Бірнеше сұлулық салоны, сән шоуларында дизайнерлермен жұмыс, косметика бренді, ресторан кәсібі - мұның бәрі бір әйел Әнел Әлімованың кәсібі. Ол - алпауыт Америкаға бұдан екі жыл бұрын көшкен қазақ қызы. Арман, мақсат және жоспар әрекет етпей жүзеге аспайтынын Әнел Әлімова оқушы кезінен түсініп алған. Қазақстанда 15 жыл бизнеспен айналысқан кейіпкеріміз бүгінде АҚШ-қа көшіп, талай қазақстандыққа жұмыс ұсынып отыр. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен 12 бизнесті жүргізгені, 9 несиеден құтылғаны, АҚШ-қа қоныс аударғаны, ол жақта кәсібін қалай дөңгелеткені туралы сұхбаттасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Әнел Әлімова небәрі 35 жаста. Ол - Жамбыл облысы, Бурный ауылының тумасы. Ол 1 жасқа толғанда отбасымен Қостанайға қоныс аударған. 11 жасында Астанаға көшкен. Әнел Еуразия Ұлттық университетінде экономист мамандығын қызыл дипломмен аяқтаған. Одан кейін заң мамандығы бойынша Павлодар университетінде және Мәскеу университетінде білім алған.
Аула сыпырушы болып істеген
Әнел бала кезінен еңбекқор. Ол кішкентай кезінде ата-анасынан асханаға ақша сұрай бермеу үшін дүкенге аула сыпырушы болып орналасқанын айтады. Спортқа жақын болған соң, оның таңда тұрып жұмысқа баратынынан ата-анасы хабардар болмаған. Ата-анасында қызы таңда жүгіруге барады деген ой болған. Тек бірде анасы қоқыс төгуге шыққанда, дүкен алдында аула сыпырып жүрген Әнелді көріп қалған. Кейін анасы дүкеншіге кішкентай баланы жұмысқа жегіп қойғаны үшін ұрысыпты. Бірнеше жылдан кейін Әнел көше сыпырушы емес, дүкенші болып жұмысқа орналасады. Кейін тіпті несие алып, өз дүкенін ашады.
Кейіпкеріміз Қазақстанда 14 жасынан жұмыс істей басаған. Ол Қытай арқылы киім сатып, кейін ресторан бизнесі мен салон ашқан. Ол Америкаға көшетінін шешкен соң, барлық бизнесін сатып, тек салонын қалдырған. Әнел бизнесін дөңгелетуге банктен 9 несие алған көрінеді. Бірақ Америкаға арман қуып кеткен отандасымыз елден көшпес бұрын барлық бизнесін жабуды жөн санаған. Себебі, АҚШ-та ол бәрін жаңадан бастауды жөн көрген.
«Астанада Еуразия ұлттық университетінде оқып жүріп, жұмыс істеп жүрдім. Қытайдан тауар алып сататынмын. Алматы арқылы Қорғасқа, Үрімшіге баратынмын. Ауыр сөмкелерді таситынмын. Кейін Астанада сауда үйлерінен бутик аштым. 3-курста Америкаға Wоrk and Travel бағдарламасы арқылы алғаш рет Нью-Йоркке келдім», - дейді ол.
Америкадағы шытырманға толы өмірі және бизнесі
АҚШ-қа көшпес бұрын Әнел бұл елде 4 рет болған. Оның айтуынша, мұнда жалғыз өзің болсаң, елге бейімделу, жетістікке жету қиын.
«Қиын боларын білдім. Негізі мұнда түбегейлі көшемін деп жоспарламадым. Бірақ бұл менің қалауымның бірі болды. 2021 жылы АҚШ-қа барудың сәті түсті. Сол кезде «маған тағдыр болысып тұр ғой, неге қалып, бизнес ашып, бақ сынап көрмеске» деген ой келді. Сөйтіп, ұлыммен мұхит асып, көшіп келдік. Екі жыл бұрын ұлым 12-де еді. Көшуге жоспарым болмаса да, кетер алдында пәтерімді сату туралы ұсыныс түсті. Мен бұл да бір белгі шығар деп Астанадағы екі бөлмелі пәтерімді сатып жібердім. Сол қаражат бастапқы бір жылға жетті. Бұл ақша ұлымның оқуына, иммиграциялық құжаттарға, бизнеске кетті», - дейді кейіпкер.
Америкаға келгенде, ол алғашқы жылы құжаттармен айналысқан. Әнел кәсібін ашпас бұрын, түрлі кеңес пен сабақ алып, кәсіп ашудың қыр-сырын үйренген. Қазір ол бірнеше жоба бойынша кәсібін жүргізіп жатыр. Қол астында 60-тан аса жұмысшысы бар, олар - түрлі ұлт өкілдері.
«Бір жылдың ішінде 11 шоу өткіздім. Дизайнерлермен бірге жұмыс істейміз, бет әрлейміз. Олар - Нью-Йорк, Бруклин, Лондон, Дари шоу. EPN New York Fashion week, Орландо мен Майами шоу. Тобымда 60 қыз бар. Бұйырса, қыркүйекте Нью-Йорк сән апталығында жұмыс істейміз, қазір соған дайындалып жатырмыз. Дизайнерлермен жұмыс істейміз. Арманым - қазақстандық дизайнерлерді әлемдік деңгейге шығару», - дейді ол.
