ffin.kz

«Менің арманым орындалды»

«Менің арманым орындалды» Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматылық зейнеткерлер ұзақ өмір сүру фестивалінде өз таланттарын ашады, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Алматыда қарттар айлығы аясында «Асыл қазынам» ұзақ өмір сүру фестивалі өтті. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушылары жарқын концерттік бағдарлама ұсынды: ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі, би ұжымдарының, домбыра оркестрінің, театрландырылған және спорттық қойылымдардың көріністері болды.

Үлкен сахнада зейнеткерлер — Италия, Түркия, Қырғызстан және басқа елдердегі халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегерлері өнер көрсетті, сондай-ақ қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.

Алматыда әкімнің тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Қалада күн сайын 500-ден астам зейнеткер баратын 15 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Айта кету керек, 2024 жылы қаланың Бостандық және Медеу аудандарында қосымша 3 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды.

Осындай орталықтардың біріне 66 жастағы Мәдия Байсабаева да барады. Ол өмір бойы өндірісте жұмыс істеп, өзіне уақыт пен хоббиі әрқашан жетіспейтін. Зейнетке шыққан соң, үй шаруасымен айналысып, немересін тәрбиеледі.

«Мені орталыққа бір досым шақырды. Біз барып, жазылдық және бірден сабаққа қатыстық. Маған өте ұнады. Бастапқыда мен орталыққа тек қарым-қатынас жасау үшін бардым», — дейді Мәдия Әшірбайқызы.

Орталықтағы сабақтар тек қана ойын-сауық емес, сонымен қатар оған қиын өмірлік жағдайларды жеңуге де көмектесті.

«Қызым қатты ауырып қалған кез болды. Мен қатты уайымдадым, күндіз-түні ұйықтамадым, денсаулығым нашарлады. Мен орталыққа жиі барып, сабаққа қатыса бастадым, және біртіндеп бәрі өз орнына келді, қызым жақсарды. Қазір ойлап қарасам, мұндай қиын кезеңді депрессиясыз өткергеніме таңданамын. Мұның бәрі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының арқасында болды. Ол жерде қайғыруға уақыт болмады, мен белсенді өмір сүрдім», — деп еске алады зейнеткер.

Сонымен қатар, Мәдия Әшірбайқызы орталықта көптен бергі арманы орындалғанын айтты. Қазір ол театр үйірмесіне қатысып, вальс билеп, түрлі конкурстар мен қойылымдарға қатысады. Бүгін ол «Қазақконцерт» сахнасында өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.

«Мен әрқашан үлкен сахнада өнер көрсетуді армандайтынмын, бірақ бұл маған мүмкін емес, орындалмайтын арман сияқты көрінді. Ал алғаш рет сахнада өнер көрсеткен кезде таң қалдым. Мен ешқашан биді өнер деп ойлаған емеспін. Кеш те болса, арманым орындалды!», — деп ойымен бөлісті Мәдия Байсабаева.

Зейнеткер қала әкімдігіне жасына қарамастан белсенді өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

«Біз бәріміз сүйікті іспен айналысамыз, орындықтарда отырмаймыз, өмірге ризамыз, дамуды жалғастырамыз, үйренеміз, денсаулығымызды бақылаймыз, билейміз. Біз шабыттанамыз, қуаттанамыз, барлық жақындарымыз бізді қолдайды», — дейді ол.

Алматыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Сәуле Бекетаева «Асыл қазынам» ұзақ өмір сүру фестивалінің табысты өткенін атап өтті:

«Фестиваль кезінде сахнада бірде-бір кәсіби эстрадалық биші немесе әнші болған жоқ, бұл фестиваль тек Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен оның бөлімшелерінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтті. Фестивальден кейін көптеген адамдар орталықтарға келгісі келді. Ұзақ өмір сүру орталықтарының арқасында қаладағы өмір сүру ұзақтығы артып, соңғы 25 жылда рекордтық көрсеткішке жетті: Алматы бойынша — 78 жыл, республика бойынша — 75 жыл. Бұл көп нәрсені аңғартады», — деді Сәуле Бекетаева.

Естеріңізге сала кетейік, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы зейнеткерлерді физикалық және психикалық денсаулығын ұзақ сақтап, мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге араласуға бағытталған. Орталықтардың филиалдары қаланың әр ауданында бар, онда білікті мамандар мен нұсқаушылар 40-тан астам әлеуметтік қызмет түрін тегін көрсетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52