Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін 250 оқушы бірге шырқады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Медеу ауданында хакімнің рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Абайға тағзым» атты іс-шара өтті. Абай ескерткіші жанында ұйымдастырылған іс-шара ақынның бай шығармашылық мұрасын дәріптеп, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, сондай-ақ жастарды білімге, адамгершілікке және отансүйгіштікке баулуды мақсат еткен.
Жиын барысында Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ұлы ақын рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етілді. Гүл қою рәсіміне Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алмас Тілеубаев, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұралиева және аудан мектептерінің өкілдері қатысты.
Мерекелік бағдарламада Абай шығармалары кеңінен насихатталды. Опера әншілері «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқаса, жас дарындар ақынның бейнесін байыптар, табиғаты танытар өнер өрнегі – театрландырылған көрініс ұсынды. Медеу ауданындағы мектептерде білім алып жатқан 8–9-сынып оқушылары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Жиынға жиналған көпшілік арасынан Абай мұрасына ықыласты оқырмандармен қатар, шетелдік туристер де табылды. Олар Абай өнегесі жайлы сұрақ сұрап, шығармашылығына қызығушылық танытып жатты.
Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін 250 оқушының бірге шырқауы іс-шараның ең әсерлі сәті болды. №5 Оқушылар үйінің директоры Сайрагүл Шағатаева мұндай іс-шаралардың маңызы айрықша екенін айтты:
– Ең маңыздысы – балалардың Абайды тек ақын ретінде танып қана қоймай, оның «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді құндылықтарын бойына сіңіруі. Технология мен білім өте жылдам дамып жатқан кезде, Абайдың білімге ұмтылу, еңбек ету, адам болып қалыптасу туралы ойларының маңызы тіпті арта түсуде, – деді Сайрагүл Садыққызы.
№172 мектептің мұғалімі Біржан Қайратұлы Абай шығармаларындағы адам өмірі мен болмысына қатысты терең ойларға тоқталып, ақынның сөзді орнымен қолданып, ойын шешен әрі нақты жеткізе білгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі оқушылардың Абай шығармашылығына қызығушылығы жоғары, сондықтан балаларға алдымен түсінікті туындыларын ұсынып, жасына қарай күрделі шығармаларына бағыттау – ақын мұрасын терең меңгертудің тиімді жолы.
Абай күніне орайластырылған, мерекелік іс-шаралардың мән-маңызы терең. Мектеп директорлары, ұстаздар, оқушылар мен қоғам белсенділері Абай аясында бір арнаға тоғысып, рухани құндылықтар қырқасында қауышты. Мұндай іс-шараға Алматы қаласындағы Медеу ауданының Білім бөлімі мен №5 Оқушылар үйі мұрындық болды.
Дастан ҚАСТАЙ