Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Биыл мереке 8 қыркүйекке, яғни бүгінге тұспа-тұс келіп тұр.
Қай заманда, қай елде болмасын, отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Бүгінгі кейіпкеріміз тағдырына мойымаған мықты әйелдердің бірі – Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің аға маманы кіші сержант Алмагүл Сырымбетова.
— Мен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келдім. Туған ауылымдағы орта мектепте 11 жыл білім алдым. Әкем дүниеден ерте озды. Анам мектептегі қызметін істеп жүріп, мені қатарымнан қалдырмай өсірді, білім алуыма мүмкіндік жасады. Анам мектепте 40 жыл бойы химия-биология пәндерінен сабақ берген ардагер-ұстаз, қазір құрметті демалыста. Өзімнің қолымда тұрады, жиендерінің ортасында аяулы әже болып отыр, — дейді ол.
Ол бізге әскери салаға қалай келгенін әңгімелеп берді.
— Үйіміз 6654 әскери бөлімінің дәл қасында еді. Әскери киімдегі адамдарды күнде көріп, қызығатынбыз. Әскери қызметші болу бала кезден арманым болды. Бірақ үйдегілер онымды құптай қоймады. 1999 жылы Қазақ Мемлекеттік Басқарма академиясының (қазіргі “Нархоз”) Халықаралық бизнес жоғары мектебін экономист мамандығы бойынша бітірдім. Ұлттық ұланға 2011 жылы келдім. 7552 әскери бөліміне мемлекеттік сатып алу қызметіне алдымен қызметші болып орналасып, кейіннен әскери қызметке шақырылдым. Осылай қиындығы мен қызығы қатар жүретін әскери қызметтегі өмірім басталып кетті. Кейіннен 3650 әскери бөліміне ауыстым, қазір 5571 әскери бөлімінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің аға маманымын, — дейді Алмагүл.
Оның осынау жауапкершілігі үлкен қызметке төселіп кетуіне сол кездегі әскери бөлім командирі полковник Юрий Малицкийдің, тыл жөніндегі орынбасары полполковник Евгений Кукурекиннің, кейін қаржы қызметінде подполковник Галина Мунның еңбегі зор болған. Ал запастағы сержант Гүлбаршын Құлынбаеваға деген алғысы бөлек, 2016 жылы құпия бөлімшесіне ауысып келгенінде, осы саланың бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, оның мықты маман болып шығуына көп үлес қосты.
Алмагүл Сырымбетова — көпбалалы ана. Тұңғышы Жасұлан қазақ-түрік лицейінде оқыды. Ана жолын жалғап, әскери адам болды. Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясының түлегі. Қазір 5571 әскери бөлімінің 1-жедел мақсаттағы батальонында автомобиль взводының командирі, аға лейтенант. Үлкен қызы Іңкәр Нархоз университеті жанындағы колледждің 3-курс студенті. Кіші қызы Жансая Қазақ Бас архитектуралық-құрылыс академиясы колледжінің 1-курс студенті. Ал сүткенжесі Жансері 4 жасқа толады, балабақшаға барып жүр.
Бақытта ана кезінде өзіне анасы берген барлық ұлағатты осы балаларына беріп жүр. Перзенттеріне үнемі адал, қайырымды, бір-біріңе қамқор болыңдар дегенді айтып отырады. Үйдегі ауызбіршілікпен, жылылықпен өскен бақытты бала түзде де табысты болатынына сенімді. Сондықтан барлық шаңырақтағы бала мейірімге, махаббатқа қанып өссін деген тілегін де жеткізді.