Елордада халықаралық деңгейдегі Astana Media Week шарасы ресми түрде ашылды
Биылғы апталықтың басты тақырыбы – «Медианың ықпалы және цифрлық үйлесім». Алдағы үш күн бойы жетекші мамандар, халықаралық ұйымдар өкілдері және белгілі журналистер медиа саласының өзекті мәселелерін талқылайтын болады.
Сонымен қатар, жаһандық медиа ұйымдардың өкілдері мен сала көшбасшылары пікір алмасып, әлемдік трендтер және медиа-коммуникация саласындағы үздік тәжірибелерін ұсынатын болады. Оған қоса, іс-шара барысында 25-26 қыркүйек күндері «Контент-Маркет» өткізіледі. Бұл шарада телеарналар мен продакшн студиялар өздерінің медиа жобаларын таныстырады деп жоспарлануда.
Ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын вице-министр Қанат Ысқақов оқып берді.
«Құрметті әріптестер, сіздерді жыл сайынғы Astana Media Week шарасының ашылуымен құттықтаймын. Биыл «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбында өтіп жатқан апталық, қоғамдағы өзгерістер мен ақпараттық технологиялардың маңызын айқындай түсуде. Медиа тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы әрі мәдениетке ықпал етуші рөл атқарады. Цифрлық технологиялардың дамуы осы үрдістерді жаңа деңгейге шығарып, медианың ықпалын күшейтеді. Бұл медиа мамандарының біліктілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі. Astana Media Week медиа саласының көшбасшылары мен сарапшыларын бір арнаға тоғыстырып, маңызды мәселелерді талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – делінген құттықтауда.