Сараптама
Байден маңызды заңдарға қол қойды: Tiktok шектеліп, одақтастарға көмек берілмек...
20 сәуірде АҚШ-тың Өкілдер палатасы басым дауыспен даулы заң жобаларын қабылдады. 23 сәуірде 4 заң жобасын Сенат та мақұлдады. Ал 24 сәуірде заңдарға АҚШ Президенті Жо Байден қол қойды. Құжаттарда Украина, Израиль мен Үнді-Тынық мұхиты аймағына көмек көрсету, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік мәселелері қамтылған. Аталмыш заң жобалары қабылданғалы бері Қазнетте Украинаға көмек пен Tiktok-ты шектеу туралы жобалар ғана талқыланып жатыр. Алайда, қабылданған заңдардың ауқымы біз ойлағаннан да кең екен.
Тар жол, тайғақ кешкен заңдар
АҚШ – әлем бойынша ішкі қоғамдық-саяси үдерістері ең күрделі ел. Онда заң бір мезетте қабылданбайды. Ұзақ уақыт талқылауды талап етеді. Себебі, партиялар, президент пен конгресс арасында шынайы саяси бәсеке өтеді. Мұндай тар жол, тайғақ кешкен заңдар қатарына Украина, Израиль мен Үнді-Тынық мұхиты аймағына көмек көрсету, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік мәселелері кіреді.
TikTok әлеуметтік желісіне шектеу қою мәселесін сонау 2020 жылы экс-президент Дональд Трамп көтерген. Сол кезде сот заңды тұлғалардың құқығын шектеу, әлеуметтік желілерге қысым деген себептермен «президенттің бастамасы заңсыз» деп үкім шығарған. 4 жылдық талқылаудан соң осы бастама қолдау тапты. Айналасы 9 ай ішінде TikTok-тың иесі ByteDance компаниясының активтері жеке меншікке сатылмаса, әлеуметтік желі келесі жылдан бастап шектеледі. Бірақ TikTok-тың АҚШ-тағы өкілдері сотқа жүгінеміз деп мәлімдеп отыр. Екі партия да TikTok-қа байланысты ортақ пікірде екенін ескерсек, олардың бұл ниеті жүзеге аспайтын сияқты.
Қабылданған 4 заңның ішінде бюджеті жағынан ең көбі – Украинаға көмек болып отыр. 61 млрд долларға жуық қаржы Украинаға көмек ретінде берілмек. Оның 23,2 мрлд доллары америкалық қарумен жабдықтауға, 11,3 млрд доллары аймақтағы АҚШ-тың әскери операцияларына жұмсалады. АҚШ-тың онда әскери базасы жоқ. Сондықтан Украина, Шығыс Еуропа, оның ішінде Эстонияның әскерін дайындау көзделуде.
Сонымен қатар, АҚШ Израильге 26,38 млрд, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы Тайвань мен өзге де одақтас елдерге 8,12 млрд доллар бөлмек.
Қабылданған соңғы құжат «XXI ғасырда күш арқылы бейбітшілікке қол жеткізу» Заңы деп аталады. Заң жобасының авторы Майкл Томас Маккол. Республика партиясының мүшесі. Президенттікке үміткер Дональд Трамптың партияласы. 2005 жылдан бері Техастың 10-сайлау учаскесінен Өкілдер палатасының мүшесі. 2023 жылы Сыртқы істер бойынша Өкілдер палатасының төрағасы атанды.
Заң жобасы мынадай сыртқы саяси мәселелерді қамтыған:
- президенттен фентанил сататын трансұлттық ұйымдармен байланысы бар шет елдік тұлғалардың (жеке және заңды) меншігін бұғаттауды талап ету;
- президентке Ресейдің суверенді активтерін Украинаның шығындарын өтеу және оны қалпына келтіру мақсатында тәркілеу мен бағыттауға өкілеттік беру;
- АҚШ-ғы ұйымдарға ByteDance, Ltd., TikTok немесе өзге де ұйымдар басқаратын веб-сайт, қосымшаларды таратуға, қолдану немесе жаңартуға тыйым салынады;
- Брокерлерге АҚШ-тың азаматтарының жеке мәліметтерін шет елдік қарсылас мемлекеттерге беруге тыйым салынады;
- Иранның мұнайын экспорттауды қолдайтын порттарды, мұнай өңдейтін зауыттардың шетелдік иелерінің мүлкін бұғаттау, визасын шектеу арқылы санкция қою;
- Иранның ракета бағдарламасын қолдайтын шетел азаматтарының мүлкін бұғаттау, визасын шектеу арқылы санкция қою;
- ХАМАС-қа немесе Палестиналық жиҺад қозғалысына материалдық қолдау көрсеткен шет мемлекеттердің мүлкін бұғаттау арқылы санкция қою;
- Иранмен байланысы бар шетелдік өнімдердің экспортын реттеу;
- «Тірі қалқанды» пайдаланатын шетелдік тұлғаларға қарсы санкция қою бойынша Президент өкілеттігін арттыру;
- Каптагонның заңсыз айналымына қатысушы шетелдік тұлғалардың визасын шектеу және мүлкін бұғаттау арқылы санкция қою;
- АҚШ-тың қаржы мекемелерінен Иран лидерлеріне тиесілі белгілі бір шоттарды жабуды талап ету;
- АҚШ-тың қаржы мекемелеріне Иранның мұнай экспортын қолдайтын Қытайдың қаржы мекемелерімен байланысқа тыйым салынады.
Мұның бәрі нені білдіреді?
- Алдағы қарашада өтетін сайлауда кім жеңсе де, аталмыш заңның орындалуына жауапты болмақ. Яғни басшы ауысқанымен, АҚШ-тың сыртқы саясаты өзгермейді.
- 4 заңды бір-бірінен бөлек деп емес, біртұтас құжат деп қабылдаған жөн. Бәрі де АҚШ-тың сыртқы саясатына бағытталған. Украинаға көмек Ресейді әлсіретуге, Үнді-Тынық мұхиты аймағына (Тайван, Жапония, Аустралия) көмек Қытайдың аймаққа ықпалын төмендетуге бағытталған.
- XXI ғасырда АҚШ-тың басты стратегиялық қарсыластары Ресей, Қытай, Иран және Таяу Шығыс (Араб-Израиль қарым-қатынасы) болып қалмақ.
- Фентанил және каптагон деп аталатын есірткі құралдары ұлттық қауіпсіздіктің басты тәуекелдерінің қатарына енгізіліп отыр.