Жаңа монета
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) KIIZ ÚI және SALIÝT-1 коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Nationalbank.kz-ке сілтеме жасап
KIIZ ÚI коллекциялық монеталары туралы:
Номиналдары 5 000 және 500 теңгелік күмістен жасалған KIIZ ÚI монеталары «Дала қазынасы» сериясын жалғастырады. Монеталардың дизайны киіз үй кеңістігінің шексіздігі мен ондағы көшпенділер әлемінің орнын білдіреді.
Киіз үй – көшпелі түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін сақтаған, ұлттық қазына саналатын дәстүрлі қонысы. Ол адам мен дүниенің, күнделікті өмір мен мәдениеттің өзара байланысын бейнелейді.
Монеталардың аверсінде киіз үй мен дала кеңістігінің келтірілген бейнелері аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы орналасқан, жоғары бөлігінде –QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY жазуы, төменгі бөлігінде – Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотипі), монеталардың номиналын білдіретін массасы 1 000 грамдық монетада – «5 000 TEŃGE» және массасы 31,1 грамдық монетада – «500 TEŃGE» деген жазу, сондай-ақ монеталар дайындалған металл, сынамасы мен салмағы туралы мәліметтер бар.
Монеталардың реверсінде киіз үйдің, оның ішкі жабдығының бейнесі мен көшпенді халықтардың этномәдени өмірін айқындайтын тұрмыстық заттар бейнеленген және KIIZ ÚI жазуы бар.
Монеталар:
- интерференциялық құбылмалылық бейнелеу және алтын жалату технологиясын қолдана отырып 925/1000 сынамалы күмістен, массасы – 1 000 грамм, диаметрі – 100 мм, сапасы – «proof», номиналы – 5 000 теңгелік, таралымы – 350 дана;
- интерференциялық құбылмалылық бейнелеу және алтын жалату технологиясын қолдана отырып 925/1000 сынамалы күмістен, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, сапасы – «proof», номиналы – 5 00 теңгелік, таралымы – 5 000 дана.
Бұл монеталар олардың белгіленген құны бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және Қазақстан Республикасының барлық банкінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға жатады.
Монеталар кәдесый орамында шығарылады, олардың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификаты бар.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
SALIÝT-1 коллекциялық монеталары туралы
Номиналы 500 теңгелік тантал бар күмістен, номиналы 200 теңгелік мельхиор қоспасынан және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған SALIÝT-1 коллекциялық монеталары «Ғарыш» сериясын жалғастырады. Монеталар Байқоңыр ғарыш айлағынан басқарылатын әлемдегі алғашқы «Салют-1» орбиталық ғарыш станциясының ұшырылғанына 50 жыл толуына орайластырылған.
Монеталардың сипаттамасы
Монета аверсінің орталық бөлігінде өткен мен бүгіннің байланысы ретінде адам мен Ғаламның бірлігін білдіретін композиция бейнеленген. Монеталардың оң жағында: тантал аралас күмістен жасалған монетада – «500 ТЕҢГЕ», мельхиор қоспасынан жасалған монетада – «200 ТЕҢГЕ», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада – «100 ТЕҢГЕ» номиналын білдіретін жазулары бар.
Тантал бар күмістен жасалған монетадағы номиналдың астында монета жасалған металды, оның сынамасы мен массасын білдіретін «Ag 925 14,6 g Та 26,8 g» деген жазу орналасқан. Төменгі жағында – Қазақстан теңге сарайының логотипі бар. Жиегінде айналдыра мемлекеттік тілде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазумен көмкерілген.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ортасында «Салют – 1» орбиталық ғарыш станциясының бейнесі орналасқан. Айналдыра – монеталардың мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тіліндегі аты, сондай-ақ оқиғаның мерейтойлық датасын білдіретін «1971-2021» жазуы бар. Сол жағында – ғарыштан көрінетін Жер бетінің бейнесі. Төменгі бөлігінде - ағылшын тіліндегі BAIKONUR жазуы бар.
Монеталар:
- массасы 41,4 грамм күмістен және танталдан (сақина – 925 сынамалы күмістен, массасы 14,6 грамм, диск – массасы 26,8 грамм танталдан) дайындалған, диаметрі 38,61 мм, «proof» дайындау сапасымен, номиналы 500 теңгелік, дайындау таралымы – 2500 дана;
- МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, «proof-like» дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, дайындау таралымы – 10 000 дана;
- МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан дайындалған, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, «uncirculated» дайындау сапасымен, номиналы 100 теңгелік, дайындау таралымы – 100 000 дана.
Бұл монеталардың барлығы олардың белгіленген құны бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және Қазақстан Республикасының барлық банктерінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға жатады.
Монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады, олардың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификаты бар.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат ҚҰБ ресми сайтында қосымша хабарланады.