Мәжілісте техбайқауды 2-3 жылда бір рет өткізу ұсынылды

  • 12:31, 03 қыркүйек 2025
Мәжілісте техбайқауды 2-3 жылда бір рет өткізу ұсынылды depositphotos.com

Қазақстанда көліктерге міндетті техникалық байқау жүйесі шынайы қауіпсіздік кепілі емес, формальді қағазға айналып барады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Мәди Жайымбетов Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және құрылыс министрі Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында айтты, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі. 

Депутаттың сөзінше, сайлаушылар да, әлеуметтік желідегі пікірлер де қазіргі байқау процесінің негізгі мақсаты жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету емес, белгілі бір жеке құрылымдардың табысына бағытталғанын көрсетеді.

Жол апаттарының негізгі себебі – адам факторы мен жол сапасы

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2025 жылы тіркелген 12 мың жол апатының тек төртеуі ғана көліктің техникалық ақауынан болған. Ал 2024 жылы болған 31 мың апаттың небәрі 17-сі техникалық себепке байланысты.

"Бұл деректер жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына тікелей байланысты екенін дәлелдейді", – деді Жайымбетов.

Техбайқау операторларының жылдық табысы – 17 млрд теңге

Қазір елде 6,2 млн көлік тіркелген, оның 4,9 миллионы жыл сайын міндетті тексеруден өтеді. 2024 жылы 3,5 млн, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 1,5 млн көлік байқаудан өткен. Орта есеппен 5 мың теңге тұратын тексерудің нарықтағы операторларға әкелген табысы – жылына шамамен 17 млрд теңге.

Жүйенің көлеңкелі тұсы көп

2024 жылы бұл салада 283 заңбұзушылық анықталып, 8 млн теңге айыппұл салынған. 2025 жылдың бірінші тоқсанында тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге өндірілді. Депутат бұл деректер жүйенің ашық еместігін және жемқорлық тәуекелдерін көрсететінін атап өтті.

"Ауылдағы жүргізушілер үшін бұл жүйе мүлде қолайсыз. Байқау орталықтары жетіспейтін өңірлерде азаматтар жүздеген шақырым жүріп, бір күнін осыған жұмсауға мәжбүр", – деді ол.

Халықаралық тәжірибе мен ұсыныстар

Көптеген Еуропа елінде техникалық байқау негізінен коммерциялық көліктерге ғана немесе ұзақ мерзім аралығында жасалады. Осы тәжірибені ескере отырып, Жайымбетов үш негізгі ұсыныс айтты:

  1. Жеке тұлғалардың жаңа емес, бірақ кәсіпкерлікке пайдаланылмайтын жеңіл көліктеріне 2-3 жылда бір рет міндетті техникалық тексеру енгізу.

  2. Байқау саласындағы заңбұзушылықтарды құқық қорғау органдарымен бірлесіп кешенді тексеру.

  3. Барлық байқау орталықтарын нақты талаптарға сәйкес қайта лицензиялау.

"AMANAT" партиясы бұл саланы әділетті, ашық әрі тиімді ету керек деп есептейді. Депутат Үкіметтен осы ұсыныстарды қарастырып, заңда белгіленген мерзімде ресми жауап беруді сұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:51

15:36

15:33

15:30

15:29

15:23

15:19

14:22

13:39

12:31

12:24

12:02

11:45

11:10

10:49

10:45

10:43

10:32

10:31

10:19

10:17

21:31

20:43

17:25

14:55