конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / КҮЙЕУ ЖІГІТТІҢ СӘЛЕМІ: Трендті дәстүрмен шатастыр...

КҮЙЕУ ЖІГІТТІҢ СӘЛЕМІ: Трендті дәстүрмен шатастырып жүрміз бе?

Мұны білген жөн Бүгін 12:51 34 yakiya
КҮЙЕУ ЖІГІТТІҢ СӘЛЕМІ:  Трендті дәстүрмен шатастырып жүрміз бе?

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде қыз ұзату тойынан түсірілген бейнежазбалар көпшілік назарын аударып жүр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Әсіресе, күйеу жігіттің қалыңдықтың ата-анасы мен туған-туыстарына иіліп сәлем беруі көптің талқысына түсті. Бірі мұны қазақтың ұмыт болған салтының қайта жаңғыруы деп бағаласа, енді бірі кейінгі жылдары қалыптасқан жаңа тренд санайды. Шынында, бұл әрекет қазақтың байырғы дәстүрі ме, әлде әлеуметтік желінің ықпалымен кең таралған жаңа мәдени құбылыс па?

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде үлкенге құрмет көрсету – тәрбиенің ең басты өлшемдерінің бірі. Жас келіннің қайын жұртындағы үлкендерге сәлем салуы – ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан салт. Ол келіннің жаңа әулетке деген құрметін, инабатын және тәрбиесін білдіреді. Ал күйеу жігіттің қалыңдықтың ата-анасына дәл осылай иіліп сәлем салуы жөнінде қоғамда түрлі пікір бар.

Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, отбасы дәстүрлерін зерттеген Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Халел Арғынбаев еңбектерінде құда түсу, қыз ұзату, неке қию, беташар секілді рәсімдер кеңінен сипатталғанымен, күйеу жігіттің қыздың ата-анасына келін сияқты арнайы сәлем салуы міндетті дәстүр ретінде көрсетілмейді. Алайда бұл қазақ қоғамында күйеу балаға ізет көрсету мәдениеті болмаған дегенді білдірмейді.

Қазақта «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген нақыл бар. Бұл екі әулеттің арасындағы сыйластықтың, құрметтің маңызын аңғартады. Күйеу жігіт қайын жұртының үлкендеріне әдеп сақтап, сыпайы сөйлеп, батасын алуға ерекше мән берген. Құда түсу, қыз ұзату рәсімдеріндегі сый-сияпат пен жөн-жоралғылардың өзі қыз тәрбиелеген отбасыға деген құрметтің белгісі болған. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты этнографтардың пікірі бір арнаға тоғыспайды.

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы болса, күйеу баланың қайын жұртына тәжім етуі қазақ арасында болған жоралғылардың бірі санайды. Оның пікірінше, уақыт өте келе бұл дәстүр көмескіленіп кеткен. Зерттеуші бұл ойын XIX ғасырда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин жазған «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты еңбегімен негіздейді. Онда қалыңдық ауылына алғаш келген күйеу жігіттің ауыл әйелдеріне басын иіп тәжім ететіні, мұны орындамау әдепсіздік саналатыны баяндалған.

Ал этнограф Болат Бопайұлының бұл тақырыпқа қатысты қалдырған пікірі өзгеше. Онда қазақ дәстүрінде күйеу бала үлкендерге құрмет көрсетіп, басын иіп амандасқанымен, келін секілді арнайы сәлем салу рәсімі болмаған. Демек, қазіргі әлеуметтік желілерде кең таралған көріністегідей салт болмаған деген тұжырымды аңғартады. Демек, бүгінгі трендтің түп негізінде қазақы әдеп пен үлкенге құрмет көрсету мәдениеті жатқанымен, қазіргі орындалу үлгісі бұрынғы қалпынан өзгеше екенін байқауға болады.

Тойшыл, сауықшылдық қазақ мәдениетін едәуір өзгерістерге ұшыратып жатқанын аңғару қиын емес. Бұрын тек отбасы мен ағайынның ортасында өтетін салтанат бүгінде әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған көрерменге ұсынылады. Соның ықпалынан әсерлі  кадрлар, символдық рәсімдер, жаңа дәстүрлер пайда бола бастады. Күйеу жігіттің иіліп сәлем беруі де сондай құбылыстардың бірі.

