ffin.kz

Мақсат ХАЛЫҚ, қаржыгер: Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы

Мақсат ХАЛЫҚ, қаржыгер: Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы Сурет: ашық дереккөз

 Алматыда тұңғыш рет тек қазақ тілінде «Sana Business Forum» аталатын бизнес форум өтеді. Алқалы жиынға қаржыгерлер, экономистер және кәсіпкерлер қатысады. Жиынды ұйымдастырушылар оны экономика, бизнес және қаржы салаларында тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелердің шешімін табуға септігін тигізетін кәсіби платформаға айналдыруды көздеп отыр. Осыған орай, біз тұңғыш рет мемлекеттік тілде бизнес форумды ұйымдастырушылардың бірі, белгілі экономист, қаржыгер Мақсат ХАЛЫҚПЕН тілдескен едік.


 САНАДА МӘДЕНИ ТӨҢКЕРІС ЖАСАУ КЕРЕК


– Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ тілінде «Sana Business Forum» өтеді. Жаңа жағдайдағы бизнес мүмкіндіктерін қарасты­руға арналған форумға Үкімет мүшелері, беделді бизнесмендер, жергілікті кәсіпкерлер қатысуда. Бүгінгі іскерлік жиынның маңы­зы туралы айта кетсеңіз...


– «Sana Business Forum» бизнес форумы еліміздің тарихында елеулі орын алады. Мұны өткізу қоғам қажеттілігінен туып отыр. Бұған дейін қаншама бизнес форумдар өтті. Мемлекеттік деңгейде де өткізілді. Бәрінің басы мемлекеттік тілде басталып, аяғы орысшамен тынады. Бастан-аяқ қазақ тілде өт­кен форум некен-саяқ. Әрбір эконо­микалық форумға қатысқанда іш­тей қынжыламыз. «Қазақша өткізетін спикерлер жоқ, форум­ның деңгейі төмендеп кетеді» деген сылтаулар айтылады. Осы стерео­типті бұзуға ықпал етіп жатқан ниетіміз бар. Осы бағытта жұмыс жасап отырмыз. Біз мұны барынша жоғары деңгейде өткізуге күш сал­дық. Мақсат – үкімет, бизнес, ғы­лым арасында байланыс орнататын үлкен платформа құру. Өйткені, алқалы жиынға үкімет мүшелері, ғалымдар, нарықтағы тәжірибелі мамандар, белгілі кәсіпкерлер тар­тылды. Өздерінің ойларымен бөлісті. Бастысы, үкімет мүшелері­не де тікелей ұсыныс айтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, «Sana» деп атауымыз бекер емес. Біз ұлт­тық экономиканы қалыптастырып, халқымыздың әл-ауқатын артты­рып, өзіндік бірегей экономика құ­руға ұмтылсақ – әуелі санада өз­герістер болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, санада мәдени төңкеріс жасауымыз тиіс.


– Қаржының есепсіз сыртқа кетіп жатқаны рас. Қазір Қазақстан басқа елдер үшін майшел­пек және банан елге айналып отырғаны өтірік емес. Осы тұста сыртқа кеткен қаржыны қайта­ратын заңға қол қойылды. Мұ­ның елге тигізер пайдасы неде?


