Мамыр айынан бастап қазақстандықтарды не күтіп тұр? Aqshamnews.kz материалынан біліңіз.
Жедел жәрдем қызметіндегі жаңашылдық
1 мамырдан бастап жедел медициналық көмек көрсету тәртібі өзгереді:
-
Енді емханалар жанындағы мобильді бригадалар таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
-
4-санатты шақыртулар (мысалы, қан қысымының жоғарылауы, дене қызуы, жеңіл жарақаттар) – яғни өмірге тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар – емхана жұмыс уақыты ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мобильді топтарға бағытталады.
-
Ал 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртулар, соның ішінде 4-санатты, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадаларымен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жедел жәрдемге келіп түсетін шақыртулардың 50%-дан астамы 4-санатқа жатады және созылмалы аурулардың асқынуымен байланысты. Бұл жағдай өміріне қауіп төніп тұрған науқастардан ресурстарды алаңдатуға әкеп соғады.
Жаңа өзгерістер жүктемені оңтайландырып, күту уақытын азайтып, жүйенің тиімділігін арттырады деп күтіліп отыр.
ТЖ кезінде баспанасы бүлінгендерге өтемақы төлеу тәртібі өзгерді
2 мамырдан бастап табиғи апат салдарынан келтірілген залалды өтеу ережелері жаңарды. Енді өтемақы төленетін мүлік тізімі кеңейтілді. Оған:
-
тұрғын үйлерді жылытуға арналған отын қоры;
-
мүгедектер арбасы – қозғалуға арналған арнайы құрал енді.
Өтемақының шекті мөлшері – 150 АЕК-тен (2025 жылы – 589 800 теңге) аспайды.
Экстернмен оқу ережелері өзгерді
2 мамырдан бастап күшіне енген жаңа бұйрыққа сәйкес:
-
Экстерндерге арналған аттестация жалпы тәртіп бойынша: ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау түрінде өтеді;
-
Шетелде тұратын оқушы оқу бағдарламасын өздігінен меңгереді, ал білімін бақылау (баға қою) – қашықтан, тіркелген мектебі арқылы жүзеге асады;
-
Қорытынды аттестациядан сәтті өткендерге мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беріледі.
Банкрот болғандардың мүлкі электронды аукцион арқылы сатылады
3 мамырдан бастап банкрот мүлкін сату жаңа ереже бойынша өтеді:
-
Мүлік электронды аукцион арқылы сатылады;
-
Бастапқы баға – баланстық құны немесе бағалаудың 75%-ы;
-
Аукционға қатысу үшін электронды қолтаңбамен өтінім беру керек;
-
Барлық процесс мемлекеттік мүлік реестрі порталы арқылы жүргізіледі.
Тараз айналма жолы ақылы болады
5 мамырдан бастап Тараз қаласының айналасындағы 57 шақырымдық жол учаскесі ақылы болады. Ақылы пайдалану мерзімі – 20 жыл.
Бағалар (бір бағытқа):
-
Автобустар (16 орынға дейін), жүк көліктері (2,5 т дейін): 390 тг (алдын ала төлем) / 330 тг (алдын ала төлем)
-
Автобустар (32 орынға дейін), жүк көліктері (5,5 т дейін): 790 / 670 тг
-
Автопойыздар (10 т дейін): 1190 / 1010 тг
-
Жүк көліктері (10-15 т): 1590 / 1350 тг
-
Жүк көліктері (15 т жоғары, тіркемелі): 1980 / 1680 тг
Президенттік кадр резервіне өзгерістер енгізілді
9 мамырдан бастап, Президенттің арнайы мемлекеттік органдар үшін кадр резервін қалыптастыру ережелері жаңартылады.
-
Құжаттан құқық қорғау және азаматтық қорғау органдарына қатысты нормалар алынып тасталды;
-
Резерв тек күш құрылымдары үшін арналған болады;
-
Резервті Президент Әкімшілігінің басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің келісімімен бекітеді.
Мектеп бітіру емтихандарының күндері бекітілді
9 мамырдан бастап мектеп түлектері үшін емтихан күндері ресми түрде бекітіледі.
9 (10) сыныптар үшін:
-
29 мамыр – математика (алгебра);
-
2 маусым – оқу тілі (қазақша, орысша);
-
5 маусым – таңдау пәні (физика, химия, тарих, әдебиет, т.б.);
-
10 маусым – қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті.
11 (12) сыныптар үшін:
-
30 мамыр – Қазақстан тарихынан ауызша емтихан;
-
4 маусым – алгебра және талдау негіздері;
-
9 маусым – оқу тілі бойынша емтихан;
-
12 маусым – таңдау пәні;
-
16 маусым – қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті.
Мемлекеттен тұрғын үй алу ережелері өзгерді
24 мамырдан бастап мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кезегі жаңа ереже бойынша жүргізіледі.
Кезекке тұру үшін қажет құжаттар:
-
Өтініш;
-
Жеке куәліктің және отбасы мүшелерінің құжат көшірмелері;
-
Неке (ажырасу), өлім, туу туралы куәліктердің көшірмелері;
-
Сот шешімі (бар болса);
-
Әлеуметтік осал топқа жататынын растайтын құжат.
Салық кодексіне түзетулер Сенатқа жолданды
30 сәуірде Мәжіліс Салық кодексіне түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Енді құжат Сенат қарауына өтеді.
Маңызды өзгерістер:
-
2026 жылдан бастап ҚҚС ставкасы 12%-дан 16%-ға көтеріледі;
-
ҚҚС тіркеу шегі 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін ұлғаяды;
-
Дәрі-дәрмектерге де ҚҚС енгізіледі.
Смартфондарды верификациялау мерзімі аяқталады
24 мамырға дейін ұялы құрылғыларды верификациялау қажет. Құрылғылар үш тізімге бөлінді:
-
Ақ тізім – тексеруден өткен және базаға енгізілген;
-
Сұр тізім – тексеру қажет, уақытша 30 күнге қосылған;
-
Қара тізім – дұрыс емес IMEI. Мұндай құрылғылар толықтай желіден ажыратылады.
25 мамырдан кейін сайт жұмысын жалғастырады, бірақ тіркелмеген құрылғылар үшін байланыс қызметтері шектеледі.
Ауа райы болжамы
1, 2 және 3 мамыр күндері Қазақстанда тұрақсыз ауа райы күтіледі. Көптеген өңірлерде найзағайлы жаңбыр, ал таулы аймақтарда – жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін.
Мамыр айындағы мерекелер
Мамыр – мерекелерге толы ай:
-
1 мамыр (бейсенбі) – Қазақстан халқының бірлігі күні;
-
7 мамыр (сәрсенбі) – Отан қорғаушылар күні;
-
9 мамыр (жұма) – Жеңіс күні.
Сонымен қатар кәсіби мерекелер де бар:
-
17 мамыр – Байланыс қызметкерлері күні;
-
20 мамыр – Метрология қызметкерлері күні;
-
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні;
-
25 мамыр – Химия өнеркәсібі қызметкерлері күні (мамырдың соңғы жексенбісі).