Кездесуде коммуналдық қызмет сапасы, жылу мен электр энергиясымен қамту, аулаларды абаттандыру және қауіпсіздік мәселелері көтерілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданына жұмыс сапары кезінде «Алтын Сити» және «На Кассина» тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде коммуналдық қызмет сапасы, жылу мен электр энергиясымен қамту, аулаларды абаттандыру және қауіпсіздік мәселелері көтерілді.
«Алтын Сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындары коммуналдық қызметтердің жұмысына, аумақты жарықтандыру мен көгалдандыруға қатысты шағымдарын жеткізді. Олардың өтініштерін тыңдаған қала әкімі құрылыс салушы компанияға анықталған кемшіліктерді жоюды және тұрғындар алдындағы міндеттемелерін толық орындауды тапсырды.
"Құрылыс салушы компанияға анықталған кемшіліктерді жойып, тұрғындар алдындағы міндеттемелерін орындауды тапсырдым. Бұл жайттар толық шешілгенге дейін компанияның Алматыдағы жаңа құрылыс жобалары ерекше бақылауда болады", – деді қала әкімі.

«На Кассина» тұрғын үй кешенінде негізгі мәселелердің бірі – қазандықтың жұмысы. Бұдан бөлек, тұрғындар инженерлік желілерді коммуналдық меншікке өткізу және кешенге іргелес аумақты абаттандыру мәселелерін көтерді.
Аталған мәселелер тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді. Әсіресе жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мен инженерлік желілердің жауапты ұйымдардың қарауына берілуі маңызды.
"Кездесулер соңында тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне жауапты ұйымдармен бірлесіп, қажетті шара қабылдауды тапсырдым. Әрбір өтініш бойынша нақты орындау мерзімі белгіленді. Тапсырмалардың орындалуын бақылауыма аламын", – деп сендірді Дархан Сатыбалды.
Осылайша, «Алтын Сити» және «На Кассина» тұрғын үй кешендеріндегі коммуналдық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу қала билігінің бақылауында болады.