Еліміздің үлкен қалаларына тән ортақ бір мәселе– көлік кептелісі.
Соңғы жылдары жүргізуші атаулы бағдаршамға емес, алдағы көліктердің ұзын-сонар легіне қарап көзі талып жүргені даусыз. Тұрғындар саны көбейіп, жеке автокөлік қатары ұлғайған сайын қолданыстағы жолдардың өткізу мүмкіндігіне қойылатын талап жоғарылайды.
Осындай жағдайда кептелісті ол пайда болғаннан кейін ғана реттеу жеткіліксіз. Өйткені жолдағы бірнеше минуттық кідірістің өзі бір көшеден екінші көшеге таралып, ақырында тұтас ауданның қозғалысын баяулатуы мүмкін.
Енді Қазақстанның ірі қалаларында мұндай көріністі тек тіркеп қана қоймай, оны алдын ала болжауға мүмкіндік беретін жүйе енгізілмек. Бұл– жолдағы көлік санын есептейтін кезекті технология ғана емес.
Үкіметтің жоспары бойынша, қалалардағы көлік ағынын нақты уақыт режимінде бақылап, жолдарға түсетін жүктемені алдын ала болжауға және ықтимал кептелістердің алдын алуға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық көлік жүйесі қалыптастырылуы тиіс.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осы мәселеге назар аударып, ірі қалаларда жергілікті кептелістерге әрекет етуден көлік қозғалысын жүйелі басқаруға көшу қажет екенін айтты.
«Үлкен қалаларда жергілікті жол кептелістеріне әрекет етуден көлікті жүйелі басқаруға көшу керек. Бұл азаматтардың мобильдігіне, қауіпсіздігіне және қалалық ортаның сапасына тікелей әсер етеді», – деді Премьер-министр.
Бұл сөздің астарында маңызды өзгеріс жатыр. Яғни енді көлік жүйесінің міндеті «қай жерде кептеліс бар?» деген сұраққа жауап беру ғана емес, «қай жерде кептеліс пайда болуы мүмкін?» деген мәселені де алдын ала анықтау болуы керек.
Жаңа жүйе бірден барлық қалада толық көлемде іске қосылмайды. Алғашқы кезеңде ең көп жүктеме түсетін жол учаскелері анықталады.
Премьер-министр Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, екі ай ішінде ірі қалалардағы көлік қозғалысы ең тығыз учаскелерді белгілеуді тапсырды. Осы жерлерде интеллектуалды көлік ағындарын басқару бойынша пилоттық жобалар іске қосылады. Яғни мамандар алдымен қаланың қай бөлігінде қозғалыс жиі тоқтайтынын, қай жолдарда көлік шамадан тыс жиналатынын және кептелістің қандай себептерден туындайтынын анықтауы керек. Содан кейін нақты жерде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі сынақтан өтеді. Егер белгілі бір шешім өзін тиімді көрсетсе, оны басқа жолдарға және өзге қалаларға енгізу жоспарланып отыр.
Бұл тәсілдің тағы бір ерекшелігі – дайын технологияны жаппай енгізбей тұрып, оның нақты қалалық жағдайда қаншалықты тиімді екенін тексеруге мүмкіндік береді.
• Жолдағы жағдайды жүйе қалай «сезеді»?
Бірыңғай цифрлық көлік жүйесінің негізгі мүмкіндіктерінің бірі – жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылау. Жүйе әртүрлі деректерді талдап, белгілі бір учаскедегі көлік қозғалысының өзгерісін анықтауы қажет. Мысалы, жолдағы көлік саны күрт көбейсе немесе қозғалыс жылдамдығы төмендесе, бұл ақпарат жүйеге түседі. Одан кейін алгоритмдер жағдайдың әрі қарай қалай өзгеруі мүмкін екенін бағалай алады.
Мұндай технологияның басты артықшылығы – уақыт үнемделетіні.
Егер жүйе белгілі бір жолда жүктеме бірнеше минуттан кейін күрт өсетінін алдын ала анықтай алса, тиісті қызметтер жағдайды ертерек реттеуге мүмкіндік алады. Қозғалысты басқа бағытқа бұру, бағдаршамдардың жұмыс тәртібін өзгерту немесе жүргізушілерге балама маршрут ұсыну сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.
Әрине, нақты қандай технологиялар мен басқару алгоритмдері пайдаланылатыны пилоттық жобалардың нәтижесіне байланысты болады.
• Жүргізуші үшін қандай өзгеріс болуымүмкін?
