Медеу ауданында кәсіби бағдар беру акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Отбасын қолдау орталығында жастарға арналған кең ауқымды кәсіби бағдар беру іс-шарасы жалғасып жатыр. Басты мақсат – мектеп оқушылары мен талапкерлерге болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесу, еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттармен таныстыру және жеке қабілеттерін ескере отырып, кәсіби жолын айқындауға бағыт-бағдар беру.
Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаевтың айтуынша, аудан әкімдігі аппаратының бастамасымен сәуір айы бойы «Кәсіби бағдар – 2026» ауқымды акциясы жүзеге асырылуда.
– Акция бір айға жоспарланған және ауданымыздағы 29 мектеп пен колледж түлектерін қамтиды. Бүгінде қарқынды өзгеріп жатқан заманда жастарға сұранысқа ие мамандықтар, білім алу мүмкіндіктері және кәсіби даму бағыттары туралы нақты әрі сенімді ақпарат беру аса маңызды, – деді ол.
Іс-шара барысында оқушылар мен талапкерлер мамандық таңдау, білім беру бағдарламалары, оқу орындарына түсу жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Кәсіби бағдар беру жұмыстарына білім беру саласының сарапшылары, арнайы мамандар және түрлі ұйым өкілі тартылды.
Қатысушылар әртүрлі сала маманымен кездесіп, олардың тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар интерактивті сессиялар ұйымдастырылып, кеңес беру алаңдары жұмыс істеді. Арнайы презентациялар арқылы оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктері таныстырылды.
Медеу ауданы Отбасын қолдау орталығының басшысы Арлан Әубәкіровтің мәліметінше, өзге аудан оқушылары да орталыққа жиі келеді.

– Біз бұл жұмысты ай соңына дейін жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қатысушы саны өте көп. Бұрын тек 9 және 11-сыныптарға бағытталса, қазір 8–11 сынып оқушыларын толық қамтып отырмыз. Басты мақсат – оқушыларды қызықтырып қана қоймай, нақты бағыт беру. Олар өздеріне ұнаған мамандық бойынша ақпарат алып, байланыс орнатып, әрі қарай өз бетімен ізденеді, – деді ол.
Спикердің айтуынша, оқушылар көбіне өздеріне жақын орналасқан оқу орындарын таңдайды. Сонымен қатар қазіргі кезде колледждер мен университеттерде мамандықтар ауқымы кеңейіп, бұрынғыдай тар шеңбермен шектелмейді.

Алматы технологиялық университетінің өкілі Калима Елшібаева оқу орнының мүмкіндіктерімен таныстырды.
– Университетіміздің 70 жылдық тарихы бар. Біз жеңіл және тағам өнеркәсібі салалары бойынша мамандар даярлаймыз. Бүгін оқушыларға ҰБТ, білім беру бағдарламалары, жаңа мамандықтар мен грант мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп жатырмыз. Әсіресе тағам технологиясы, ІТ, туризм, мейрамхана ісі және сән-дизайн бағыттарына қызығушылық артып келеді, – деді ол.
Ал студент Айдана Көшербай мұндай кездесулердің тиімділігін атап өтті.
– Бұл – мектеп бітірушілер үшін өте пайдалы мүмкіндік. Біз колледждегі мамандықтар туралы толық ақпарат береміз. Кейбір бағыттар бойынша ҰБТ-сыз да, аттестат пен психологиялық тест арқылы грантқа түсуге болады, – деді ол.
Алматы теміржол және логистика колледжінің маркетологы Аяжан Төлеуқызы да іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Осындай кездесулер оқушыларға дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Теміржол, автоматика, логистика, вагон шаруашылығы және жолсерік мамандықтары бойынша жастарды сапалы білім алып, білікті маман болуға шақырамыз, – деді ол.
Жалпы, кәсіби бағдар беру акциясы аясында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдау мүмкіндігіне ие болды. Мұндай бастамалар жастардың өз жолын дұрыс айқындап, қоғамда сұранысқа ие маман иесі болуына зор ықпал етері анық.
Дана САДЫРҚАН