МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СҰХБАТЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘНІ АЙҚЫН САЯСИ-ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰЖАТ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СҰХБАТЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘНІ АЙҚЫН САЯСИ-ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰЖАТ Сурет: автор

Президенттің жыл басындағы дәстүрлі сұхбаты Қазақстандағы мемлекеттік-саяси дискурстың орнықты үлгісіне айналды. Бұл Мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап, қоғамдық санаға негізгі құндылықтар мен басымдықтарды сіңіруге бағытталған маңызды идеологиялық құжат. Сұхбатта көтерілген мәселелер саяси тұрақтылық, әлеуметтік жауапкершілік және ұлттық бірегейлік контексінде сараланып, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді. Биылғы сұхбаттың «Turkistan» газетінде жариялануы рухани-мәдени кеңістіктің мемлекеттік идеологиямен сабақтастығын көрсетіп, ұлттық даму моделінің мазмұндық өзегін тереңдете түсті.

Ел Президенті сөз басында қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде газет басылымдарының қоғамдағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы дәстүрлі баспасөзді қоғамдық пікір қалыптастырудың, сондай-ақ адамның дамуына ықпал ететін коммуникациялық құралдың бірі ретінде бағалады.

Сұхбат барысында Президент өткен жылға қорытынды жасап, алдағы кезеңге арналған басым жоспарларды айқындады. Былтыр бастау алып, қоғамда кең талқыға түскен Салық кодексін жаңарту мәселесі, экономикалық реформалардың мазмұны мен бағыты, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті проблемалар ашық айтылды. Жасанды интеллектіні дамыту бағдарламасы, сондай-ақ әлеуметтік қолдау жүйесінің кешегісі мен бүгіні жан-жақты талданды. Бұл – елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағдарланған мемлекеттік саясаттың стратегиялық негізін айқындайды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылдың маңызды жетістігінің бірі – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артқанын атап өтті. Мысалы, Вашингтон, Мәскеу, Бейжің, Анкара, Абу-Даби, Ташкент, Душанбе, Бішкек, Ашхабад және Токио қалаларындағы ресми іссапарлардың нәтижесін айтты. Әсіресе, БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында Қазақстанның осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты ұстанымын егжей-тегжейлі жеткізгеніне тоқталды.

Президенттің биылғы сұхбаты дәстүрлі форматтан гөрі ашық әрі мазмұнды диалог ретінде өрбіді. Мемлекет басшысы қоғам назарын аударған мәселелерге ел мүддесі тұрғысынан байыпты көзқарас танытты. Ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау – мемлекетшіл сананың басты өлшемі екенін атап өткен. Алдағы уақытта іргелі конституциялық реформаларға қатысты референдум өтетінін және Ата заңға өзгерістер енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын да хабардар етті.

Әңгіме барысында ел тарихына қатысты қойылған сұраққа жауап бере отырып, Президент: «Тарих жұртты дауластыратын немесе жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ақиқатқа негізделген тарих бізге өткеннен тағылым алып, кемшіліктерімізді түзету арқылы болашаққа сеніммен қадам басуды үйретеді», – деді. Осы тұрғыда Президент хәкім Абайдың мұрасын кеңінен дәріптеу маңыздылығын ескеріп, ұлы ойшылдың «Толық адам» ілімі мен «Қара сөздерінің» бүгінгі қоғам үшін өзектілігін алға тартты.

Жалпы сұхбатта қамтылған мемлекеттік ауқымды тақырыптар өте көп. Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бағдарламалары аясындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін, жастарға еңбекқорлық, білімге құштарлық пен адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау керегіне де тоқталған. Сонымен қатар, цифрлық дәуір талаптарына сай ғылым мен білім саласында жасанды интеллектінің рөлін арттыру қажеттігіне назар аударды.

Президент 2026 жылы тәуелсіздіктің 35 жылдығы ел тарихындағы маңызды дата екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл кезең – өткен жолды саралап, болашаққа стратегиялық жоспарларды айқындайтын жауапты сәт. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялағанын, бұл шешімнің «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндесетінін жеткізді.

Сөз соңында, Президент жеке өмірлік ұстанымдарына да тоқталып, жауапкершілік пен адалдықты басты қағида санайтынын атап өтті. «Мен – мемлекетшіл адаммын» деген сөзі Мемлекет басшысының саяси болмысы мен қызметінің мәнін айқын көрсететін түйінді тұжырым. Сондықтан, Президент сұхбаты саяси-идеологиялық ұлттық бірегейлікті нығайтуға, қоғамдық сенімділікті арттыруға және елдің стратегиялық даму басымдықтарын айқындауға бағытталған маңызды құжат екені анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:28

12:16

12:04

11:48

11:25

11:09

10:57

10:45

10:29

10:12

09:58

09:39

09:27

09:16

09:06

08:58

08:41

17:52

17:50

17:33

17:25

17:10

17:00

16:50

16:24