Әлем пандемия жағдайында өмір сүргелі біршама уақыт өтті. Нақтырақ айтқанда, 2 жылға жуықтап келе жатыр. Бұл жағдай жаһан жұртын басқаша өмір сүруге үйретті. Сервистік қызметтер жағы артты. Яғни жеткізуші болып жұмыс істейтін жастар көбейді. Осыған орай сауалнама жүргізген едік.
Шыңғыс ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, Glovo жеткізушісі:
– Карантин – біздерді мүлде басқа арнаға бұрды. Оның алдында күзетші болып істеп жүрдім. Арасында әр жерде жұмыс жасадым. Бір күні танысымды жолықтырып қалдым. Әңгімелесе келе, қал-жайымды айттым. Ол болса мені Glovo-ға жұмыс істеуге шақырды. Осылайша жеткізу қызметтерінде жүргеніме 1 жылдан асты. Табысы жақсы. Қазір көлік сатып алдым. Алғашында жаяу қатынадым. Одан көп шаршайсың. Бүгіндері тірлігім оңдалды. Менің түсінгенім тынбай тірлік жасай беру керек екен. Сонда іс оңады.
Абзал НҰРАДДИНОВ, «Яндекс» жеткізушісі:
– Осы жұмыспен айналысып жүргеніме ризамын. Таңғы сағат 10:00-ден бастап слот ашылады. Содан бастап түн ортасына дейін жүремін. Ойда бір-ақ нәрсе - уақыт алып, мол тапсырыс қабылдау. Қанша көп тапсырыс аласыз, сонша табасыз. Ең бастысы, ерінбеу керек. Дәл қазіргі уақытта алған тапсырыстарымды мопедпен жеткіземін. Неше түрлі оқиғалар мен тұтынушыларды көресіз. Негізі, оңай іс жоқ. Мен сондықтан сабыр сақтап, күнделікті ісіме тыңғылықты болуға тырысамын.