 

Ескі суреттегі «күйеу жігітті сынау» дәстүрі

Киіз үйдің босағасында қыздың жақындарына иіліп сәлем беріп тұрған күйеу жігіттің ескі фотосуреті де әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Көпшілік бұл көріністі қазіргі жастар арасында белең алған «күйеу жігіттің сәлем салуы» үрдісімен байланыстырып жүр.

Алайда этнограф Досымбек Қатыранның айтуынша, фотода бейнеленген көрініс күнделікті сәлем салу емес, қазақтың көне үйлену рәсімдерінің бірі – күйеу жігітті сынау немесе құда түсу кезіндегі жоралғы. Бұл сурет XIX ғасырдағы «Түркістан альбомы» топтамасына енген және «Қырғыздардың (қазақтардың) үйлену салты» немесе «Күйеу жігітті сынау» деген атаумен белгілі. Құнды тарихи фотосурет бүгінде Алматы қаласының мемлекеттік архивінде сақтаулы. Оның авторы – белгілі этнограф әрі фотограф Александр Людвигович Кун.

Суретті талдаған этнографтардың пікірінше, дәстүр бойынша күйеу жігіт қайын жұртының ауылына алғаш келгенде үлкендерге иіліп сәлем береді, ошаққа май құю рәсімін орындайды. Сонымен қатар «шаш сипатар» мен «қол ұстатар» сияқты арнайы жоралғылар жасалады. Бұл рәсімдердің барлығы күйеу жігіттің қайын жұртына алғашқы сапарына ғана тән болған және кейінгі кездесулерде қайталанбаған. Яғни, бұл фотосурет қазіргі әлеуметтік желілерде кең тараған күйеу жігіттің әр той сайын сәлем беру дәстүрін емес, қазақтың тарихи үйлену ғұрпындағы бір реттік рәсімді бейнелейді.

Ал психолог Айнұр Кенжебайдың пікірінше, тойдағы жігіттің әрекеті жас жұбайлардың ата-аналарға деген ризашылығын білдіруіне, екі әулет арасындағы сыйластықты нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Дегенмен, кез келген жаңа рәсімді «қазақтың байырғы салты» деп қабылдамас бұрын оның тарихи негізіне үңілу қажет екенін айтады.

«Дәстүр – уақыт сүзгісінен өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани мұра. Ал тренд – қоғаммен бірге өзгеріп, жаңа сипат алатын мәдени құбылыс. Екеуін шатастырмаған жөн. Бүгінгі күні қыз ұзатуда күйеу жігіттің иіліп сәлем беруі – қазақ қоғамындағы үлкенге құрмет көрсету құндылығының жаңа көрінісі деуге болады. Оның нақты тарихи негізі жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі болғанымен, бұл әрекеттің астарында қыз тәрбиелеп өсірген ата-анаға алғыс айту, екі әулеттің арасындағы сыйластықты көрсету ниеті жатыр», – дейді психолог.

Қай дәуірде де салттың сыртқы формасынан бұрын оның мазмұны маңызды. Егер мұндай әрекет шынайы құрметтен туындаса, ол тәрбиелік мәні бар игі үрдіске айналмақ. Ал оны байырғы қазақ дәстүрі ретінде біржақты таныстыру тарихи деректермен толық дәлелденбеген. Сондықтан бұл құбылысты дәстүрден тамыр тартқан, бірақ қазіргі заман талабына сай жаңаша сипат алған мәдени үрдіс ретінде бағалау әлдеқайда орынды.

Дана САДЫРҚАН

Телеграм арнаға жазылыңыз
#сәлем
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

"Қазгидромет" алматылықтарға тағы да ескерту жасады

Бүгін 12:10

Алматы қаласында сайлау алдындағы үгітті ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы

Бүгін 12:03

Азаматтардың 72%-ы сайлауда дауыс беруге дайын – Еуразиялық интеграция институтының сауалнамасы

Бүгін 11:44

Алматы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында туризмді дамыту бағытындағы жұмысы үшін үш халықаралық марапатқа ие болды

Бүгін 11:38

Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл: жаңашылдықтар, өзгерістер және толықтырулар

Бүгін 11:34
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);