ffin.kz

Кремльді бағындырған батыр

Кремльді бағындырған батыр marisat.ru

Газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Чимбаевтың халықаралық дәрежеде өте беделді «Кремль Кубогында» жеңіске жеткенін хабарлағанбыз. Қазақстандық спортшы елге оралған соң, оның жеңісті жолын, бильярдтың қыр-сырын сұрап, Ернардан қысқаша сұхбат алдық.


– Ернар, сізді «Кремль Кубогы» жарысында жеңіске жетуіңізбен құттықтаймыз! Мәскеудегі бұл жарыс қалай өтті?


– «Кремль Кубогы» – бильярдтан әлем чемпионатынан кейінгі екінші жүретін жарыс болып есептеледі. Биыл бұл жарысқа дүние жүзінің 8 елінен 392 спортшы қатысты. Мен үшін жарыстың басы қиындау өтті. Себебі, ойын бабына кіріп, қарсыластарыма үйренісу үшін маған біраз уақыт қажет. Дегенмен, бір-екі кездесуден кейін өзіме деген сенім артып, шеберлігімді бүкіл жарыс бойы көрсете алдым. Ал жеке қарсыластарға келсек, Қырғызстан мен Өзбекстанның спортшылары өте мықты болды. Бұл елдердің өкілдерімен жарыстың шешуші кезеңдерінде сайысқа түсіп, тартысты ойын көрсеттік. Көптеген ойындарым 5:4 есебімен соңғы партияны жеңу арқылы менің пайдама аяқталды. Бастысы, турнирде жеңіске жеткеніме қуаныштымын.


– Сіз бильярдтың «құрама пирамида» атты сайысынан жеңіске жеттіңіз. Бильярдтың бұл түрінің ерекшелігі қандай?


– «Құрама пирамиданың» бильярдтың өзге сайыстарынан басты ерекшелігі – ол тек қызыл шармен ойналады. Өз кезегінде ұпай жинаған адам өзіне кедергі жасаған шарды төрешіге айтып алып тастай алады. Бұл да айтылған сайыс өзгешеліктерінің бірі.


– Бильярдқа деген қызығушылық қашан пайда болды? Осы спорт түрінен кәсіби спортшы боламын деп ойладыңыз ба?


– Алғаш рет бильярд таяқшасын 2003 жылы 15 жасымда қолға алдым. Ол кезде тек ойын ретінде уақыт өткізу үшін баратынмын. Алайда, уақыт өте келе, спорттың бұл түрі маған жақын екенін түсіндім. Кәсіби спортшы болғым келді, сондықтан есейген сайын күнделікті жаттығу жасауға кірістім. Бильярдқа көңіл қойып, нәтижесінде бірнеше рет Қазақстан чемпионы, 2010 және 2021 жылдары әлем чемпионы атандым. Қазір өзім жарысқа қатысатын ойыншы ғана емес, жаттықтырушы қызметін атқарамын. Шәкіртімнің алды еліміздің чемпионы атанып та үлгерді.



– Талай халықаралық жарыстарға қатысып жүрсіз, Қазақстан бильярдының деңгейін қалай бағалар едіңіз?


– Қазақстан құрамасының деңгейі өте жоғары. Елімізде 5 әлем чемпионы бар. Оның бірі өзім, сондай-ақ Әлихан Каранеевті айта аламын. Ол – әлемнің 3 дүркін чемпионы. Қаныбек Сағындықов, Әуез Елубаев және Әлімбек Омаров та бильярд әлемінің шыңына шыққан жігіттер. Оларды дүние жүзі бойынша бильярд сүйер қауым таниды. Жас спортшыларымыздың да қарқыны жаман емес. Әрқашан бірінші орын ала бермесе де, халықаралық жарыстарда кемі жүлдегер болып келеді.


– Алда бильярд федерациясының және өзіңіздің қандай жоспарларыңыз бар?


– Биыл қараша айында кезекті әлем чемпионаты өтуі керек. Қазіргі басты назар осы жарыста. Дегенмен, одан бұрын 20 қыркүйекте ішкі біріншілік өтеді. Осы турнирде үздік көрінген спортшылар кейін әлем чемпионатына ел намысын қорғауға аттанады. Айта кеткен жөн, Қазақстан чемпионатына федерацияға тіркеліп, іріктеуден өткен барлық адамдар қатыса алады.


– Елімізде бильярд одан әрі дамуы үшін не істеу керек?


– Ең бірінші жеке бильярдшыларды қаржыландыратын демеушілер көбеюі керек. Кейде өте шебер спортшыларымыз қаржылай көмек болмауынан ірі дүниежүзілік жарыстарға қатыса алмай жатады. Екіншіден, ел ішінде бильярдтан өткізілетін жарыстар көбеюі қажет. Ресеймен салыстыратын болсақ, Қазақстанда турнирлер 2-3 есе аз өтеді. Яғни спортшыларымыз үшін тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдайтын мүмкіндік те аз. Сондықтан «Алматы Кубогы» не «Нұр-Сұлтан Кубогы» сынды турнирлер өткізгеніміз жөн. Сонда жастардың бильярдқа деген қызығушылығы артады және туымызды көкте желбірететін жаңа чемпиондар пайда болады.


– Сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіре отырып, алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58