Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасын қабылдады.
Құжат бес негізгі қағидат негізінде әзірленді, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Бұл суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономиканың дамуының негізі ретінде тану, су қорын қорғау және оның сарқылуының алдын алу, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, жұртшылықты су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге тарту.
Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Ол азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су объектілерін ластанудан қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының трансшекаралық су нысандарын қорғау және пайдалану бағытындағы мүддесін қорғауды қамтиды. Су көздерінің сарқылуының алдын алу үшін өзен-көлдер және теңіздердің экожүйесін қолдау мақсатында судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі айқындалған «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі.
Су нысандарын қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен, шағын өзендер мен көлдерді сақтауға назар аударылады. Атап айтқанда, шағын өзендерде су өткізбейтін бөгеттер салуға тыйым салынады. Сулы-батпақты жерлер мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылған. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендердегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындайды.
Сондай-ақ, жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл құжаттар су ресурстарының көлемі туралы болжамдарға сүйене отырып негізгі мақсат-міндеттерді, тәсілдерді және іс-шараларды анықтайды. Осы жоспарлардың қорытындысы мен ұсыныстары мемлекеттік жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс.
Су ресурстары бойынша ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады. Құжатта еліміздегі су ресурстарының жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады.
Су саласын цифрландыру үшін Ұлттық ақпараттық жүйе жасалады, оның жұмысын өткен жылы құрылған Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, қолданыстағы редакцияда қарастырылмаған, су үнемдеуді ынталандыру тетіктері енгізілді. Мысалы, айналымдағы немесе қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған кезде ғана су пайдалануға рұқсат беріледі. Ал оған ауысуға бес жыл уақыт беріледі. Жоспар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл мерзімде әзірленуі тиіс.
Жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі - гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көп факторлы тексеріс жүргізу мәселелері жүйеленген. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік регламентін әзірлеу қарастырылып отыр.
Жаңа Су кодексінде су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді. Бассейндік кеңестердің рөлі күшейтілді. Олардың ұсынымдары мен шешімдері бассейндік, аумақтық, салалық және бас жоспарды, даму бағдарламаларын әзірлеу кезінде және суды пайдалану лимиттерін айқындау кезінде ескеріледі.
Судың «қара нарығымен» тиімді күресу үшін бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. Оларға жедел ден қою шараларын қабылдау үшін қадағалау функциялары беріледі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау және пайдалану саласында оларға жүктелген функцияларды сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізілетін болады.
Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісінің депутаттары әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекске түзетулер енгізуге бастамашылық жасады.
Атап айтқанда, суды заңсыз пайдалану үшін жауапкершілікті қатаңдату, «гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігін бұзу» атты жаңа бапты енгізу, Арал теңізі аумағында қазбаларды өндіруге тыйым салу және жерасты су ресурстарын тиімді басқару үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне бірқатар функцияларды беру ұсынылды.
«Жаңа Су кодексінің негізгі міндеттері - су үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалыптастыру және дамыту, ғылымды дамыту және ғылыми тәсілдерді пайдалану, елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды реттеу, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану, сондай-ақ су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында тиімділікті арттыру болып табылады. Құжат Қазақстанның су саласының барлық бағыттарын қамтиды», - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.