Мұрат ТҮКЕЕВ: «БАЛЕТ ӨНЕРІНІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР»

   Мұрат ТҮКЕЕВ: «БАЛЕТ ӨНЕРІНІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР» видеодан алынды

·        А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі еліміздегі ең алғашқы кәсіби балет әртістерін даярлайтын оқу ордасы. Бүгінде 90 жылдық тарихты артқа тастап, үлкен мектеп қалыптастырды. Біз училище директоры Мұрат Түкеевке жолығып,  ең күрделі жанр – балет өнерінің бастау бұлағы туралы, жалпы, көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап алдық. Сонымен...

 Хореографиялық білімнің қарашаңырағы

 

                    Мұрат Орындықбайұлы, сұхбатымызды хореографиялық училищенің тарихынан бастасаңыз... Неліктен Селезнев атымен аталды?

 Еліміздегі хореографиялық білімнің негізін қалаған ең  алғашқы кәсіби оқу орнының тарихы 1934 жылдан басталады. Оның негізін қалаған  әрі алғашқы директоры – Александр Селезнев деген кісі Ленинградтан арнайы шақыртылып, қазақстандық кәсіби балеттің дамуына зор үлесін қосты. Сондықтан оқу ордасына есімінің берілуі заңдылық. Ол – қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлға.

     Бүгінде бұл оқу орны еліміздегі балет саласының көптеген жұлдызын тәрбиелеп шығарды. Училищенің негізін қалағандардың арасында көрнекті бишілер, қазақ кәсіби хореографиялық өнері мен білімінің негізін қалаушылар бар. Училищеде Александр Селезнев, Шара Жиенқұлова, Сара Көшербаева секілді майталмандар салып берген сара жол әлі де жалғасын тауып жатыр. Осынау жылдар ішінде училище түлектерінің арасынан әлемге әйгілі Наталья Чеховская мен Надежда Грачева, Дмитрий Тубольцев пен Алла Бураканова, елімізге еңбек сіңірген тұлғалар – Д.Абиров, 3.Райбаев, Б.Аюханов, И.Манская, Р.Әжиева, А.Асылмұратов, С.Тулусанова, 3.Ақбарова, М.Мальбеков, Л.Ли, М.Қадырова сияқты көптеген  талантты әртістер  шықты. Біздің училище Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет труппалары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, «AstanaBallet» мемлекеттік театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, сондай-ақ «Салтанат», «Алтынай», «Наз», «Гүлдер» және басқа да халықтық би ансамбльдері үшін кадрлар даярлайтын базаға айналды.

 – Көптеген ата-ана «ұл-қызым балет әртісі болса» деп армандайды. Дегенмен, оның  талабы туралы біле бермейді. Хореографиялық училищеге қалай, қашан қабылдайсыздар? Қазақ сыныптары бар ма?

                   Біздің училищеге қабылдау жыл сайын көктем мен жаз мезгілінде жүргізіледі. Іріктеу төртінші сыныпты бітірген, яғни 10-11 жастағы балалар арасында ұйымдастырылады. Негізінен, Алматы қаласы мен Алматы облысының балаларын қабылдаймыз. Ілгеріде мамандарымыз жас таланттарды шет ауылдарға арнайы іздеп баратын. Қазір бұл жағына қаражат қарастырылмағандықтан, болашақ бишілерді тек Алматы қаласының мектептерінен іздейміз. Оқу орнында 1965 жылы Шара апайдың бастамасымен қазақ бөлімі ашылған. Қазір қазақ сыныптары бар.

 Талантпен қоса, төзімділік қажет

                    Қабылдау талабы қандай? Болашақ балет әртісінің қандай ерекшеліктеріне баса мән бересіздер?

– Дұрыс айтасыз. Бұл күрделі жанр болғандықтан, қабылдау кезінде қойылатын талаптар да бар. Біз болашақ сахна адамын даярлаймыз. Сосын бұл оқу орнының ерекшелігі – балет өнеріне икемі бар балаларға тән белгілі бір физикалық және физиологиялық талаптар болады. Біз, ең алдымен, болашақ бишілердің дене бітіміне, аяқ-қолдың ұзындығына, буындардың икемділігіне, арқа құрылымына және жалпы үйлесімділікке баса мән береміз. Сонымен қатар, музыкалық есту қабілеті, ырғақ сезімі және эмоционалдық экспрессивтілік те маңызды рөл атқарады. Балет бишілерінің тағы бір ерекшелігі – оның жүрісінде. Сондықтан аяқ алысына, жүрісіне, тіпті басқан қадамына да мән береміз. Бұған қоса, іріктеу кезінде баланың икемділігі, жеңіл секіруі, ырғақты қабылдауы бәрі сарапқа түседі. Бала кәсіби балетпен айналысу үшін төзімді, тәртіпті, ең бастысы еңбекқор болуы шарт. Жалпы, балериналардың талдырмаш болғаны өзіне де, жанындағы серігіне де жақсы. Неге десеңіз, олар қосақталып билейді, жоғарыға көтеру, айналу дегендей қимылдар жасайды. Сондай  кезде икемді әрі жеңіл қозғалғаны өзіне де жақсы.

