№4 А.С. Пушкин атындағы гимназиясында «Күншуақ-Солнышко» лагері өз жұмысын бастады
2023-2024 оқу жылы аяқталды, бірақ Медеу ауданына қарасты №4 А.С. Пушкин атындағы гимназиясы мұғалімдері мен оқушылары үшін мектеп өмірі жалғаса береді. Мектеп тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар тәрбиенің сан алуан мазмұнын ұйымдастыратын мекен болып табылады.
Гимназияда 10 күндік «Күншуақ-Солнышко» мектеп жанындағы сауықтыру лагері өз жұмысын жоспарлы түрде бастап кетті. Бұл лагерьде 120 оқушы білім мен тәрбие алып жатыр. Мектеп директоры С.М. Енсепбаева және лагерь жетекшісі Е.Н. Внуковская басшылығымен жұмыс кестесі 09:00-ден 15:00-ге дейін жалғасады.
Лагерь бағдарламасы мен тәрбиешілер
Бастауыш сынып мұғалімдері Жанабердиева Н.К., Тортбаева И.В., Щербулова Н.Ю., Мурзабекова К.А. тәрбиешілік жұмыстарға бекітілген. Лагерь бағдарламасы таңертеңгілік жаттығулардан, таңғы астардан, үйірмелерден және демалыс орындарына саяхаттардан тұрады. Мемлекет тарапынан қаржыландырылған түскі ас мәзірі дәрумендерге бай және балалардың денсаулығына аса мән береді.
Спорттық шаралар мен дене шынықтыру
Дене шынықтыру пәні мұғалімдері Бутаков В.П., Картбаева К.В., Каримов А.М., Минакова Я.Ф. спорттық шаралармен айналысады. Тәрбиешілер мен ұстаздар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жеке, жұптық және топтық жұмыс жоспарларын жасаған.
Ұлттық тәрбие және тілдік курстар
Гимназия орыс тілді болғанымен, қазақ тілінің мәртебесіне зор мән беріледі. Лагерьде қазақ тілінде амандасу, бата-тілек айту, домбырада ойнап, «Қамажай» биін билеу, «Мен жастарға сенемін» деп өлең айту ұлттық тәрбиенің көрінісі болып табылады. Қазақ тілі курстарында жас мамандар Марина Ескермес және Самал Калыбекқызы жұмыс жасайды.
Ағылшын тілінен Тагиева М.В., Иванченко К.Е., Тимоненкова М.В., Әмірхан П.З., Касенова Б.Б., Мактымкулова Р.О., Баймендетова Г.А. қызықты методикалармен, жасанды интеллект негізінде сабақ өткізеді. Күнделікті жұмыс кестесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен басталады.
Лагерьдің мақсаты мен міндеттері
Лагерьдің негізгі мақсаты – әрбір оқушыны жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету. Балалардың жаз мезгіліндегі демалысын тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдай жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, Отансүйгіштік-патриоттық сезімін арттыру.
Лагерь міндеттері:
- Балалардың уақытымен, толық келулерін қадағалау
- Әр күнді бағдарлама бойынша ұйымдастыру
- Ойын алаңындағы дене жаттығуларын бақылау
- Саяхат және жорық кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау
- Бірыңғай тәртіпте салтанатты жиындар өткізу
- Шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында көрме, конкурс ұйымдастыру
- Ұлттық ойындар, логикалық және спорттық ойын түрлері арқылы балалардың қызығушылығын арттыру
Ата-аналармен тығыз байланыс
Лагерь тек оқушылармен ғана емес, мектепке алып келуші әр ата-анамен тығыз байланыс орнатқан. Ата-аналар тарапынан мектеп пен ұйымдастырушыларға алғыс-тілектер саны артып жатыр. Тіпті мектептен қайтпауды жөн көретін оқушылардың бар екендігі де белгілі.
Бұл-қолайлы ортаның қалыптасқанынан, қызықты сабақтар мен ойындар бар екенінен хабар береді. Осы себепті сапалы білім мен саналы тәрбие үшін жасалып жатқан игі істер саны №4 гимназияда арта түспек Сондықтан демалыс уақыттарында мектеп есігі балаларға да, ұстаздарға да ашық.