ffin.kz

Маралтай Райымбекұлы, ақын: «Ақиқат бәрінен де қымбат»

Маралтай Райымбекұлы, ақын: «Ақиқат бәрінен де қымбат» almaty-akshamy.kz

Кеше ғана барша қазақтың қабырғасын қайыстырып, ел іргесін сөге жаздаған қаңтар қасіреті, қаңтар көтерілісінің жаппай толқулары болып өткені белгілі. Біз бұл жерде алдымен қаңтар оқиғасы ма, әлде қаңтар көтерілісі ме соның ара жігін ажыратып алғанымыз дұрыс.


Менің түсінігімде қазақтың Ұлы Даласында сол күндерде қасіреттің қара туы көтеріліп тұрды десем, қаталеспеймін. Жанымызды шүберекке түйген сәттер өтті. Сәттер өтті дейміз-ау, сол сәттердің жүрегімізді жаншыған қара табан іздері әлі сейілген жоқ. Қара бұлт күннің көзін көлегейлеп тұрды. Қазақты сүйген, қазақ мемлекетін сүйген әрбір қазақ баласы осындай күйді бастан кешірді. Бұл бас көтеру шын мәнінде барша қазақ баласының әлеуметтік теңдік жолындағы үні деп айтуға болатын құбылыс еді. Қазақтың бойындағы асқақ ұлы рух, баяғы ұлы далалық рух қайтадан бой көтергенін сезінген сияқты болдық. Әлеуметтік теңсіздік, кемшіндік, қазақ халқын осындай жағдайға жеткізгенін мойындауға тиіспіз.



Осынау ауыр күндерде, ауыр сәттерде қазақ баласы шын мәнінде де орталық алаңнан табылуға тиісті еді! Бірақ біз ойлағандай, біз күткендей бейбіт шеру өзінің талап еткен мәселесі мен өзінің мұратына жетіп тоқтайды деген үмітіміз біржолата өшкендей болды. Ауыр, өте ауыр сәттер өтті. Қиын күндер өтті. Ұлы даланың бүгінгі ұрпағы иінінен демалып тұрды. Біздің мемлекетімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төнді, қатер төнді. Бұл істің аяғы дәл осылай насырға шабады деп ойлаған жоқпыз. Бірақ, өкінішке орай, осындай өте ауыр дүние орын алды. Қазақтың өз еркін ойын айтамыз, әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеуге өз үнімізді қосамыз деген боздақтарына қарата оқ атылды. Біздің бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәселенің  басы мен жағын айырып, халықтың алдына қоюы керек.



Сол кезде ғана қазақтың жүрегіндегі, халықтың көңіліндегі ала құйын, екі ойлы дүниелер өз арнасына түсуі мүмкін. Қазір елге шындық керек, шындыққа көз жеткізуі керек. Қазір елімізде қанша адам болса, сонша ой-пікір бар, қарама-қайшылықтар бар. Біздің көзіміз шындыққа әлі жетпей отыр. Ақиқат пен шындық қайсы, жалған дүние қайсы - беймәлім. Көкірегі ояу, көзі ашық деген ел ағаларының өзі әлі күнге дейін оңы мен солын тани алмай тұр. Сондықтан да  Президент әрі қарай елді ақ жолмен, тура жолмен бастауы үшін ақиқатты таразылап, ағын ақ, қарасын қара деп, халықтың соған көзін жеткізуі керек.



Қаңтар қасіреті шын мәнінде xалыққа шым-шытырық, лабринт сияқты шығып болмайтын бір ну орманға кіріп кеткендей хал кештіріп отыр. Жеме-жемге келгенде ақиқат айтылуға тиісті. Халық ақиқатқа көзін жеткізуі керек. Бұл, біріншіден, халықты құрметтеу, сыйлау, екіншіден, мұндай оқиға алдағы уақытта тағы да орын алмауы үшін  қаңтар қасіретінің ақ-қарасына жету Президенттің өзіне де аса қажет. Қалай болғанда да, не десек те, болатын нәрсе болды, бояуы сіңді. Бұның бояуы оңайлықпен кете қоймасы анық. Біз осынау қиын-қыстау шақтарда мемлекетіміздің іргесін шайқалтпай ұстап қалған, елді бір тудың астына жинай білген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасынан табылуымыз керек.



Біз Президентімізге мүмкіндік беруіміз керек сияқты, сенуіміз керек сияқты. Сондықтан да мынау қасірет шеккен қазақ баласына, әлі тергеуде жатқан шын қылмыскер ме, қылмыскер емес пе, әлі анықталмаған, азап шегіп жатқан бауырларымызға қол ұшын созуға тиістіміз. Осы бір кезеңдер, осы бір тұс қазақ басына бұрын-соңды болмаған ауыр, өте ауыр сынаққа әкеліп маңдай тіретті. Баяғыда айтатын не болу, не болмау деген Гамлеттің сұрағы біздің алдымызда тұр. Ел боламыз десек, ел болып сақталып қаламыз десек, айналайын қазақ елім, бауырларым, үлкен-кіші ақылға келіп, сабырға келіп, пайыммен, парасатпен бір-бірімізді сыйлап, құрметтеп, жанымызға көлеңке түсірмей, үлкен жүрекпен, кең көңілмен бір-бірімізді қадірлей білуіміз керек.


Әлі де бір қою, бұлыңғыр тұман ішінде тұрған сияқтымыз. Бізге керегі – ақиқат, шындық. Шындық пен ақиқат айтылған кезде ғана xалықтың көңілі мұздай еріп, жайылып сала беруі мүмкін. Сондықтан да Президенттен шындық күтеміз. Қазіргі сәтте бүкіл ел-жұрт Президентімізге жарқын болашағымыздың кепілі болады деген үлкен үмітпен қарап отыр. Президент өте қиын кезде, ауыр кезде жалғыз өзі шешім қабылдауға мәжбүр болды. Бұл шешімнің қарғысын алатын да – Президент, алғысын алатын да – Президент. Ал, бұған уақыт пен ақиқат төреші болмақ.



ҚАҢТАРДЫ СЕПТЕУ


Қаңтардың күні қарға адым,


Қаңтардың түні тым ұзақ.


Қаңтардың түні жап-жарық,


Қаңтардың күні қараңғы.


 


Қаңтарға өкпе жүре ме?


Қаңтарға тұрмын қол соғып.


Қаңтарға айтар датым бар,


Қаңтарға руx көшкенде.


 


Қаңтарды әлем таныды,


Қаңтарды енді ұмытпас.


Қаңтарды жұлқып оятты


Қаңтарды қазақ намысы.


 


Қаңтарда ішке қан қатты,


Қаңтарда үміт оты бар.


Қаңтарда жарап қаһарлы


Қаңтарда бура-бауырлар


 


Қаңтардан әппақ үн көрдім,


Қаңтардан xалық бақытын.


Қаңтардан көкке ұмсындым,


Қаңтардан алар қақым бар.


 


Қаңтармен ұйқы жоғалды,


Қаңтармен қатар қамықтым.


Қаңтармен бірге жүрегім,


Қаңтармен түгел тілеуім.


 


МАРАЛТАЙ РАЙЫМБЕКҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32