Мемлекеттің қолдауынсыз «қымбат» несиемен базарды жаңғырту қиын
«Бизнесті қорғаудың экожүйесі» жобасы аясында Алматы кәсіпкерлер палатасы әкімдікпен бірлесіп, «Тұлпар», «Тастақ», «Жұлдыз», «Барыс 4» базарлары мен «Кәрім» базарының өкілдері және жалға алушыларымен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Алмалы аудандық филиалының директоры Темірлан Мадиевтың айтуынша, аталған базарларда негізінен азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар сатылады.
«Кәсіпкерлер Дүйсенов көшесінен төмен Розыбакиев көшесі және Төле би көшесінің бойындағы заңсыз сауда мәселесін шешуді сұрайды. Алмалы ауданы әкімі аппаратының қызметкері осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының аумағында сауда ережелері бекітілетіні туралы түсініктеме берді. Құжат қабылдағаннан кейін полиция қызметкерлері стихиялық сауда нысандарына әкімшілік шаралар қолдана алатын болады», – дейді ол.
Кездесу барысында «Тигрохауд» ЖШС-нің бас директоры Жанар Құрабаева әмбебап сауда базарларын жаңғырту мәселесін көтерді.
«Орта және шағын бизнес үшін сауда орындарын сақтау мақсатында біз Ұлттық экономика министрлігіне базарларды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 2000 шаршы метрден астам сауда үйлерінің құрылыс пунктін экономиканың қолдау көрсетілетін субсидияланатын басым салаларының тізіміне енгізу туралы жүгіндік. Біздің дәлелдеріміз тыңдалды және жоғарыда аталған тармақ «ДАМУ» бағдарламасына енгізілді, алайда 2021 жылғы маусымда аталған тармақ жоғарыда көрсетілген тізімнен алынып тасталды, осыған байланысты бізге 18 және одан жоғары пайызбен өте қымбат несиелер ғана қолжетімді», – деді Жанар Құрабаева.
Спикердің айтуынша, мемлекет қолдауынсыз «қымбат» несиемен базарды жаңғыртуды жүргізу кәсіпкерлерге өте қиын.
Нарық өкілдері нарықты жаңғырту мәселесін «Даму» бағдарламасына қолдау көрсетілетін салалар тізіміне енгізуді ұсынып отыр.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер ШОБ-ты қолдау, атап айтқанда, жеңілдікпен несие беру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қайтарымсыз гранттар мәселелеріне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Алматы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері алдағы президенттік сайлау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтық белсенділікті танытуға шақырды.
Келесі кездесу «Береке» базарында өтетін болды.