AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдени Алматы / Ұлттық киім – сыртқы сән ғана емес, адамның ішкі м...

Ұлттық киім – сыртқы сән ғана емес, адамның ішкі мәдениетіне де ықпал ететін рухани белгі

Мәдени Алматы Бүгін 09:26 63
Ұлттық киім – сыртқы сән ғана емес, адамның ішкі мәдениетіне де ықпал ететін рухани белгі

Дәстүрді сақтау үшін оны құрметтеу аз, оны күнделікті өмірде қолдану керек, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Заманауи қоғамда ұлттық код пен ата-баба мұрасын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа өнеге болып жүрген жандардың бірі – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі құрамындағы Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының жетекшісі Күләш Нұрсұлтанқызымен болған сұхбатымыз қазақы тәрбие, ұлттық һәм отбасылық құндылықтар төңірегінде өрбіді.

Әжесінің баласы

"Ұлттық құндылықты ұлықтау – өткенді еске алумен шектелмейтін, бүгінгі өмірмен біте қайнасып жатқан маңызды іс" дейді кимешекті ана. Күләш апайдың аталған қоғамдық бірлестік құрамына кіргеніне бес жылға жуықтаған. Оны ұйымға тартқан – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» деген атаудың өзі. Ал кимешекті осы ортаға келгеннен кейін ғана, тек мерекелік іс-шараларда ғана тағып, уақыт өте келе басынан мүлдем шешпейтін болғанын айтады.

«Кимешекті кигеннен кейін өзіңізді-өзіңіз жинақтайды екенсіз. Бұрынғыдай сабырсыздықты тыя бастайсыз, ұстамды болуға тырысасыз. Яғни, кимешек те адамды үнсіз-ақ тәрбиелейтінін ұғындым», – дейді кейіпкеріміз.

Иә, ұлттық киім – сыртқы сән ғана емес, адамның ішкі мәдениетіне де ықпал ететін рухани белгі. Ол кимешекті қазақтың ұлттық болмысымен, әжелердің өнегесімен және ұрпақ сабақтастығымен байланыстырады.

«Қазақтың ұлттық болмысы деген нәрсе біздің кодымызда бар дүние ғой. Көшеде қарсы алдымнан жолыққан бейтаныс адамдардың өзі, әсіресе, жастар, ер-азаматтар жол беріп, қолын кеудесіне қойып құрмет көрсетіп жатады», – дейді Күләш апай шуақты кейіппен.

Ол мұндай құрметті күнделікті өмірде талай рет сезінген. Әсіресе, таксиге мінгенде немесе көшеде кимешекпен жүргенде, кейбір азаматтардың әжелерін еске алып, тебіренетін сәттері Күләш апайдың жадында ерекше сақталған.

«Көлігінің алдындағы айнасынан артқы жақта отырған маған қарап отырып: «Апатай, кимешегіңіз жақсы екен. Мен әжемнің баласы едім, сол кісінің бауырында өсіп едім. Менің әжем де басынан ақ кимешегін тастамайтын», «Апамды сағыныппын, есіме түсірдіңіз», – деп көзі жасаурап қалған талай азаматты көргенмін. Сонда жолда келе жатып: «Мына баланың жүрегі мейірімге толы екен. Сол мейіріммен үйіне барып, жақындарына да жылу сыйлайды емес пе?» деп ойлаған сәттерім аз болмаған, – дейді ол.

Демек, кейіпкердің бұл әңгімесінен ұлттық киімнің тек тарихи жәдігер емес, адамдарды жақындастыратын, жүректе жылы естеліктер оятатын рухани құндылық екені аңғарылады.

Күнделікті өмірде басынан кимешегін тастамайтын Күләш апа бастапқыда сахналық үлгілерді пайдаланса, кейін матаны қазақы үлгіде орауды айна алдына отырып алып өзі үйренді. Бүгінде басқа өңірлерден де әйелдер хабарласып, кимешекті қалай әдемі байлау керегін сұрап жататындары бар дейді күліп кейіпкеріміз.

Сырмақ сыры

Бірлестіктің Бостандық аудандық филиалының мақтанышына айналған жарқын істердің бірі – алматылық әйел-аналар жұмыла отырып, биыл 112 метрлік сырмақ тігіп, үлкен рекорд орнатты.

Күләш Нұрсұлтанқызының айтуынша, бұл жоба идеясының авторы – алматылық көпбалалы ана Жанар Сейітбекова.

«Бұл жай ғана жүн, жіп, матамен сырылған сырмақ емес, 112 метрлік сырмақпен даладай кең пейілді қазақтың мінезін көрсеткіміз келді. Ал түпкі мақсатымыз ұлттық құндылықтың өлмейтінін дәлелдеу болды. Әр өрнек кездейсоқ емес, ұлттық кодымызды сақтауға бағытталған», – дейді Күләш Нұрсұлтанқызы.

