Мүшел жас – қазақ халқының дәстүрлі жас есептеу жүйесі. Ол адам өміріндегі әр 12 жыл сайын қайталанып отыратын маңызды белестерді білдіреді. Мүшел тек жас өлшемі ғана емес, адамның биологиялық, психологиялық және әлеуметтік дамуын айқындайтын ұғым ретінде қалыптасқан. Қазақ дүниетанымында мүшел жасқа ерекше мән берілген. Бұл кезеңдерде адам сақтанып, садақа беріп, өзін рухани және физикалық тұрғыда қорғауға тырысқан.
Мүшел жас қалай есептеледі?
Қазақтың жыл санауы 12 жылдық мүшелдік циклге негізделген. Әр жыл жануар атымен аталады:
Тышқан – Сиыр – Барыс – Қоян – Ұлу – Жылан – Жылқы – Қой – Мешін – Тауық – Ит – Доңыз
Жыл санау 22 наурыз – Наурыз мейрамынан басталады. Осы 12 жыл толық айналып шыққанда бір мүшел есептеледі.
Неге алғашқы мүшел 13 жастан басталады?
Қазақ дәстүрінде адамның анасының құрсағында өткізген 9 айы бір жылға тең деп есептелген. Сондықтан алғашқы мүшел 12 емес, 13 жастан басталады. Бұл – «алғашқы мүшел» деп аталады.
Мүшел жастың қазақ қоғамындағы маңызы
Мүшел жас:
• адамның қоғамдағы орны мен мәртебесін айқындайды;
• физиологиялық және психологиялық өзгерістермен байланыстырылады;
• қауіпті кезең деп есептеліп, сақтық шаралары жасалған;
• адам өмірінің белгілі бір әлеуметтік сатысын білдіреді.
Қазақтар мүшел жасында:
• алыс және ауыр сапарларға шықпаған;
• қатерлі істерден аулақ болған;
• садақа беріп, жеті нан таратқан.
Бұл сенімдердің астарында адамның ағзасында әр 12 жыл сайын болатын табиғи өзгерістер туралы байқаулар жатыр.
Астрономиялық негізі
Астрономдардың айтуынша, Юпитер ғаламшары Күнді шамамен 12 жылда бір айналып шығады. Қазақтың 12 жылдық мүшелдік жүйесі осы ғарыштық циклмен сәйкес келеді. Бұл – мүшел ұғымының тек тұрмыстық емес, табиғи-астрономиялық негізі бар екенін көрсетеді.
Жарты мүшел және оған қатысты ғұрыптар
Мүшелмен қатар жарты мүшел ұғымы да болған. Ол баланың есейе бастаған шағын білдіреді.
Дәстүрлі ғұрыптар:
• Ұл баланы сүндетке отырғызып, атқа мінгізу;
• Қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағу;
• «Он үште – отау иесі» деп балиғат жасын атап өту.
Бұл салттар баланың қоғамдағы жаңа мәртебеге өткенін білдірген.
Мүшел жастың кезеңдері және мағынасы
1-мүшел – 13 жас
Ер жету кезеңі.
Бұл жаста жасөспірімнің бойында күрделі физиологиялық өзгерістер болады. Кейбір балалар үшін бұл кезең қауіпті деп есептелген.
2-мүшел – 25 жас
Жігіттік шақ.
Дене күші толысып, өмірге белсенді араласатын кезең. Бұл мүшелде де садақа беріп, амандық тілеген.
3-мүшел – 37 жас
Ең қауіпті мүшел.
Ақыл тоқтатып, өмірге сын көзбен қарай бастайтын кезең. Қазақ ұғымында ең жауапты әрі қатерлі мүшел осы жас саналады.
4-мүшел – 49 жас
Орта жас.
Даналыққа бет бұру, ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу кезеңі.
5-мүшел – 61 жас
Толысқан даналық.
Өмір тәжірибесі молайып, өзіне де, өзгеге де сын көзбен қарайтын шақ.
6-мүшел – 73 жас
Қарттықтың басталуы.
Дене қуаты әлсіреп, кәрілік айқын сезіледі.
7-мүшел – 85 жас
Кәрілік.
Мінездің өзгеруі, өкпелегіштік байқалатын кезең деп сипатталады.
Жеті мүшелден кейінгі жас кезеңдері
Қазақ дәстүрінде жеті мүшелден кейінгі жасты:
• 97 жас – сарқыншақ (қалжырау),
• 109 жас – шөпшек сүю,
• 121 жас – немене сүю
деп атаған. Бұл жастағы адамдар сирек кездесетіндіктен, «сұрауы жоқ мүшел» деп есептелген.
Мүшелге қай кезде кіреді?
1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13-те кіреді - 14-те шығады
2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25-те кіреді - 26-да шығады
3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37-де кіреді - 38-де шығады
4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49-да кіреді - 50-де шығады
5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61-де кіреді - 62-де шығады
6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73-те кіреді - 74-те шығады
7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85-те кіреді - 86-да шығады
8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97-де кіреді - 98-де шығады
9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109-да кіреді - 110-да шығады
10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121-де кіреді - 122-де шығады
Мүшел жасты тойлау дәстүрі
Дәстүрлі қазақ қоғамында туған күн немесе мүшел жас арнайы тойланбаған. Алайда ХХ ғасырдан бастап:
• белгілі тұлғалардың мүшел тойлары,
• 50, 60, 70 жас мерейтойлары
өткізіле бастады.
Мүшелтойдың мақсаты:
• тұлғаның еңбегін бағалау;
• кейінгі ұрпаққа үлгі көрсету;
• рухани сабақтастықты сақтау.
Халық сеніміндегі мүшел жастың қаупі туралы шариғат не дейді, muslim.kz сайтында бұған былай жауап берілген:
Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады. Мұны ырыммен байланыстырып, мүшел жасты қауіпті кезең деп санап, аман-есен өтуі үшін құран бағыштап, өзінің қатты жақсы көретін киім-кешектерін жақын-жуықтарына тарату сияқты ырым жоралғылардың дінімізде негізі жоқ. Дәстүрлі ислам бойынша мүшел жаспен есептеу шариғатқа қайшы емес. Бірақ шариғатта мүшел жасқа толған адам бағалы заттарын сыйға тарту керек, сыйлық бермесең, қауіп-қатер келеді деген түсінік жоқ. Аллаға шүкіршілік етіп, өмірімізді ұзартуын тілеп, басқа да апаттардан сақтасын деген мақсатта садақа бергеннің оқасы жоқ. Мұсылманның берген садақасы өмірін ұзартып, жамандықтан қайтарады.
Қорытынды
Мүшел жас – қазақ халқының өмір философиясын, табиғатпен үндестігін және адам дамуын терең түсінгенін көрсететін ерекше жүйе. Ол тек жас санау емес, өмір белестерін бағалау, сақтану және кемелдену жолы.