ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Ордабаев баяндады. Бүгінде барлық мемлекеттік органдар жанынан 44 салалық кеңес құрылған. Олардың алдында нарыққа қажетті мамандықтар тізімін құру міндеті тұр.
Қазір мамандықтарға байланысты кәсіби стандарттарды бекіту бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Қолданыстағы 219 стандарт өзектендіріліп, жаңадан 135-і дайындалды. Тағы 130-ы қаралып жатыр. Еңбек вице-министрі бұл істі жеделдету қажеттігіне назар аударды. Аталған кәсіби стандарттар біліктілік пен еңбекақы тағайындау жүйесін ретке келтіруі керек.
Қазіргі уақытта біліктілік анықтамасы мен кәсіби стандарттар қатар қолданылып келеді. 2030 жылдан бастап еңбек нарығында тек кәсіби стандарттар пайдаланылмақ. Болашақ мамандарды дайындайтын білім беру ұйымдары оқу бағдарламаларын кәсіби стандарттарға сәйкестендіруі қажет.
Бұл үрдісті цифрландыру Career Enbek платформасы арқылы жүзеге асырылмақ. Ал түлектердің меңгерген білімін тәуелсіз сертификаттау орталықтары бағалайды. Осылайша сапалы кадр дайындау ісін жетілдіру қолға алынады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Біліктілік жөніндегі ұлттық орган аталған жұмысқа толық жетекшілік етеді және сүйемелдейді.
Отырыс барысында Көлік, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Қаржы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің кәсіби стандарттар құру және салаға қажет мамандарды дайындау мәселелері талқыланды.
Вице-Премьер ұлттық біліктілікті көтеру жолында стандарттардың санына емес, сапасына баса мән беру керектігін ерекше атап өтті.
«Бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеу үшін тиісті заң қабылданды. Барлығы оны орындауы тиіс. Экономика, еңбек нарығы бізден сапалы, білікті маман даярлауды талап етуде. Біз оған қаншалықты дайынбыз? Сондықтан, ресми шаралардан арылып, нақты іске кірісу қажет. Стандарттарды әзірлеу – бұл жұмыстың тек басы ғана. Соған сай оқу бағдарламасын өзектендіру, еңбек нарығы сұранысын ұдайы қадағалап, оны қанағаттандыру үшін жедел шара қабылдау қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Алдағы уақытта Кәсіби біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес аясында әр министрліктің атқарған шаралары жекелей қарастырылмақ.