Жүргізуші үшін цифрлық жүйенің тиімділігі ең алдымен жолда сезілуі керек. Егер көлік ағыны дұрыс басқарылса, жүргізуші кептелісте бұрынғыдай ұзақ уақыт тұрып қалмайды. Жолға шығар алдында немесе қозғалыс кезінде қай бағытта көлік көп екенін білу де сапар уақытын тиімді жоспарлауға көмектеседі.
Ал қоғамдық көлік үшін мұндай жүйенің маңызы одан да жоғары. Өйткені автобустар да жалпы көлік ағынының ішінде қозғалады. Жеке көліктердің шамадан тыс көптігі автобус қозғалысын баяулатып, оның кестеден кешігуіне әкеледі. Сондықтан көлік ағындарын басқару тек жүргізушілерге емес, қоғамдық көлікпен жүретін мыңдаған қала тұрғынына да әсер етеді.
• Бір кептеліс – бірнеше мәселе
Көлік кептелісін тек жүргізушілердің уақытын алатын проблема деп қарау дұрыс емес. Жолдағы қозғалыстың баяулауы қала экономикасына да әсер етеді. Адамдар жұмысқа, кездесулерге немесе оқу орындарына кешігеді. Тауар жеткізу уақыты ұзаруы мүмкін. Жедел қызметтердің оқиға орнына жетуі қиындайды. Бұдан бөлек, көлік қозғалысы баяулаған кезде жолдағы автомобильдер ұзақ уақыт қозғалтқышын қосулы ұстайды. Бұл қаланың экологиялық жағдайына да әсер етеді. Сондықтан кептелісті азайту – бір мезетте уақытты үнемдеу, жол қауіпсіздігін арттыру және қалалық ортаның сапасын жақсарту мәселесі.
Үкіметтің жоспары тек жекелеген жолдарды цифрландырумен шектелмейді. Көлік министрлігіне ұлттық деңгейдегі бірыңғай цифрлық көлік жүйесін қалыптастыру тапсырылды.
Мұндай жүйе іске қосылған жағдайда Қазақстанның ірі қалаларындағы көлік қозғалысын басқару тәсілдерін біртіндеп ортақ цифрлық жүйеге біріктіруге мүмкіндік туады.Оның негізгі міндеті – көлік қозғалысын нақты уақыт режимінде басқару, жолдарға түсетін жүктемені болжау және ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтау.
Бұл жерде Астана мен Алматыда қолданылып жатқан Smart City шешімдерінің тәжірибесі де маңызды. Бұған дейін осы қалаларда енгізіліп жатқан тиімді цифрлық шешімдерді Қазақстанның басқа қалаларына да тарату жоспарланғаны хабарланған болатын.
• Мәселені тек алгоритм шешпейді
Жаңа технологияның мүмкіндігі жоғары болғанымен, оны қаланың барлық көлік мәселесін шешетін жалғыз құрал деп қарауға болмайды.
Кептелістің пайда болуына көптеген фактор әсер етеді. Олардың қатарында көлік санының артуы, жолдардың өткізу қабілеті, тұрақ орындарының жетіспеуі, жол жөндеу жұмыстары, жол-көлік оқиғалары және қоғамдық көлік жүйесінің жағдайы бар. Сондықтан цифрлық басқару жүйесі жаңа жолдар салу, қоғамдық көлікті дамыту және қалалық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарымен қатар жүруі керек.
Технология бар жолды тиімді пайдалануға көмектеседі. Бірақ көлік саны мен қала инфрақұрылымының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді жоспарлау да қажет. Ең бастысы – кептелісті көргенде емес, оны күткенде әрекет ету. Қазақстан қалаларында енгізілмек жаңа жүйенің негізгі мәні де осында.
Алдағы екі айда ірі қалалардағы ең жүктемелі учаскелер анықталып, сол жерлерде пилоттық жобалар басталады. Оның нәтижесі қай технологиялардың тиімді екенін көрсетеді. Сәтті шешімдер кейін басқа учаскелерге де енгізілуі мүмкін. Егер жоба жоспарланғандай іске асса, Қазақстанның ірі қалаларындағы көлік қозғалысын басқару жүйесі жаңа кезеңге қадам басады. Жолдағы жағдайды жай ғана бақылап отыратын емес, оның өзгерісін алдын ала есептейтін цифрлық жүйе қалыптасады.
Ал қала тұрғыны үшін мұның ең үлкен пайдасы: жолда аз уақыт тұру, діттеген жерге тезірек жету және қалада жүріп-тұрғанда жүйкеге аз салмақ түсуі. Өйткені ақылды қала дегеніміз – камерасы мен сенсоры көп қала ғана емес. Ақылды қала – өз тұрғындарының уақытын бағалайтын қала.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