Әлеуметтік желілерде Қазақстандықтар неке тіркеу мерзімін міндетті түрде ұзартуы тиіс деген хабарлама тараған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
ҚР Әділет министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін айтып, теріске шығарды. Бұдан басқа да 1–10 қыркүйек аралығындағы ресми теріске шығарулар жиынтығын оқырман назарына ұсынамыз.
Фейк: 8 қыркүйектен бастап нотариустарға атқарушылық жазбалардың күшін жоюға тыйым салынып, оларды тек сот тәртібімен даулау қажет болады.
ҚР Әділет министрлігінің ресми түсіндірмесі:
Борышкердің атқарушылық жазбаға қарсылық білдіріп, нотариусқа жүгіну құқығы сақталады. Нотариус та заңда көзделген жағдайларда атқарушылық жазбаның күшін жоюға бұрынғыдай құқылы. Борышкер өндіріп алушының талабымен келіспеуінің нақты себептерін көрсете отырып, хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде нотариусқа қарсылық жолдай алады. Атқарушылық жазба негізінде атқарушылық іс жүргізу қозғалған жағдайда сотқа жүгіну қажет.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Заңнамадағы өзгерістер нотариустардың атқарушылық жазбалардың күшін жоюға толық тыйым салу ретінде түсіндірілген. Нәтижесінде жекелеген рәсімдердің нақтылау борышкерлерді өз құқықтарын қорғаудың бір тәсілінен айыру ретінде көрсетіледі. Мұндай түсіндірмелер азаматтарды жаңылыстырып, мәселені тікелей нотариус арқылы реттеуге болатын жағдайлардың өзінде оларды ақылы заңгерлік қызметке жүгінуге итермелеуі мүмкін.
Фейк: Ресей аумағынан тараған табиғи өртке байланысты Қарабалық ауданындағы Үрнек ауылының тұрғындары эвакуацияланып жатыр.
Қостанай облысы әкімдігі мен Қостанай облысы ТЖД-ның ресми түсіндірмелері:
Үрнек ауылы тұрғындарын эвакуациялау жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Облыс әкімдігі халықты эвакуациялау жүргізілмейтінін хабарлады.
Сонымен қатар табиғи өрттің Ресей Федерациясы аумағынан Қарабалық ауданының аумағына өткені расталды. Дала өсімдіктерінің жануы Қарадум орманшылығы аумағына ішінара тараған. Жағдай Қостанай облысы ТЖД бақылауында.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда төтенше жағдайға қатысты нақты ақпарат расталмаған эвакуация туралы мәліметпен толықтырылған. Өрттің болғаны туралы расталған ақпарат пен оған байланысты қабылданған шаралар жөніндегі жалған мәліметтердің араластырылуы хабарламаның шынайылығына деген сенімді арттырып, тұрғындар арасындағы алаңдаушылықты күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайларда оқиғаның өзін ғана емес, оның ауқымы мен салдарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер туралы ақпаратты да жеке-жеке тексеру маңызды.
Фейк: Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты өткір мәлімдеме жасағаны туралы ақпарат.
JAQ.OrtCom ресми түсіндірмесі:
Таралып жатқан дәйексөз бұрмаланған. Тексеру барысында Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мұндай мәлімдеме жасамағаны анықталды. Манипуляцияға Армения Премьер-министрінің 3 қыркүйектегі брифинг барысында журналистің сұрағына берген жауабы негіз болған. Түпнұсқа сөзінде Арменияның мемлекеттік шешімдерді дербес қабылдауы туралы айтылған, бұл контексте Қазақстан мүлде аталмаған.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда нақты айтылған сөздің мазмұнын бұрмалау тәсілі қолданылған: түпнұсқа дәйексөз ішінара өзгертіліп, ойдан шығарылған сөз тіркестерімен толықтырылған. Соның нәтижесінде бастапқы дәйексөзге мүлде басқа мағына берілген. Шетелдік мемлекет қайраткеріне Қазақстанға қатысты өткір мәлімдемелерді телу қоғамда теріс пікір қалыптастыру және екі ел арасында шиеленіс туғызатын жасанды ақпараттық себеп жасауға пайдаланылуы мүмкін.
Фейк: Астана қаласында мектеп оқушысының қара түсті шалбар кигені үшін ата-анасына айыппұл салынады.
Астана қаласы Білім басқармасының ресми түсіндірмесі:
Ата-аналарға шалбардың қара түсі үшін айыппұл салынуы мүмкін деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Елордадағы жалпы білім беретін мектептерде қара және қою көк түсті мектеп формасын киюге рұқсат етіледі.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Жекелеген жанжалды жағдай мен нақты бір мектептің талаптарды дұрыс түсіндірмеуі барлық білім беру ұйымдарына ортақ ереже ретінде көрсетілуі мүмкін. Нәтижесінде ата-аналарда қара түсті мектеп формасына тыйым салынғаны және бұл талапты бұзғаны үшін автоматты түрде айыппұл салынатыны туралы қате түсінік қалыптасады. Алайда елорда мектептеріне ортақ мұндай талап жоқ.
Фейк: Қазақстандықтар неке тіркеу мерзімін міндетті түрде ұзартуы тиіс.
ҚР Әділет министрлігінің ресми түсіндірмесі:
Неке-отбасы заңнамасына сәйкес неке бір рет тіркеледі және оның белгіленген қолданылу мерзімі жоқ. Некені ұзарту талап етілмейді.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Алаяқтық схема міндетті мемлекеттік рәсім туралы ресми хабарламаға ұқсатып жасалған хабарламаны таратуға негізделген. «Некені ұзарту» туралы ақпарат азаматтар арасында алаңдаушылық туғызып, оларды хабарламаның мазмұнын тексерместен сілтемеге өтуге немесе дербес деректерін беруге итермелеуі мүмкін.
Сенімді арттыру мақсатында алаяқтар азаматтарға таныс цифрлық сервистерді және ресми хабарламаларға ұқсас тұжырымдарды пайдаланады.