Almaty Polytechnic College-де цифрлық қауіпсіздікке арналған эстафета өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Интернет - бүгінде тек ақпарат көзі ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынастың қуатты құралына айналды. Сондықтан балаларды бұл кеңістікте қауіпсіз, саналы әрі жауапты қолдануға үйрету өте маңызды. Осы мақсатта қолға алынған "Кибер Тұмар" ақпараттық-білім беру науқаны балалардың цифрлық қауіпсіздігін арттырып, ата-аналардың бала тәрбиесінде онлайн ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бастама - бүгінгі заманауи қауіптерге берілетін өзекті әрі қажет жауап.
2025 жылғы 28 мамырда Almaty Polytechnic College базасында "Қазақстан балалары" республикалық акциясы және Алматы қалалық білім басқармасының жоспары аясында "Цифрлық мамандықтар қаласы" атты мазмұнды ойын-эстафета ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты — оқушыларды заманауи цифрлық мамандықтармен таныстыру, интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдарын үйрету және киберқауіпсіздік дағдыларын дамыту.
Шара барысында қатысушылар цифрлық әлемге саяхат жасап, интернет қауіптері мен қорғану ережелерін меңгерді. Тіпті өз киберқаһармандарын бейнелеп, түрлі интеллектуалдық және практикалық тапсырмаларды орындады.
Эстафетаға Алматы қаласы мен Қарасай ауданындағы мектептерден 30-дан астам бала қатысты.
Оқушылар үш командаға бөлініп, виртуалды Киберқаланы шабуылдан қорғауға тырысты. Олар "Киберқалқан", "Интернет гвардиясы" және "Виртуалды сақшылар" деген командаларға топтасты.
Эстафета қорытындысы бойынша «Интернет гвардиясы» командасы жеңімпаз атанып, Киберқаланың киберқаһарманы мәртебесіне ие болды. Арнайы кубок Алматы сервис және технологиялар колледжіне табысталды.
Барлық қатысушыларға "Интернеттің жас қорғаушысы" белгішелері мен естелік сыйлықтар табысталды.
Цифрлық әлем — болашақтың кеңістігі. Ал оны қорғаушылар — білімді, батыл әрі жауапты жас ұрпақ!