ҚР Ұлттық кітапханасында журналист, медиа зерттеуші, филология ғылымының кандидаты Есенгүл Кәпқызының «Медиа мәтінді талдау әдістері» атты кітабының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Журналистика ғылымы мен медиа саласының мамандары бас қосқан іс-шарада жаңа еңбектің мазмұны мен маңызы кеңінен талқыланды.
Кітап таныстырылымында Қарлыға Мысаева, Ғалым Жүсіпбек, Әсия Бақдәулет, Елнұр Әлімова қатарлы белгілі ғалымдар, медиа саласының майталмандары қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Әрқайсысы еңбектің журналистика ғылымындағы орнын атап, медиамәтінді зерттеу мен талдаудың қазіргі ақпарат кеңістігіндегі өзектілігіне тоқталды.
Қарлыға Мысаева кітаптың ғылыми сипатына назар аударып, медиамәтінді талдаудың теориялық негіздерін жүйелеудің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, журналистикадағы мәтінмен жұмыс тек ақпаратты мазмұндаумен шектелмеуі керек. Мәтіннің құрылымы, авторлық ұстанымы, қолданылған тілдік тәсілдер мен аудиторияға ықпалы қатар сараланған кезде ғана медиамәтіннің табиғатын толық түсінуге болады. Осы тұрғыдан ол Есенгүл Кәпқызының еңбегін ғылыми ізденісті тәжірибемен ұштастырған маңызды жұмыс ретінде бағалады.
Ғалым Жүсіпбек кітаптың практикалық қырына басымдық берді. Ол медиамәтінді талдау әдістерінің журналистика мамандығында білім алып жүрген студенттер үшін ғана емес, күнделікті ақпаратпен жұмыс істейтін кәсіби журналистер үшін де қажет құрал екенін айтты. Оның пайымынша, мәтінді сауатты талдай білу журналистің ақпаратты іріктеуіне, дерек пен пікірдің аражігін ажыратуына және оқырманға сапалы материал ұсынуына ықпал етеді.
Ал Әсия Бақдәулет еңбектің бүгінгі медиа кеңістіктің талабымен үндесетініне тоқталды. Ақпарат көлемі артқан қазіргі кезеңде журналист үшін мәтінді қабылдап қана қоймай, оның астарындағы мақсат пен мазмұнды ажырата білу маңызды екенін атап өтті. Осы тұрғыдан кітаптың жас мамандарға медиамәтінге сындарлы әрі кәсіби көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кітап редакторы Жұлдыз Әбділда автордың тақырыпты жүйелі түрде ашуға ұмтылғанына тоқталды. Оның айтуынша, еңбектің басты ерекшелігі – күрделі ғылыми ұғымдарды журналистика тәжірибесімен байланыстыра қарастыруында. Редактор кітаптың мазмұны оқырманға түсінікті әрі қолдануға ыңғайлы болуына басымдық берілгенін атап өтті.
Тұсаукесерге арнайы келген атақты медиаменеджер Нұржан Жалауқызы да авторға ізгі тілегін жеткізді әрі еңбекті журналистика ғылымына қосылған ұтымды оқулық ретінде бағалады.
– Арнайы шақырып, құрмет көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Есенгүл Кәпқызының бұл кітабы – журналистика ғылымына қосылған ұтымды оқулық. Шәкірттері жетістігімен қуанта берсін, – деді Нұржан Жалауқызы.
Журналист, «Қазақ газеттері» серіктестігінің ардагері Ләззат Ноғайбаева іс-шараның мазмұнына ғана емес, Есенгүл Кәпқызының ұстаздық қызметіне де жоғары баға берді. Ол автордың жастардың ғылымға және журналистикаға қызығушылығын арттырып, кәсіби ізденісіне бағыт беріп жүргенін ерекше атап өтті.
Жиын барысында автордың шәкірттері Жәнібек Нұрыш, Жанерке Құмар және фотограф Әйгерім Бегімбет арнайы Шымкенттен келіп, ұстаздарына тосынсый жасады. Шәкірттердің алыстан арнайы ат терлетіп келуі жиынның ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Айта кетейік, кітаптың тұсаукесерін ұйымдастыруға SDU университетінің Әлеуметтік ғылымдар, Бизнес және Құқық мектебі, декан Берік Сабденалиев, ғылым жөніндегі деканның орынбасары Мадина Есіркепова, «Журналистика» мамандығының директоры Баубек Сағындық, университеттің PR бөлімі, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенова және әріптестері атсалысты.
«Медиа мәтінді талдау әдістері» кітабының тұсаукесері осылайша автордың жаңа еңбегін таныстырумен шектелмей, журналистика ғылымының бүгінгі бағыттары, медиа мәтіннің табиғаты және жас мамандардың кәсіби қалыптасуы төңірегінде ой тоғысқан мазмұнды кездесуге ұласты.