 – Қазір училищеде қанша оқушы бар және түлектер 9-сыныптан соң қандай білім алып шығады?

– Қазіргі уақытта біздің оқу орнында 371 оқушы балет әртісі және би ансамблінің әртісі мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Оқушыларымыз 180 балаға арналған мектеп-интернатқа орналасқан. Олар мұнда стандартқа сай, жалпы біліммен қоса, кәсіби дайындықтан да өтеді. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған түлектер «Би ансамблінің әртісі» мамандығы бойынша диплом алады. Ал он бірінші сыныпты бітіргендер «Балет әртісі» немесе «Би ансамблінің әртісі» мамандығы бойынша кәсіби дипломмен қоса, толық орта білім туралы аттестат алады.

 – Училище түлектеріне, жалпы балет әртістеріне сұраныс бар ма?

                   Әрине, балет әртістері өте жоғары сұранысқа ие. Біздің түлектеріміз Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, «Астана Опера» театрына, «Астана Балетке», сондай-ақ Қазақстанның басқа да би ұжымдарына жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, кейбір түлектеріміз Ресей, Қытай, Франция, АҚШ, Германия, Венгрия сияқты елдердегі атақты театрларда еңбек етіп жатса, бұл қазақстандық балеттің жоғары деңгейін көрсетеді.

Еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесі – саладағы ең өзекті мәселе

 – Балет әртістері зейнеткерлік демалысқа қанша жасында шығады?

   Кеңес заманында балет әртістері 20 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығатын еді. Себебі, өнердің бұл түрі өте үлкен физикалық жүктемені талап етеді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл жүйе өзгеріп, балет әртістері де жалпы зейнеткерлік жасқа жеткенше жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Бұл әрине, біздің саладағы ең өзекті мәселе. Мәселен, Ресейде, Қытайда, Францияда балет әртістеріне арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан біз де Қазақстанда да осындай жүйені қайта енгізу маңызды деп есептейміз.

 

– Қазақстандық балет өнерінің болашағын қалай елестетесіз?

– Қазақстанда балет өнерінің болашағы зор деп санаймын. Біздің әртістеріміз әлемдік деңгейдегі конкурстарда жүлделі орындар алып жүр. Дегенмен, балет саласында әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Мысалы, жаңадан театрлар ашу, балет әртістерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, зейнетақы жүйесін қайта қарау деген сияқты. Осы  бағытта жұмыс істесек, еліміздің балет өнері одан әрі дами түсетініне сенімдімін.

  Өзіңіздің балетті таңдауыңызға кім әсер етті?  Балетке қалай келдіңіз? Отбасыңыз туралы да бірер сөз...

 Менің осы салада еңбек еткеніме 54 жыл болды. Алғаш рет 1971 жылы анам осында оқуға алып келді. Мен тіпті балет бишісі боламын деп  армандаған емес едім. Анам КазГУ-дің Филология факультетін бітірген кісі еді. Сондай талдырмаш, тура балет бишісі сияқты болатын. Балетті қатты ұнатып, «түбі бір баламды балетке беремін» деген шешім қабылдаса керек. Не керек, ақыры таңдау маған түседі. Мен негізі балетке икемсіздеу, сондай етжеңді бала болдым. Сыныптастарым үнемі «председатель» деп мазақтайтын. Анамның арқасында балет бишісі атанып, әлі осы салада келемін. Жұбайым да Мәскеудің балет училищесін бітірген. Қазір қызымыз Абай атындағы опера және балет театрының белді бишісі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:22

15:15

14:49

14:18

14:04

14:02

13:50

13:31

12:38

11:49

11:29

11:14

10:51

10:38

10:13

17:29

17:24

17:20

17:14

17:09

17:00

16:56

16:48

16:47

16:46