– Сыртқа кеткен активтерді қайтаратын заң шықты. Арнайы комиссия құрылды. Бірақ бұл ко­миссия Бас прокуратураға емес, ел Президентіне тікелей бағынуы қа­жет деп есептейміз. Себебі, оның дәрежесін, құзыретін осылай ғана арттыра аламыз. Бұған кімдер мүше болады, ол жағы өте маңыз­ды. Онымен қоса, 100 миллион доллардан асатын соманы іздейтін көрінеді. Кейін одан да төмен қара­жаттарға іздеу салады. Тіпті, 1 миллион доллар қаржы болса да, ол – халықтың қаржысы. Ел-жұрт­тың салығынан жиналған бюд­жеттік қаражат. Неге оны сана­мауымыз керек? Меніңше, қоғамдық бақылау болуы тиіс. Осыған дейін елімізден шығып кеткен 160 миллиард доллар былай тұрсын, әлі де заңсыз және заңды жолмен, әртүрлі схемамен шығып жатқан қаражат көп. Сондықтан осындай қитұрқы схеманың жолын бөгеуіміз керек. Мәселен, шелектің түбі тесік болса, одан судың ағуы ешқашан тоқтамайды. Шелектің тесігін бітеп, шетелге кеткен қара­жатты нақты қайтару жолдарын жасайық. Әртүрлі бейресми дерек­терде 200 миллиард доллардан асады делінеді. Теңгеге шақсақ, 100 триллион теңгеден асады. Бұл – Қазақстанның жалпы ішкі өнімімен тең қаражат. Яғни тағы бір Қазақстан шетелде жүр деген сөз. Қазір қайтқан мал-мүлікті жа­рияға жар салып, айқайлап айтып жүрміз. Алайда, бар болғаны – 730 миллиард теңге. Ол әлгі мысалға алған 100 триллион теңгенің 1%- ына да жетпейді. Жарайды, 30%-ы қайтса бір жөн. Сондықтан алда қыруар жұмыс атқару қажет. Көз­бояушылықтан гөрі жоспарлы, жүйелі жұмыс жасауымыз тиіс.


Сырттан қайтқан қаржыны Ұлттық қорға түгелдей аудару қа­жет. Мемлекет басшысының баста­масымен 18 жасқа дейінгі балалар­ға е сепшот ашылып, Ұлттық қордан қаражат бөлінеді. Елге қай­тып жатқан мол қаржыны сонда аударсақ, көлемі ұлғаяды. Қазіргі уақытта онда 57 миллиард доллар бар деп айтылады. Шетел асқан мал-мүліктің 50 миллиард долла­рын қайтара алсақ, Ұлттық қорда­ғы қаржы 100 миллиардқа жетеді. Көлем артқан сайын инвестиция­лық кіріс тек көбейеді. Қазір тағы да қор ашылып соған шетелден қайтқан қаржыны салмақшы. Бізде ондай қорлар ашылды ғой. Мыса­лы, «Қазақстан халқына» деген қор бар. Ол туралы көп айтылмайтын болды. Қаражаты қайда, қалай жұмсалып жатыр беймәлім. Жаңа­дан ашылатын қор да соның кебін кимесіне кім кепіл? Егер сырттан келген қаражаттар Ұлттық қорға құйылса, онда Ұлттық банктің қа­дағалауында болады. Сосын Ұлт­тық қорға да түрлі себеп айтып, қол сала бермейік. Бюджет тапшылы­ғын Ұлттық қор аударымдары ар­қылы толтырып отырмыз. Яғни келешек ұрпақ қорын анау-мынау­ды дақпыртып жұлмалап жатыр­мыз. Демек, елдегі бюджет саяса­тын қайта қарайтын кез жетті.


БІЛІМ ОШАҚТАРЫНА «ҚАРЖЫЛЫҚ ӘЛІППЕ» ПӘНІН ЕНГІЗГЕН ЖӨН


– Халықтың қаржылық сауа­тын арттыру үшін не істеуіміз керек?


– Ең бірінші кезекте, ұлттық бағдарлама қабылдау керек. Бүгін­де Ұлттық банктен, Қаржылық қа­дағалау агенттігі бөлініп кетті. Оларда халықтың қаржылық сауат­тылығын арттыруға қатысты бағ­дарлама жұмыс жасайды. Алайда, оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұл мемлекеттік дәрежеде үлкен мән беретін бағдарлама болуы тиіс. Мектептің 4-сыныбына «Қаржы­лық әліппе» деген пән енгізуге бо­лады. Себебі, Гарвард универси­тетінің зерттеуін негізге алсақ, 7 жастан бастап қаржылық білім бере беруге болатын көрінеді. Әри­не, енді әріп т ани баст аған бүлдіршінге қаржы туралы айтқан ерте болар. Дегенмен, 10 жастың шамасындағы балаға қаржы әліп­песін үйретуге болады. 6-7-сыныпқа көшкенде «Экономикалық кіріспе» деген пәннен сабақ берсек дұрыс-ақ болар еді. 9-10-сыныпта «Кәсіп­керлік негіздері» деген пән енгізейік. Сонда өз ұрпағымыздың қаржы жөнінен сауаттылығын арттырып, бизнеске ынтасын ашар едік.


