрлі теріс ақпаратпен елді дүрліктірмеуге шақырды.
“Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын”,- деді.
Сондай-ақ, Президент құтқару ісіне араласып жатқан азаматтарға,тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғыс айтты. “Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді”.
Кеше Қадір түнінде барша халық тасқын судан елдің аман қалуын тіледі. Бүгін Президент елдің амандығын қамтамасыз ету мәселесін тиянақты түрде қолға алғанын жеткізді.