ffin.kz

«Күнбағыс» бала өмірін бейнелейді

«Күнбағыс» бала өмірін бейнелейді almaty-akshamy.kz

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Сталкер Синема» компаниясымен бірлесіп түсірген Эля Гильман режиссерлік  еткен «Күнбағыс» драмасы 27 халықаралық кинофестивальде түрлі номинациялар бойынша 47 сыйлықты қанжығасына байлады. Бұл отандық кинематографияда бұрын-соңды болмаған жағдай.


Қазақстандық фильмдер арасында бірегей рекорд орнатқан фильм ата-анасының қамқорлығы мен мейіріміне бөленбеген жасөспірімді баян етеді. Бес жылға жуық уақыт бойы түсірілген фильмнің айрықша атап өтетін сәттері жетерлік. Мәселен, кинотуынды күнбағыс алқабында ата-анасымен жүрген  бақытты сәбимен бастау алып, қоғамда өз орнын жоғалтып алған бозбаламен жалғасын табады.  Жасөспірім үйде де, мектепте де буллингтің барлық жайттарын бастан кешіреді. Ішкі қайшылықтарымен әуре болған ол шеттетілген адамға айналады. Пананы құмар ойындарынан табады. Осылайша компьютерлік ойындарға тәуелділігі арта бастайды.



Отандық фильм еуропалықтардың ерекше назарына түскен. Тіпті, Сербия, Эстония  сынды мемлекеттердің кинотеатрларында 2 айға жуық көрсетіліп, қомақты қаржыға ие болған. 



«Жақын араласатын достарымыз ұлдарынан айырылып қалды. Бұл оқиға маған қатты әсер етіп, нәтижесінде осы фильм дүниеге келді. Бұл оқиға – менің барлық ата-аналарға жолдауым, мен сияқты өз балаларын тәрбиелеп отырған бүкіл әлемдегі аналар мен әкелер мені түсінеді деп үміттенемін. Жасөспірім болу, ережелер қысымына қарсы тұру қиын. Біз балаларымызға жақын болып, оларды жақсы көру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек», – деді режиссер Эля Гильман.



Киноны  тамашалап отырып, көзімізге еріксіз жас келді. Баласымен аң аулауға барған әкесі Әмірдің қолына мылтықты ұстатып, сүйкімді қоянды атуға бұйрық береді. Ер балаға батылдық керек деген ұранмен баласының қалауын түсінбеген әкесі жүрегіне үлкен дақ түсіреді. Қолым қанға боялды, өзім жақсы көретін жануарды өлтірдім деп, психологиялық ауытқуға ұшырай бастайды. Артынша, ең жақыны, жанашыры болып жүрген сынып жетекшісі де анасына жақтасып, сатып кеткеніне шыдай алмайды. Осылайша, барлығынан көңілі қалған балақай өзіне қол жұмсауға бел байлайды.



«Киноны тамашалап отырып, балаға керегі махаббат деген тұжырымға келдім. Отбасылы адамдарға, баласы өсіп келе жатқан ата-аналарға көруге кеңес беретін фильм. Актерлік  құрам да көңілімнен шықты. Күнделікті жаңалықтардан қарап отырсақ, бала өлімі жайлы көп естиміз. Бұлай жалғаса берсе, бұған да түсіністікпен қарайтын кезге де келіп қаламыз ба деп қорқамын. Ата-аналар, балаңызға көңіліңізді аударып, оның шын мәнінде нені қалайтынын ұғынсаңыздар», – дейді Назерке Абибулла есімді көрермен.



Таспа режиссері  –  Эля Гильман, сценарийін Расул Шыбынтай жазды. Картинадағы басты рөлді жас актер Рашид Мусин сомдады. Басты кейіпкердің анасын сербиялық актриса Слобода Мичалович сомдады. Түсірілімге «Нюхач» хикаясы арқылы танылған Кирилл Кяро қатысты. Сонымен қатар, «Күнбағыс» фильмінде әкесінің рөлін сомдап,   «Канн» кино жүлдесі бойынша Азияның үздік актері атанған  Еркебұлан Дайыровтың да еселі еңбегін атап өту қажет.



«Сценарий басқа фильмдерге ұқсамайды. Жанры да, айтар ойы да бөлек. Осындай жанрдағы картинада бақ сынап көргім келді. Актерді жобада ең бірінші сценарий, көрерменге қалдырар ойы мен айтар мағынасы қызықтырады. Әркім өзіне керегін алып, финал жасай алады. Түсініктемесі бір-ақ нәрсе: қарамасаң қатын кетеді, бақпасаң бала кетеді. Түсірілім тобын марапаттарымен құттықтаймын. «Оскардың» ауылы алыс емес. Командаға әр сәт үшін алғыс айтамын. Бұл фильмге түскенім үшін мақтанамын. Керемет жұмыс», – деді Еркебұлан Дайыров «Күнбағыс» фильмінің көрсетілімінде.




Сондай-ақ, режиссердің бұл фильмді жарыққа шығаруда Үкімет басындағыларға пайдалы тұстарын түсіндіріп,  не үшін қажет екендігін ұғындыруына 3 жыл уақыты кеткен.



«Бізге көңіл көтеретін, коммерциялық фильмдер де қажет. Олармен қатар кинематографистер, жазушылар, суретшілер, музыканттар қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғауы қажет. Статистиканы қарадым, адам шошиды. Бұл буынға дұрыс тәрбие бере алмадық. Олардың кінәсі емес, бұл біздің міндетіміз еді. Балаларды құрдымнан ересектер ғана алып шыға алады емес пе?» – дейді режиссер Эля Гильман.



Кино неліктен  «Күнбағыс» деп аталады деген ойға келдік. Бұның жауабы да осы фильмнің ішінде айтылады. Күнбағыс басқаларына қарағанда күнді сүйетін гүл. Жақсы күтім көргендіктен, жеміс те береді. Балалар да  қарап отырсаңыз, гүл секілді нәзік болады. Ең бірінші жылулық пен мейірімді ата-анадан күтеді. Үйдегі мейірімді көрген балдырғандар өмірдің қиындықтарына мойымайды. Қарап отырсақ, сырласатын жанашыры болмаған жасөспірімдер боулингке ұшырап, өз-өміріне қол жұмсайды. Сол себептен, әрбір ата-ана балдырғандардың сырласы да, жанашыры да бола білуі қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32