Тағы бір мәселе – мұғалім. Са­бақ сағатын толтыру үшін кітапха­нашы, география, математик кәсіп­керлік жайлы дәріс беріп кетпеуі керек. Бұл сабақты арнайы дайын­далған экономист, қаржыгерлер оқытуы қажет. Сол кезде қандай да бір эффект орын алады. Сондай-ақ, балаларға арналған қаржылық кі­таптар дайындалса деген ойдамыз.


Мемлекеттік телеарналарда арнайы бағдарламалар жүрсе деймін. Онда қалай қаржыны үнем­дейміз, қор нарығы, депозит, обли­гация, акция және т.б. көтеретін тақырып жетеді. Сонымен қатар, несиеге әдейі тоқталайық. Кіріс пен шығыс категориясын есептеу, неғұрлым шығындарды азайтып, кірістерді ұлғайтуға болады – бәрі- бәрін қарайық. Қаржылық сауатты­лыққа қатысты оқыту, үйрету плат­формасы құрылуы тиіс.


– Біздегі жаппай 10% салық саясатынан бас тартып, дамыған елдердегі озық тәжірибелерді енгізетін кез келді ме?


– Әлбетте! «Салық кодексі» әзірленді. Жеке табыс салығын салу бойынша прогрессивті көр­сеткіш қолданылатын болып тұр. Мәселен, 100 мың теңгеге дейін айлық алатын азаматтарға мүлдем салық салынбауы керек. Одан жо­ғары болса белгілі бір деңгейде пайыздарды көбейте берсе болады. Табысы 1 миллионнан теңгеден асса 15%, 2 млн-нан асса 20 % деп бөліп қарастыруға болады. Табы­сына қарай салығын салу өте ма­ңызды. Белгілі бір деңгейде бюд­жет кірістерін арттырады. Содан кейін «Байлық салығы» жөніндегі ұсыныстар айтып жүрміз. Бұл да тым шектен шықпауы қажет. Бел­ден бассақ, бай-қуаттылар байлы­ғын жасыра бастайды. Көлеңкелі экономика өседі. Еуропа елдерінде салық төлемеуі үшін азаматтықтан бас тартып, өзге жақтан азаматтық алып жататын жағдайлар ұшыраса­ды. Бізде өте қымбат тауарлар алып, Ferrari, lamborghini автомо­бильдерін мінгісі келетіндер же­терлік. Оларға тиісті салығын салу қажет. Өйткені, сондай дәрежеге лайықты болып жүргің келсе, өз мемлекетіңе салықты көп төле. Бұндай салық реформасы аса ау­қатты олигархтар мен қарапайым азаматтар арасын жақындатады. Айлық-табысқа күнелтіп жүрген­дерге салықты үйіп сала бермей, бай-бағландарды да көлемді салық төлеуге итермелеу керек. Бұл кедей азаматтардың әлеуметтік теңсіздігін шешеді.


ҚАРАЖАТ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ «СӨЙЛЕСЕ»…


– Екінші деңгейдегі банктер кемінде несиені 27%-дан асырып береді. Араб елдері банктеріндей неге 3%-бен несие бермеске?