Бұл іске бір ғана адамның емес, алматылық көптеген ананың қолы мен жүрек жылуы сіңген. Ұзақ уақыт бойы бас қосып, матаны әзірлеу, өрнектерді үйлестіру, сырмақты тігу оңай болмаған. Жұмысқа төзімділікпен қатар, ұйымшылдық пен ортақ мақсатқа адалдық қажет еді.

Жобаның ауқымы 112 метрлік сырмақпен ғана шектелмеді. Алтын қолды шебер Әділет Байдәулетов жасап шыққан радиусы 20 метрлік алып шаңырақ та ұлттық өнердің мүмкіндігін көрсетті. Сөйтіп Алматыда тойланған биылғы Наурыз мейрамында «Киелі шаңырақ» пен «Төрт мезгілді бейнелейтін сырлы сырмақ» Global Best of Records Азия және Африка елдері бойынша рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат иеленді.

Тігілген сырмақтардың бір бөлігі қаржылай қолдау көрсеткен әкімдікке берілсе, қалғаны сатылымға шығарылып, қазіргі күні этностильдегі дәмханалар мен өнерсүйер қауымның сұранысына ие болуда.

Дәстүрге жол

Бірлестік мүшелері республикалық деңгейде ұйымдастырылған, әулеттің, ағайынның берекесін кіргізетін абысын-ажындардың өзара сыйластығын, ауызбірлік пен ынтымақтығын насихаттайтын –  «Абысын-ажын», жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын – «Сырғалым – сырласым», әдемілік пен мәдениеттілік арқылы үлгі болатын «Сен сұлу» сынды өзге де байқауларға қатысқан.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестік мүшелері жастармен түрлі кездесулер өткізіп, қыздар мен ұлдарға отбасылық өмірдің жауапкершілігін, өзара сыйластықтың қадірін түсіндіруде де белсенді. Күләш Нұрсұлтанқызы әріптестерімен бірге бұған дейін Бостандық ауданындағы 33 мектептің ұжымымен жеке-жеке танысып, оқушылармен бірнеше кездесу өткізген. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да болған.

«Мектеп мұғалімдері бізді жиі шақырады. «Балаларға салт-дәстүр туралы өзіміз айтсақ, олар күнделікті сабақ ретінде қабылдайды. Ал сіздердің өнегелі әңгімелеріңізді жақсы қабылдайды. Дәріс оқып кетсеңіздер екен» деп қолқа салып жатады ұстаздар. Әрине, қуана барамыз», – дейді Күләш апай.

Ұлттың рухани тамырын тереңнен тартқан осындай аналардың еңбегі – болашақ ұрпаққа берілген ең үлкен аманат әрі сарқылмас өнеге.

Күләш Нұрсұлтанқызы отағасы екеуі өнегелі ұл-қыз өсіріп, бес немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Күләш апайдың пікірінше, баланың болашағына салынатын ең маңызды инвестиция – оған берілген тәрбие, білім және отбасының қолдауы. Әсіресе, ата-әженің өнегесі мен немереге бөлінген уақыт баланың мінезі мен дүниетанымының қалыптасуына ықпал етеді.

«Ұл-қыздарымызға отбасын қолдаудың, бір-бірін құрметтеудің маңызын түсіндіруіміз керек. Бала толыққанды отбасында өсіп, әке-шешесінің өнегесін көргені жақсы. Ұлттық тәрбие дегеніміз – тек киім мен дәстүр емес, ол отбасындағы қарым-қатынас, үлкенге құрмет, кішіге ізет, балаға жауапкершілікпен қарау», – дейді кейіпкердің ұстанымынан аңғарылатын негізгі ой.

Міне, Күләш Нұрсұлтанқызының өмір жолы да, қоғамдық қызметі де бір маңызды ойға тоғысады: дәстүрді сақтау үшін оны құрметтеу аз, оны күнделікті өмірде қолдану керек. Кимешекті кию, сырмақ тігу, әжелердің жастармен әңгімелесуі, немеренің білім алуына көмектесу – сырттай қарағанда әртүрлі әрекеттер. Алайда олардың барлығын біріктіретін ортақ өзек бар. Ол – ұлттық болмысты сақтау және келер ұрпаққа аманаттау.

Айта кетсек, Айнұр Жүгінісова жетекшілік ететін «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамында еліміз бойынша 40 мыңнан астам қыз-келіншек, ақ жаулықты ана-әже бар. Бәрінің миссиясы – ұрпаққа, ұлтқа қызмет ету.

Нұржамал ӘЛІШ

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанның 100-ден астам компаниясы Алматыда сауда және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырды

Бүгін 11:29

Балаларды түнде автобусқа отырғызуға тыйым салынады

Бүгін 11:05

Алматыда қоғамдық тамақтану орындарының жазғы террасасы мен алаңын орналастыру тәртібі өзгерді

Бүгін 10:54

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды тағы да жеке мәселесі бойынша қабылдады

Бүгін 10:49

Қазақстан мен Ресей президенттері жасанды интеллектіні енгізуге арналған көрмені тамашалады

Бүгін 10:39
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);