Мегаполис үшін тығыздық пен тепе-теңдік бірдей маңызды

Мегаполис үшін тығыздық пен тепе-теңдік бірдей маңызды Сурет: автор

Халықаралық деңгейде танылған сәулетші, «Ink Architects» компаниясының негізін қалаушы, RIBA Британдық сәулетшілердің корольдік институтының құрметті мүшесі Нұрлан Қамитов – архитектура әлемінде өзіндік орны бар кәсіби тұлға. Оның жобалары еліміздің сәулеттік келбетіне зор әсер етіп, әлемдік сәулет өнерінің озық тенденцияларымен үндесіп келеді. Нұрлан Қамитовтың пікірінше, архитектуралық жобаларды 50–100 жылға алға қарай жоспарлау өте маңызды, себебі бүгін жүргізілген құрылыс болашаққа әсер етеді. Сәулетші ғимараттардың қауіпсіздігі мен жайлылығы, қалалардың дамуындағы сәулет мәселелері, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік және техникалық аспектілерге қатысты әңгіме өрбіткен едік. 

Заманауи жобалар жаңа леп әкеледі

–     Бұрын пайдаланылмаған не тиімсіз басқарылған аумақтарда жаңа ғимараттар салу мегаполистер үшін қандай маңызы бар?

–      Қала қатып қалған құрылым емес, ол үнемі дамып отырады. Әсіресе,  мегаполистердегі халық күн санап өсіп келе жатқандықтан, дұрыс шешімдер мен идеяларды сауатты жүзеге асыру ғана қала тұрғындарының өмірін жақсарта алады. Статистика деректері бойынша, соңғы 25 жылда Алматы халқы ресми түрде 1 млн.-нан астам адамға өсті. 2050 жылға қарай алматылықтардың саны 3,6 млн. адамға дейін өседі деп болжануда.

Батыста «Infill Development» деген термин бар. Бұл – бұрын пайдаланылмаған немесе тиімсіз басқарылған аудандарда жаңа ғимараттар салу. Мысалы, бос тұрған өндірістік нысандардың, ескі автотұрақтардың, қараусыз қалған ғимараттардың жерлерінде немесе үйлер арасындағы бос аумақтарда жаңа ғимараттар салуға болады.

Осылайша жаңа әрі заманауи жобалар қоғам мен мемлекетке пайда әкелмейтін бос жерлер, тозығы жеткен ескі ғимараттар орнында пайда болады. Мұндай қараусыз қалған аумақтар салдарынан рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері, кеміргіштердің көбеюі, қылмыс пен өрт қаупінің жоғарылауы секілді санитарлық әрі қауіпсіздік мәселелері туындайды.  Жаңа құрылыстар ауданға жаңа леп әкеле алады, маңызды әлеуметтік қызметтерді ұсынады, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер, коворкингтер, саябақтар, паркингтер пайда болып, зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Ал экономикалық тұрғыдан алғанда, қала әкімшілігіне шағын аудандарға қызмет көрсету жеңіл және арзан, ресурстар үнемделеді, көп адам үшін инфрақұрылымды құру оңай, өйткені қажетті пункттерге дейінгі қашықтық аса үлкен олмағандықтан, мұнда адамдар көп жаяу жүреді немесе велосипедпен жиі жүреді.  Сәйкесінше, автомобильдерге деген қажеттілік азаяды. Сонымен қатар, нүктелік құрылыстардағы сәулет, кең пәтерлер мен үлкен терезелер, қауіпсіздіктің ең жақсы технологиялары, балалар мен спорт алаңдары бар аулаларды табиғи, экологиялық материалдармен жаңарту, соңғы ландшафттық шешімдерді енгізу секілді заманауи құрылыс стандарттары қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Дубай тәжірибесі

–      Құрылысты бастамас бұрын қандай әлемдік тәжірибеге сүйенесіздер?

–     Батыста тұрғындар тығыздығы жоғары аудандарда адамдарды бір кеңістікте шоғырландыру арқылы ресурстар үнемделеді. Бұл қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктің және басқа да қызметтердің магистральдық (орталық) ағындарын құруға мүмкіндік береді. Халықтың тығыздығы аз, дамыған жеке секторы бар, сирек құрылысты қала дамыған жағдайда автобустар мен троллейбус саны да артады. Тәжірибе көрсеткендей, жолдарда көлік толып, кептелістер жасайды. Сондықтан қаланың барлық аудандарының теңдей дамуы, өзін-өзі қамтамасыз ете алуы және халық үшін барлық қажетті қызметтер мен ғимараттары, тұрғын үйлері мен жұмыс орындарының болуы өте маңызды. Мысалы, Америкадағы ең ірі орталықтардың бірі Майамиде тұрғын үй кешендері, қонақүйлер, конференц-орталық пен дүкендер, бизнесті тарту, кәсіби қызметтер, қаржы және сауда, қонақжайлылық саласында жұмыспен қамту ұлғайып, көпфункционалды түрде дамуда. Ал Алматыда, жалпы, қоғамға оң әсер ететін әрі қарқынды дамып жатқан Ботаникалық бақ, Тереңқұр, Есентай, Сайран көлінің жағалауы секілді жобаларды атай аламыз.