– Сұрақ өте орынды. Әлемнің дамыған елдерін қарайтын болсақ, тек Сауд Арабиясында ғана емес, Америка Құрама Штаттары, Еуропа елдерінде несие пайызы әлдеқайда төмен. Керек десеңіз, ипотекалық несиелері 3-4%-дан аспайды. Бізде неге 20%-ға дейін көтеріледі деген сұрақ туындайды. Оған мардымды жауап жоқ. Басты себеп – ақша не­сие саясатындағы олқылықтарда. Бұған әсер етіп тұрған фактор – инфляция. Экономикада «кешегі ақша бүгінгі ақша емес, бүгін ақша ертеңгі ақша емес, ол – құнсыздан­ған ақша» деген сөз бар. Яғни кілти­пан – ақшаның құнсыздануында. Озық елдер, оның ішінде Еуропа мемлекеттерін қарасаңыз, инфляция 1-2%. Оларда соңғы жылдары ғана 5%-дан асып қарқынданды.


Десе де, біздегідей 20%-ды құ­рап тұрған жоқ. Осыны екінші деңгейлі банктер ескеріп, 27% мөл­шерде кредит беріп отыр. 2008 жылға дейін несиелер азаматтары­мызға оңды-солды таратылды. Со­лар проблемалық несиелер болып жинақталды. Кейінірек осының салдарынан бірнеше банктер жұ­тылды. Проблемалық несиелер болған БТА банк «Казком» банкке өтті. Өздері де «Халық банк» құра­мына өтуге мәжбүр болды. Соны­мен қоса, осыған тікелей әсер еткен жағдай мәселелік несиелердің қордаланып қалуы еді. Бұл арада да жалған несие рәсімдеу де болған. Орташа статистикаға қарағанда, 3/1 адам алған қаржыны қайтар­майды. Соның есесінен пайыздық мөлшерлеме өсіп кетеді. Кейбір кепілсіз несие алғандар «көлігімді, үйімді кепілге қоймадым, төле­меймін» деп міз бақпай жүріп ал­ғандар ұшырасады. Бірақ олар бо­лашақт а жұрт а латын не сие пайызының өсуіне ықпал етіп тұр­ғандығын біліп, елемейді. Мұндай енжарлықтың артында азаматтық жауапкершілік тұрады.


Базалық пайыз да инфляция­ның жоғары болуымен түспей тұр. Ұлттық банктің базалық мөлшер­лемесі 16,75%. Ондай жағдайда несие алған екінші деңгейлі банк­тер одан төмен халыққа кредит бермейді. Заң бойынша олар 56% несие беруге құқылы. Банктердің шегін 30%-дан асырмау қажет де­ген пікірдеміз. Бұл жұртқа қатты ауыртпашылық түсірмес еді. Инф­ляцияны тежейік. Ол үшін отандық өнімнің бәсін арттырайық. Сол кезде 7-8% несие беріледі. Азамат­тар мемлекеттен арнайы ипотека­лық бағдарлама сұрап әурелен­бейді. «7-20-25», «Баспана хит» дегенге жүгіне бермейді. Кез кел­ген адам барып банкке кіріп, 7-8% ипотекаға үй ала беретін болады.


– Қаржы тақырыбындағы маңызды мəліметтің дені – орыс немесе ағылшын тілінде. Енді қайтеміз? Қаржы нарығын қа­лай қазақша сөйлетеміз?


– Қазір қандай кітап шықса да, тікелей ағылшын тілінен аударыла­ды. Бұл аударма саласындағы оң өзгерістерді көрсетеді. Жас маман­дарға да көптеп қолдау көрсету ке­рек. Өзіміздің жас ғалымдар қазақ тілінде жеңіл, түсінікті оқулықты үлкендермен бірлесіп, шетел тәжі­рибесін ескеріп жазса дейміз. Ол қаламақы дайындау, арнайы грант бөлу және т.б. қолдаулар арқылы іске асады. Сонда бизнес, экономи­ка, қаржы секторында көптеп кі­таптар жазылады.


