Қазақстанда күндіз ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Алайда 24 мамырда елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда түнде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Қазгидромет мәліметінше, елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Орталық өңірлерде үсік жүруі ықтимал.
Алматыда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашын болмайды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3-8 метр. Ауа температурасы түнде 7-9, күндіз 20-22 градус жылы болады.
Іле Алатауының таулы аймақтарында, соның ішінде Алматының Медеу және Бостандық аудандарына қарасты тау бөктерінде де жауын-шашын күтілмейді. Түнде тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы түнде 2 градус аяздан 3 градус жылыға дейін, күндіз 8-13 градус жылы шамасында болады.
Астанада түнде жаңбыр жауып, күн күркірейді. Күндіз аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ауа температурасы түнде 10-12, күндіз 24-26 градус жылы.
Шымкентте күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Түнде 12-14, күндіз 24-26 градус жылы болады.
Синоптиктердің болжамынша, батыс және оңтүстік өңірлерде күн жылы әрі негізінен жауын-шашынсыз болады. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында күндіз ауа температурасы 28-33 градусқа дейін көтеріледі.
Ал Шығыс Қазақстан облысында түнде кей жерлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, өңірдің солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр болуы мүмкін. Кей жерлерде үсік жүреді.