Наурызбай ауданында биыл 4 мыңнан астам азамат атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды, 2 мыңнан астам тұрғынға әртүрлі әлеуметтік қолдау көрсетілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сонымен қатар, 500 зейнеткер курортта емделуге жолдама алды.
Мүмкіндігі шектеулі 3 мыңға жуық адам қажетті техникалық құралмен және оңалту қызметімен қамтамасыз етілді. Бұл олардың өз бетінше ширақ қимылдап, күнделікті өмірде ешкімге тәуелді болмауына сеп болады.
Бұдан бөлек, ауданда жалғыз тұратын қарт азаматтар мен 18 жастан асқан психоневрологиялық дерті бар адамдарға үйде қызмет көрсететін 4 бөлімше жұмыс істейді. Оның екеуі биыл ашылды.
Ауданда 24 әлеуметтік қызметкер қазір 128 азаматқа күнделікті тұрмыста қажетті көмек көрсетіп, сүйемелдеу жағын қамтамасыз етіп отыр.
Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева әлеуметтік қолдаудың негізгі міндетінің бірі — азаматтарға қажетті көмекті уақтылы көрсету мен олардың өмір сүру сапасын арттыру екенін жеткізді.
«Әлеуметтік қолдау — жұмысымыздың маңызды бағытының бірі. Азаматтарға қажетті көмекті уақтылы көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті оңалту құралымен қамтамасыз етіп, үйде әлеуметтік сүйемелдеу жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз», – дейді аудан әкімі.