Сән шоуына дайындық. Әнел және оның командасы. Әнелдің жеке архивінен
АҚШ-та кәсіп ашқыңыз келсе...
Әнелдің айтуынша, АҚШ-та кәсіп ашу оңай. Бастысы - елге жетіп алу.
«Мұнда туристік виза арқылы келіп, бірден бухгалтерия арқылы корпорация ашып, оны Нью-Йорк-те тіркеуге болады. Екі аптадан кейін арнайы ID-нөмір беріледі, сол арқылы салық төлеп отыруға болады. Тіпті Қазақстанда отырып, онлайн бизнес ашуға болады. Өз бизнесін әлемдік деңгейде дамытқысы келетіндерге жағдай жасалған. Алдымен корпорацияны тіркейсіз. Кейін өз көрсететін қызмет түріңізге лицензия аласыз. Мәселен, біз маникюр, педикюр, макияж, шаш үлгісін жасаймыз. Әр мастердің лицензиясы мен сақтандыру куәлігі болуы керек. Одан басқа, бұл жерден орын жалға алғыңыз келсе, несие тарихыңыз жақсы болуы керек. Мұнда бәрі несие тарихына қарайды, бұдан басқа, жинақ шотыңызда ақша болуы шарт. Келісілген орынды жалға алғаннан кейін бірден 6 айға төлейсіз. Мысалы, жалға алған орныңыз үшін 6 айға бірден 60 мың доллар, құжаттарға шамамен 20 мың доллар, құрал-жабдықтарды қоса есептегенде 100 мың доллар шығын кетеді. Теңгеге шаққанда бұл 44 миллион теңге», - дейді ол.
Кейіпкердің айтуынша, елде бұдан басқа визалар бар. Ол Талант визасы арқылы келген.
«Инвесторлық визалар бар. Мысалы, АҚШ-қа бармай-ақ, Қазақстаннан не басқа елден Америкаға инвестиция құйғысы келетіндерге E-2 визасы бар. Мысалы, Америкадан дайын бизнес сатып алып, оған 100 мың доллар көлемінде инвестиция құйсаң, осындай бизнес виза беріледі. Бұл қаражат бар, бірақ өзін басқа кәсіпте сынап көргісі келетіндерге жақсы келеді еді. Мұнда қиналудың қажеті жоқ, бәрі дайын болады», - дейді ол.
Әнелдің айтуынша, кәсіп ашу, әрине, оңай, бірақ заңды дұрыс білмеген соң, қиындық көп болған.
Америкада өмір сүру үшін не білу керек?
Нью-Йорк - өте үлкен қала. Мұнда 30 миллионға жуық адам тұрады. Әнел АҚШ-қа келгісі келетіндерге кеңес берді.
«Ең алдымен назар аударатын нәрсе - адамдармен қарым-қатынас. Адам көп болғасын абайлап араласу керек. Ал Флорида, Орландо, Техас сынды штаттарда тыныш. Мұнда көбі онлайн жұмыс істейді. Мен Талант виза алдым. Онда 10 критерийдің ішінде 3 критерийге жауап беру керек. Бұл - түрлі салалардағы жетістікке жеткен имигранттарға берілетін виза түрі. Негізінен қандай да бір салада жетістігіңіз болса, онда Америкаға осы виза арқылы келуді ұсынамын. Кейін GreenCard (АҚШ-қа қоныс аударғандарға заңды негізде жұмыс істеуге рұқсат ететін куәлік - еск.) алуға да септігін тигізеді», - деді кейіпкер.
Әнелдің айтуынша, америкалықтар салыққа аса жауапкершілікпен қарайды, себебі мұнда салық төлемей, жалтарғандарға қатаң жаза қолданылады.
«Биыл Америкаға қоныс аударғаныма 2 жыл болады ғой. Әзірге бір рет тапсырып көрдім. Бір қызығы, мұнда кәсіпке құртқан шығынның бәрін бухгалтерияда көрсетсең, кірген кірісті толығымен кәсіпке қайта құйсаң, салық төлемеуіңе болады. Бұл жағдайда тіпті мемлекет саған көмек береді. Арнайы есептейтін әдісі бар. Америкалық және қазақстандық тұтынушылар арасы жер мен көктей. Мұнда бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан кәсіпкерлер тұтынушыларды тарту үшін түрлі айла-тәсілдерге барады», - дейді Әнел.
Әнел Әлімова түрлі көрмелерге жиі барады. Жақында ол The Makeup Show көрмесінде өз өнерін көрсеткен алғашқы қазақстандық болды. Ол бұл көрмеде әлемге танымал брендтермен қатар өз жұмысын көрсеткен. Одан басқа Әнел жақында Уоррен Баффет пен Билл Гейтстің сабақтарына қатысып, тәжірибе жинаған.
Әнел арманын бөлісті. Кейіпкердің бар арманы - ұлының бақыты мен болашағы. Әнел сол үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Одан басқа, кейіпкер Америкада мол тәжірибе жинап, Қазақстанға оралған соң жастарға, кәсібін енді қолға алғандарға көмектесіп, еліміздегі кәсіпті, экономиканы жаңа деңгейге өсіргісі келетінін айтты.
Әнелдің жеке архивінен