Құрылыс бойынша әлемдегі озық үлгі Дубайдан байқалады. Өйткені, мегаполис қоғамдық көлікті белсенді пайдалану мен аумақты жандандыру үшін метро станцияларының жанындағы, негізгі көлік тораптарының айналасындағы құрылысты тығыз салады. Бұл жұмысқа, дүкенге, ойын-сауық орталықтарына қысқа уақыт ішінде жетуге болатын «20 минуттық қала» тұжырымдамасы аясында жасалады. Мәселен, Бурдж-Халифада тұрғын үйлер мен коммерциялық үй-жайлар қатар шоғырландырған. Ал Прагада халық саны артқанмен, билік қолданыстағы жасыл аймақтарды сақтауға және тіпті кеңейтуге тырысады.

Кемінде 50100 жылдық болашаққа жоспарлануы керек

–      Қаладағы ғимараттарды тұрғызу кезінде нені ескеру керек?

–     Бірінші кезекте жаңа ғимараттардың барлық деңгейдегі қауіпсіздігі, келбеті, оның масштабының өзге орталықтармен үйлесуі, жергілікті тұрғындар үшін жайлылық мәселелері, инженерлік жүйелерге артылатын жүктеме  қаперге алынуы керек. Мұнда көп нәрсе жергілікті биліктің де, құрылыс салушылардың да құзыреттілігі мен жауапкершілікпен қарауына байланысты. Ал нүктелік құрылысқа тыйым салу қалалардың болашақ дамуындағы мәселесін шешпейді. Керісінше, бұл қиындықтар тудырады. Кем дегенде 50–100 жылдан кейінгі болашақты ойлау және жоспарлау маңызды.

Негізінен, қала әкімшілігі даму перспективаларына негізделген сәулет жобаларына арнап халықаралық жарыстар өткізеді. Мәселен, біздің компания Алматыдағы «Батыс қақпа» және «Шығыс қақпа» полиорталықтарының жобаларын, Өзбекстандағы Чирчик өзенінің бойындағы аумақты дамыту жобасын дайындауда, Әзербайжандағы Баку маңындағы Каспий теңізінің жағалауындағы «Sea Breeze Resort» курорттық және тұрғын үй кешенінің жобасына қатысуда. Осылайша Grand Chirchik жоспары тұрғын үй аудандарындағы саябақтарды, каналдар мен қоғамдық кеңістіктерді құруды қамтиды. Мұндай аудандар сонымен қатар әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көлік аялдамаларының жаяу жүргіншілерге қолжетімділігін, құрылыстың көпфункционалдығын, велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы көшелерді, тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға арналған кеңістіктерді де ескереді. Сондықтан тұрғын үй құрылысының тығыздығы жергілікті бизнес пен қызметтердің дамуына мүмкіндік береді.

Қалалардағы халық саны қарқынды өсе беретінін түсіну керек, сондықтан қолданыстағы ғимараттар шегінде тұрғын үй мүмкіндіктерін кеңейту немесе жаңа аудандарды жобалау мәселесі жыл сайын бүкіл әлемде өзекті бола түседі. Әлемнің көптеген ірі мегаполисін, соның ішінде Вашингтон немесе Лондонды дамыту тәжірибесі осындай. Мәселен, Ұлыбритания астанасында көптеген ірі орталық бар – қаржы жағынан Сити (City of London), Канари-Уорф (Canary Wharf), саяси және мәдени Вестминстер (Westminster), Саут-Банк Кварталы (Southbank Centre), Ковент-Гарден (Covent Garden), Кингс-Кросс және Клеркенвелл (King's Cross and Clerkenwell, дизайн және медиа шығармашылық индустрия орталықтарына айналған бұрынғы өнеркәсіптік аудандар). Осы тұрғыда тығыздық тепе-теңдігі ғылыми тұрғыдан, жан-жақты, ойластырылған тәсілмен анықталуы керек.

Сұхбаттасқан

Дана САДЫРҚАН.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:10

10:56

10:47

10:35

10:27

10:11

10:02

09:49

09:33

09:23

09:07

08:59

22:32

17:51

17:43

17:42

17:28

17:14

17:01

16:12

15:53

15:41

15:01

14:56

14:27