Ұлттық экономиканың бет-бей­несін көрсету үшін хакім Абайдың еңбекке баулу, адалдық, кәсіпті игеру, мал табу сынды идеяларын алуға әбден болады. Алаш ардақты­ларының барлығы – бір-бір тау тұлға-тұғын. Алаш орда көсемі Әлихан Бөкейханов экономист бол­ған. Ұлт зиялылары құрған мемле­кет 5 жыл ғана тұрған шығар. Арты репрессия құрбанына айналды. Олардың жапондық үлгі арқылы даму стратегиясы өте орынды. Яғни ұлттық мемлекетті сақтап, өркениет көшбасшысына айналдыруға ты­рысты. Жалпы қазақ ұлтының тілі, ділі өркендеуі үшін ұлтымызға жа­нашыр жандар қызмет қылып, ел басқаруы қажет. Сөйтіп қана тіл мәселесін түбегейлі шеше аламыз.


ҚАЗАҚ БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ ТИІС


– Қашанғы табиғи ресурстар­ға сеніп, шикізатты экспорттап отыра береміз. Қалай экономика­ны әртараптандыруға болады?


– Қазақстанға 30 жылдан бері тартылған инвестиция көлемі – 370 миллиард доллар. Сол қаражаттың 90% шикізат секторына жұмылды­рылыпты. Дәп қазіргі кезде ғарыш­ты игеріп, нанотехнология саласын меңгеру қиын. Аралық өнімді өң­деуіміз қажет. Әлемде қазақтың төл брендін қалыптастырайық. Барын­ша аз шығынмен мол табыс көзін іздейік. Қазақ елінің экономикалық дамуына тікелей серпін беретін ба­сым бағыттарын анықтап алайық.


Дәлірек: Ауылшаруашылық саласы, Туризм, Логистика. 20 мил­лион халқы бар елге бұл үлкен экономикалық дүмпу береді. Жа­һандық экономикалық көштен қа­лып қалмауға негіз болады. Осыны жүзеге асырсақ, мұнай мен газға тәуелділіктен арыламыз.


Дамыған елдер ғылымға қатты көңіл бөледі. Жапония, Израиль, Гер­мания ЖІӨ 4-5% ғылымға береді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 0,3%. Өте ұят. Бұл түкке тұрмайды. Тым аз. Қазіргі уақытта 1% жеткіземіз деп талаптанып отырмыз. «Ғылымға қаржы бөлу ұлғайды» деп есеп бе­реді. Бірақ әлі сең қозғалар емес.


Соңғы уақытта ҰҒА мемле­кеттік статус беріп жатқандығы көңілге біраз үміт сыйлады. Сондай- ақ, стартап, ІТ жобалардың үлкен нәтижесі бар екендігін байқаймыз. Мобильді қосымшалар, банктердің жасап жатқан экожүйелері – бәрі тамаша. Бұл бізде бәсекелестік орта­ның қалыптасып бара жатқандығын көрсетеді. Әлемде Kaspi.kz қосым­шасы жоғары бағаланады.


Баламалы энергетика көздері бойынша да үлкен мүмкіндік­терімізді пайлаланайық. Күннен, желден қуат көзін өндірейік. Жаңа стандартқа сәйкес келетін компа­нияларды құратын болсақ, өркен­дейміз. Осыған ғылыми жетістік­терді қосып дамыту қажет.


Ғылыми институттар мен уни­верситеттегілердің жалақысы аз. Жұмыс жүктемесі көп. Сондықтан көптеген оқытушылар мектепке ауысып жатыр. Кейбір оқытушы- профессорлар қос университетте сабақ береді. Олар бұған айлық аз болғандықтан барып жүр. Өйткені, бала-шаға бағу оңай емес. Бұл да бір сынақ сияқты. Енді осы қалған мамандардың жалақысын арттыру қажет деп есептеймін. ЖОО оқыту­шыларының оқу жүктемесін қайта қарап, бір жерден қомақты айлық төленіп, ғылыммен де айналысуы­на жағдай жасау керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32