Алматы тұрғындары мен қала қонақтары «MEGA Park» сауда-ойын-сауық орталығында өткен жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған мерекелік концертті тамашалады. Мерекелік іс-шараны жаңа Конституцияны қолдауға бағытталған қалалық коалиция ұйымдастырды.

Аталмыш сауда орталығы халық жиі бас қосатын әрі жастардың сүйікті демалыс орны. Сондықтан болар, мерекелік концерттің тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Күнделікті сауда мен демалу үшін келген тұрғындар бұл жолы сахнадан жанды дауыста ән салған сүйікті әншілерін кездестірді. Әрине, мұндай форматтағы іс-шаралар мегаполистің қарбалас тіршілігінде сирек кездесетіні анық.
Дегенмен, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ұсынып, ән мен күй, сахналық қойылым мен заманауи интерпретациялар арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір номер тек эстетикалық әсер беріп қана қоймай, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде ұйыстыруға бағытталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлаумен қатар, алда өтетін жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі референдумның маңызын кеңінен түсіндіру. Осыған орай концертке қалалық мәслихат депутаты Серік Есматов бастаған жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, көрермендермен ашық форматта пікір алмасты. Бұл – мәдени кеңістікте азаматтық диалог орнатудың тиімді үлгісі. Концерт аясында сөз алған танымал әнші Қазыбек Әдікей мұндай бастамалардың қоғамдық мәніне тоқтала келе,
«Сауда-ойын-сауық орталығы – халық ең көп жиналатын орын. Мұнда әртүрлі жастағы, тіпті әртүрлі көзқарастағы адамдар келеді. Осындай ортада референдумның ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіру – азаматтық жауапкершілікті арттырады. Сондықтан ресми жиналыс немесе құрғақ ақпараттан гөрі, дәл осындай тәсіл, яғни өнер мен музыка адамның санасына тез жетеді. Көрермен өзін үгіт-насихаттың объектісі емес, ортақ ойдың бір бөлшегі ретінде сезінеді. Бұл – белсенді азаматтық позицияны қалыптастырудағы маңызды фактор, – десе, ұйымдастырушылар жағы да бұл пікірді қостап, мұндай концерттер алдағы уақытта да қала әкімдігінің қолдауымен өзге сауда-ойын-сауық орталықтарында жалғасын табатынын жеткізді.
Мерекелік концертте белгілі әншілер Бибігүл Қилымхан, Абай Бегей, Інжу Әнуарбек, Ермек Меденов және «Даро», «Бақай» топтары қатысып өнер көрсетті. Аталмыш жиынның ұйымдастырушылары да көпшілікке ризашылықтарын білдірді. «Жастар рухы» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы, жастар көшбасшысы Дидарбек Ділдәбек«Бұл бастама жаңа Конституция жобасын қолдаудың қосымша алаңына айналып, қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етпек. MEGA Park-та өткен мерекелік концерт – мәдениет пен азаматтық сананың тоғысқан нақты үлгісі. Осындай форматтағы іс-шаралар қоғамды бей-жай қалдырмай, әрбір азаматты ел тағдырына ортақ жауапкершілікпен қарауға жетелейді, – деп кешті түйіндеді.